+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Ең төменгі жалақының көлемі артуы мүмкін

Қазақстанда ең төменгі жалақыны қазіргі 85 мың теңгеден екі есеге жуық, яғни  150 мың теңгеге дейін арттыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы үкімет кулуарында ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта халықтың нақты табысын арттыру мәселесі бірнеше бағыт бойынша пысықталып жатыр, соның бірі – ең төменгі жалақы мөлшерін қайта қарау.

– Бірінші кезекте бұл – ең төменгі жалақы мәселесін қарастыру. Иә, мұндай мәселе күн тәртібінде тұр, – деді А.Әмрин.

Ол қазіргі уақытта ЕТЖ 85 мың теңге екенін еске салды. Бұл ретте вице-министр көптеген елде ең төменгі жалақы медианалық жалақының 50 пайызына жететінін атап өтті. «Яғни, алдағы уақытта ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін жеткізу – біздің міндетіміз», – деді ол.

Әмрин нақты мерзімді әлі атаған жоқ. Оның айтуынша, бәрі бюджеттің мүмкіндігіне байланысты болады.

– 150 мың теңге қашан болатынын қазір айта алмаймын. Бұл өте ауқымды әрі күрделі мәселе. Бәрі бюджеттің мүмкіндіктеріне байланысты. Біз биылғы түсімдердің қалай болатынын көреміз. Егер осы динамика сақталса, онда бізде мұны іске асыруға қаржылық мүмкіндік туады, – деп түсіндірді.

Ең төменгі жалақы, ең алдымен, жұмыс берушінің толық жұмыс айы үшін қызметкерлерге төлеуге міндетті ең төменгі шекке әсер етеді. Сонымен қатар ол кейбір салықтарды, әлеуметтік жарналар және мемлекеттік жәрдемақыларды есептеу үшін негіз ретінде қолданылады. Сондай-ақ ЕТЖ-ның өзгеруі көбінесе төлемдер көлемін және жалпы экономикадағы жалақының «төменгі шегін» қайта қарауға түрткі болады.