
№15 сайлау округі бойыншаАлматы облыстық мәслихат депутаттығына«ӘDILET» партиясынан кандидатНАДЫРБАЕВ СЕРІК ДҮЙСЕБАЙҰЛЫНЫҢсайлауалды бағдарламасы
ҚАДІРЛІ ЖЕРЛЕСТЕР!
Туған өлкенің өркендеуі – ең алдымен, оның тұрғындарының тұрмысынан, ауылдардың ажарынан, ел ішіндегі ынтымақ пен өзара сенімнен көрінеді. Әрбір азаматтың алаңсыз еңбек етіп, отбасын асырап, балаларының болашағына сеніммен қарауы үшін қолайлы орта қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет.
Есік қаласы мен ауылдық округтеріміздің әрқайсысының өзіндік мүмкіндігі, шешімін күткен мәселелері бар. Бір жерде жол сапасын жақсарту қажет болса, енді бір елді мекенде ауызсу, инженерлік желілер, білім беру мен денсаулық сақтау нысандарының жағдайы маңызды. Осындай мәселелерге бейжай қарамай, олардың шешілуіне жүйелі түрде ықпал ету қажет деп есептеймін. Өйткені елді мекеннің дамуы жекелеген жобалардың санымен емес, сол өзгерістердің халық өміріне әкелген нақты пайдасымен өлшенеді.
Облыстық мәслихат депутаттығына кандидат ретінде өңіріміздің өзекті мәселелерін облыстық деңгейде көтеріп, оларды шешуге қажетті қолдаудың көрсетілуіне күш салуды мақсат етемін. Тұрғындардың ұсыныстары мен талап-тілектерін назарға алып, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс істеуге, қолға алынған жобалардың орындалу барысын бақылауға басымдық беремін. Әрине, барлық мәселені бір мезетте шешу мүмкін емес. Дегенмен нақты басымдықтарды айқындап, әр істің нәтижесіне қол жеткізу үшін табандылықпен жұмыс істеу маңызды.
Менің түсінігімде, депутаттық қызмет – халықтың сенімін иеленумен ғана шектелмейді. Ол – сол сенімге лайық болу, елдің мұң-мұқтажын дер кезінде жеткізу және қабылданған шешімдердің орындалуына бейжай қарамау. Туған жеріміздің ертеңі үшін ортақ жауапкершілікті сезініп, әр бастаманы ел игілігімен байланыстыра білсек, алдымызға қойған мақсаттарға бірлесе жете аламыз.
МЕНІҢ ҰСТАНЫМДАРЫМ
Мен үшін халықпен ашық байланыс орнату, әрбір азаматтың пікіріне құрметпен қарау және ел мүддесін жеке мүддеден жоғары қою маңызды. Әділдік пен жауапкершілікті басты қағида етіп, көтерілген мәселелердің шешілуіне нақты ықпал етуге ұмтыламын. Қай ауылдың тұрғыны болса да, оның өтініші мен ұсынысы назардан тыс қалмауы керек.
Сын-пікірді жұмысты жетілдіруге мүмкіндік беретін маңызды кері байланыс деп білемін. Сондықтан сіздердің ой-пікірлеріңізді, ұсыныстарыңыз бен талап-тілектеріңізді тыңдауға, мәселелеріңізді зерделеп, оларды шешудің жолдарын қарастыруға әрдайым дайынмын. Халықпен тұрақты байланыс орнатып, атқарылған жұмыстың нәтижесі үшін жауап беру – мен ұстанатын басты қағидалардың бірі.
Құрметті сайлаушылар!
Мен Надырбаев Серік Дүйсебайұлы, 1968 жылғы 5 қарашада Еңбекшіқазақ ауданының Алға ауылында дүниеге келдім. Туған жердің тыныс-тіршілігін, ауыл халқының тұрмысын, ел ішіндегі өзекті мәселелерді жақсы білемін. Өйткені туған өлкенің өркендеуі мен тұрғындардың әл-ауқаты – әрбір азамат үшін маңызды құндылық.
Мен үшін елге қызмет ету – құр сөзбен емес, нақты іспен, жауапкершілікпен және табандылықпен өлшенетін ұғым. Адамдардың талап-тілегіне құлақ асып, көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелердің шешілуіне ықпал ету – ортақ мақсатқа бастайтын жол. Әр ауылдың дамуы, тұрғындарға қолайлы жағдайдың жасалуы, жастардың болашағына мүмкіндік ашылуы мен аға буынның еңбегіне құрмет көрсетілуі назардан тыс қалмауы керек.
Алматы облыстық мәслихатының депутаттығына кандидат ретінде менің мақсатым – Есік қаласы мен өзім өкілдік ететін ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ету, тұрғындарды толғандырған мәселелерді облыстық деңгейде көтеріп, олардың шешілуіне атсалысу. Жол, ауызсу, инженерлік инфрақұрылым, білім беру, денсаулық сақтау, спорт пен жастарға арналған мүмкіндіктер – елдің күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды бағыттар. Бұл мәселелер бойынша нақты ұсыныстар айтып қана қоймай, олардың орындалуын бақылауға да мән беру қажет.
Менің сайлауалды бағдарламам тұрғындардың сұранысы мен өңірдің даму қажеттіліктеріне негізделеді. Әрбір ұсыныстың түпкі мақсаты – халықтың өмір сапасын жақсарту, ауылдардың әлеуетін арттыру және туған өлкеміздің болашағына берік негіз қалыптастыру. Сенім білдірілген жағдайда, осы міндеттерді жүзеге асыру жолында ашық жұмыс істеп, ел мүддесін қорғауға күш саламын.
2026-2031 жылдарға арналған нақты міндеттемелер
- Инфрақұрылымды дамыту және инженерлік желілерді жаңғырту
Тұрғындарды сапалы ауызсумен, тұрақты электр қуатымен, жылумен және заманауи инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – елді мекендердің дамуы үшін маңызды міндет.
Осы бағытта:
– Есік қаласындағы кәріз жүйесін жаңғырту мәселесін назарда ұстап, қажетті инфрақұрылымдық жобалардың іске асуына ықпал ету;
– Бөлек, Қарасай, Әймен, Бәйтерек, Қойшыбек және Жаңашар ауылдарындағы су құбыры желілерін салу және қайта жаңарту жұмыстарының сапалы әрі уақтылы жүргізілуіне қолдау көрсету;
– Саймасай ауылындағы электр желілерін салу және қайта жаңарту жобасының іске асуына қажетті жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу мен қаржыландыру мәселесін көтеру;
– Саймасай ауылындағы газблокты-модульдік қазандықтардың құрылысын жүзеге асыруға қажетті жобалық құжаттаманы әзірлеуге және қаржы бөлуге ықпал ету;
– Бәйтерек ауылдық округіндегі ұзындығы 174 шақырым суару желілерін қайта жаңарту және салу мәселесін тиісті органдар алдында көтеру;
– Бәйтерек ауылындағы газблокты-модульдік қазандық құрылысын аяқтауға бағытталған жұмыстарды бақылауда ұстау. - Автомобиль жолдарын жөндеу және көлік қатынасын жақсарту
Ауылдар арасындағы жолдардың сапасы тұрғындардың күнделікті тұрмысына, кәсіпкерлікке, ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік нысандардың қолжетімділігіне тікелей әсер етеді.
Осыған байланысты Бөлек және Әймен ауылдарындағы орташа жөндеуді қажет ететін жолдарды, сондай-ақ «Есік–Саймасай» аудандық маңызы бар автомобиль жолын жөндеу мәселелерін назарда ұстаймын. Сонымен қатар «Бәйтерек–Қойшыбек–Алға» облыстық маңызы бар автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстарының уақтылы әрі сапалы орындалуына ықпал етемін.
Жол жөндеу жобаларын жоспарлау кезінде тұрғындардың өтініштері мен қозғалыс қауіпсіздігі талаптарының ескерілуіне мән беремін. - Білім беру нысандарының жағдайын жақсарту
Балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау және мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту – болашаққа салынған инвестиция.
Бұл бағытта:
– Бөлек ауылындағы М.Горький атындағы мектепті күрделі жөндеу жұмыстарының сапалы жүргізілуіне ықпал ету;
– Қызылжар ауылындағы Жандосов мектебін күрделі жөндеуден өткізу мәселесін бақылауда ұстау;
– Бәйтерек ауылында 1 500 орындық, Қойшыбек ауылында 300 орындық мектеп құрылыстарының жүзеге асуына қолдау көрсету;
– Амангелді ауылындағы Садыр мектебіне күрделі жөндеу жүргізу үшін қажетті жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу мәселесін көтеру;
– Космос ауылындағы Жансүгіров мектебін күрделі жөндеуге қажетті қаржы бөлуге ықпал ету;
– Базаркелді ауылында 180 орындық мектеп құрылысын салу мәселесін тиісті деңгейде қарастыру. - Денсаулық сақтау саласының қолжетімділігін арттыру
Ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімді болуы және алғашқы медициналық-санитариялық көмектің сапасы ерекше маңызға ие.
Осыған орай:
– Әймен ауылындағы дәрігерлік амбулаторияны ағымдағы жөндеуге қажетті жобалық құжаттаманы әзірлеу мәселесін көтеру;
– Саймасай ауылындағы 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияны күрделі жөндеуге қажетті жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу мен қаржыландыруға ықпал ету;
– Қойшыбек ауылында медициналық модульдік блок кешенін орнату мәселесін назарда ұстау;
– Амангелді ауылында медициналық модульдік блок кешенін орнатуға қажетті қаржы қарастыруға ықпал ету;
– Жаңашар ауылдық дәрігерлік амбулаториясын күрделі жөндеуден өткізу мәселесін тиісті органдармен бірлесіп пысықтау;
– Космос ауылында медициналық модульдік блок кешенін орнату мәселесін көтеру. - Спорт пен бұқаралық дене шынықтыруды дамыту
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, ауылдарда спортпен шұғылдануға мүмкіндік жасау және бұқаралық спортты дамыту – салауатты қоғам қалыптастырудың маңызды бөлігі.
Осы бағытта:
– Есік қаласындағы жоғарғы стадионды жөндеу қажеттілігі туындаған жағдайда оның жағдайын назарда ұстап, спорт инфрақұрылымын одан әрі дамытуға ықпал ету;
– Бөлек ауылында шағын футбол алаңын салуға қажетті қаражат бөлу мәселесін көтеру;
Қарасай және Әймен ауылдарында стрит-воркаут алаңдарын орнатуға қолдау көрсету;
– Бәйтерек ауылында спорт кешенінің құрылысын жүзеге асыруға ықпал ету;
– Бәйтерек пен Алға ауылдарында шағын футбол алаңдарын салу мәселесін шешуге атсалысу;
– Алға және Қойшыбек ауылдарында стрит-воркаут алаңдарын орнатуға қажетті қаржы бөлу мәселесін көтеру;
– Ават ауылында шағын футбол алаңы мен стрит-воркаут алаңын салуға қолдау көрсету;
– Саймасай ауылында шағын футбол алаңын салуға, Амангелді ауылында стрит-воркаут орнатуға ықпал ету;
– Қызылжар және Алмалы ауылдарында шағын футбол алаңдарын салу, Алмалы ауылында стрит-воркаут орнату мәселелерін назарда ұстау;
– Жаңашар және Базаркелді ауылдарында стрит-воркаут алаңдарын, Жаңашар және Космос ауылдарында шағын футбол алаңдарын орнату мәселесін көтеру. - Қоғамдық қауіпсіздік пен елді мекендердің жайлылығын қамтамасыз ету
Ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі мен қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру мақсатында:
– Бәйтерек, Саймасай және Жаңашар ауылдарында тұрғын үймен біріктірілген полиция пункттерінің құрылысын жүргізуге қолдау көрсету;
– Бәйтерек ауылындағы көшелерді жарықтандыру жұмыстарының сапалы орындалуына ықпал ету;
– Саймасай ауылындағы Амангелді көшелерін жарықтандыру үшін қажетті жобалық құжаттаманы әзірлеу мәселесін көтеру;
– Бәйтерек ауылындағы Әл-Фараби мектебінің аумағын абаттандыруға қажетті қаржы қарастыруға ықпал ету;
– Саймасай ауылында мал қорымын салу мәселесін назарда ұстау. - Есік қаласы мен өңірдің туристік әлеуетін арттыру
Есік қаласы мен оның айналасындағы табиғи және тарихи-мәдени нысандардың әлеуеті өңір экономикасын дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Сондықтан туризмді дамытуға бағытталған бастамаларды қолдап, туристік нысандарға қолжетімділікті жақсарту, демалыс орындарының инфрақұрылымын дамыту және жергілікті кәсіпкерлердің туристік қызмет көрсету саласына қатысу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін көтеремін. Бұл бағыттағы жобаларды тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе қарастырып, өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етемін. - Ауылдық округтердегі өзекті мәселелердің шешілуін бақылау
Сайлауалды бағдарламада көрсетілген міндеттердің орындалуы тек жоспар құрумен шектелмеуі керек. Әр мәселенің шешілу барысын бақылау, тиісті мекемелермен тұрақты байланыс орнату және тұрғындарға атқарылған жұмыс туралы ақпарат беру маңызды.
Облыстық мәслихат депутаты ретінде өз құзыретім шеңберінде:
– ауылдық округтердегі өзекті мәселелерді облыстық деңгейде көтеруге;
– инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды қаржыландыру мәселесін қарастыруға;
– бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына және жұмыстардың сапасына қоғамдық бақылауды күшейтуге;
– тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тиісті органдарға жеткізіп, олардың қаралу барысын бақылауға;
– шешімін күткен мәселелер бойынша мемлекеттік органдармен және жергілікті атқарушы билікпен бірлесіп жұмыс істеуге күш саламын.
Мен үшін басты міндет – халықтың сенімін ақтау, әр елді мекеннің қажеттілігін ескеріп, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға нақты үлес қосу. Есік қаласы мен Ават, Бөлек, Бәйтерек, Жаңашар, Көктөбе және Саймасай ауылдық округтеріндегі өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал ету жолындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыруға дайынмын.
Үгіт материалды шығарған ұйым: «mezet.kz» желілік басылымы. Меншік иесі «Редакция газеты «Еңбекшіқазақ» ЖШС, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы.
Тапсырыс беруші: С.Д.НАДЫРБАЕВ, Алматы облысының мәслихат депутаттығына кандидат. Материалдар республикалық бюджет есебінен қаржыландырылды.
