Жатақхалардың дайындығы пысықталды
Жаңа оқу жылына білім ошақтарының дайындығы мемлекеттің жіті бақылауында. Сонымен қатар, жатақханалардың да жай-күйі назардан тыс қалмайды. Осы орайда, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының төрайымы Әсел Заирова, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Асыл Байтулақов, аудандық мәслихат депутаты Аркен Сейдуллаев, «Жастар Рухы» ЖҚ аудандық филиалының төрайымы Данагүл Нұрсаханқызы аудан аумағында орналасқан колледждердің жатақханаларына мониторинг жүргізді.
Есік қаласындағы Есік гуманитарлық-экономикалық колледж жатақханасы оқу жылында студенттерді қабылдауға сақадай сай. Десе к те, ғимарат ескі, күрделі жөндеуді қажет етеді. 1980 жылдары пайдалануға берілген жатақханада әр бөлмеде ыстық су жоқ. Жуынатын жерде ғана арнайы бойлер орнатылған. Колледж директорының айтуынша, бүгінде білім ордасында 1 378 студент бар, жатақхана 400 адамға арналған. Орын тапшылығы сезілуде.
Ал Қаракемер кәсіптік-техникалық колледжінде жағдай мүлдем басқаша. 400 орындық жатақхананың бір бөлігі бос тұр. Қолданысқа берілгеніне 10 жылға жуық уақыт болған колледж жатақханасына жаңа оқу жылына дейін ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мұндағы негізгі мәселе – ауызсу тапшылығы. Ауылдан тартылған судың қысымы тым төмен, жоғарғы қабаттарға жетпейді. Асыл Байтулақұлының айтуынша, мәселенің жалғыз шешімі – тіршілік нәрін магистарльдық құбырдан тарту керек. Сонымен қатар, колледж аумағында интернет желісі нашар. Осы екі мәселенің түйінін тарқатуға «AMANAT» партия ықпал ететін болады.
Арнайы топ Шелек ауылындағы политехникалық колледждің жатақханасына да бас сұқты. 240 студентке арналған жатақхана күрделі жөндеуден өткен. Былтыр мұнда 91 тәлімгер қоныстанса, биыл 86 баладан өтініш түскен.
Облыстық «Жастар Рухы» жастар қанатының төрайымы Әсел Заированың айтуынша, партия студенттердің сапалы білім алып, жайлы өмір сүруін жіті бақылауда ұстайды. Оқу орындары мен жатақханаларға мониторинг жүргізу жүйелі жалғаса бермек.
С.НҰРАДИН.
