+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Маңызды мәселелер  сараланды

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы мен кезекті LX сессиясы өтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды мәселелер қаралды.

Алдымен аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы ұйымдастырылды. Жиынды аудандық мәслихат төрағасы Бекет Ахметов жүргізді. Оған аудандық мәслихат депутаттары қатысып, күн тәртібіндегі мәселелер алдын ала жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, 2025 жылғы аудан бюджетінің атқарылуы, тексеру комиссиясының есебі және алдағы жылдарға арналған бюджетке енгізілетін өзгерістер кеңінен қарастырылды. Комиссия мүшелері ұсынылған есептерді саралап, бірқатар ұсыныстар енгізді. Бұл өз кезегінде сессия барысында қаралатын мәселелердің мазмұнды әрі нақты шешімдермен қабылдануына негіз болды. Баяндамасын оқыған аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Бейбіт Құлжамбайұлына мәслихат депутаттары тарапынан сын-ескертпелер айтылды. Нақтырақ айтсақ, балалар ойнайтын алаңдардың сын көтермейтін сапасы, өзге де абаттандыру нысандарының аз уақытта тозуы туралы мәселе көтеріп, жақсылап қадағалау қажеттігін талап етті.  

Осыдан кейін округ әкімдері, бөлім басшылары және тиісті сала өкілдерінің қатысуымен Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының сегізінші шақырылымдағы кезекті LX сессиясы өтті. Жиынға аудан әкімі Талғат Байеділов, мәслихат депутаттары, округ әкімдері, бөлім басшылары мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Аудан бюджетінің атқарылуы туралы баяндама жасаған Бейбіт Құлжамбайұлы өткен жылдағы қаржылық көрсеткіштерге кеңінен тоқталды.

Сессия барысында 2025 жылғы аудан бюджетінің атқарылуы негізгі назарда болды. Баяндамаға сүйенсек, ауданның жиынтық бюджеті 100,6 пайызға орындалып, жос-пардан тыс қосымша кірістер түскен. Меншікті кірістер көлемі едәуір өсіп, аудан экономикасының даму қарқыны оң бағытта екені байқалды. Сонымен қатар, бюджет шығыстарының басым бөлігі игерілгенімен, кейбір ауылдық округтерде қаражаттың толық игерілмеуі тіркелгені айтылды.

Алматы облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Ардақ Жұмағалиқызы өз есебінде аудан экономикасында оң динамика қалыптасқанын атап өтті. Алматы облысы бойынша тексеру комиссиясының есебінде де ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде өсім бар екені аталды. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инвестиция және құрылыс салаларында оң динамика қалыптасқан. Дегенмен, жекелеген бағыттар бойынша тиімділікті арттыру қажеттігі де назардан тыс қалмады.

Өз кезегінде мәслихаттың экономика, бюджет және қаржы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия мүшесі Сайра Сыдыққызы бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселесіне кеңінен тоқталды.

Сессияда 2026-2028 жылдарға арналған бюджетке өзгерістер енгізу мәселесі де қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Тұрақты комиссия тарапынан бюджет қаражатын тиімді пайдалану, кірістерді арттыру және қаржылық тәртіпті күшейту жөнінде нақты ұсыныстар берілді.

Жиын қорытындысында күн тәртібіндегі барлық мәселелер толық қаралып, шешімдер бірауыздан қабылданды. Аудан басшысы аудан экономикасының тыныс-тіршілігін таныстырып, қабылданған шешімдер өңірдің алдағы дамуына оң серпін беретініне сенім білдірді.

Ринат НАРХАНОВ.