+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Пицца ма, наурыз көже ме?

Иә, атын атап, түсін түстемей-ақ қояйық, аудан мектептерінің біріндегі 5 сынып оқушыларының алдында осындай таңдау тұрды. «Наурыз мерекесін мектепте наурыз көже мен ұлттық тағамдар жасап, атап өтеміз бе, әлде пиццерияға барамыз ба?» деген сауал тұрды ата-аналар чатында. Сенесіз бе, басым көпшілігі пиццерияны таңдаған… Ұлыстың ұлы күнін… Пиццерияда…

Кейде қоғамның қай бағытта кетіп бара жатқанын үлкен саясаттан емес, осындай ұсақ көрінетін жағдайлардан-ақ аңғаруға болады. Шынын айту керек, бұл жерде таңғалатын ештеңе қалмаған сияқты. Өйткені біз біртіндеп өз құндылықтарымыздан алыстап, жеңіл, дайын, жылтырақ дүниеге үйір болып барамыз. Бірақ дәл Наурыз сияқты ұлттың өзегінде тұрған мерекеде осындай ұсыныстың айтылуы – жай ғана таңдау емес, бұл – сананың өзгергенінің айқын көрінісі. Оған қоса, бұл сауал ұлттық мереке қарсаңында барлық білім ордаларында көтеріледі.

Наурыз – жай ғана мереке емес. Ол – ғасырлардан келе жатқан салттың, дүниетанымның, халықтық философияның жиынтығы. Бұл күні әр үйде наурыз көже қайнап, үлкендер бата беріп, адамдар бір-біріне ізгі тілегін айтады. Бұл – баланың санасына тамырын, тегін, елін сіңіретін ең маңызды сәттердің бірі. Ал біз не істеп жатырмыз? Осындай қасиетті күнді пиццериямен алмастырмақпыз ба? Сонда біздің балалар үшін Нау-рыз бен кез келген демалыс күнінің айырмашылығы қайда қалмақ?

Пицца – күнделікті өмірдің символы. Оны кез келген уақытта жей беруге болады. Ал наурыз көже – жылына бір-ақ рет келетін, мәні мен мағынасы терең тағам. Соның өзін қадірлемесек, онда біз неге үміт артамыз?

Ең өкініштісі – мұндай ұсынысты сырттан біреу айтып отырған жоқ, оны өзіміз, ата-аналар айтып отырмыз. Яғни мәселе балаларда емес, мәселе – үлкендердің өзінде. Біз өзіміз құндылықтың аражігін ажырата алмасақ, оны балаға қалай түсіндіреміз? Ертең ол бала үшін пицца мен наурыз көженің, тіпті Наурыз бен басқа күннің еш айырмасы болмайды.

Бұл – жай ғана «қайда барамыз?» деген сұрақ емес. Бұл – «біз кімбіз?» деген сұрақ. Егер біз ұлттық мейрамды ұлттық мазмұннан айырып, оны тек көңіл көтеру күніне айналдыра бастасақ, онда ертең оның аты ғана қалады, заты жоғалады.

Әңгіме пиццада емес. Әңгіме – таңдауда. Әңгіме – санада. Біз баланы пиццерияға апару арқылы оны қуанттық деп ойлауымыз мүмкін. Бірақ сол сәтте біз оған Наурыздың не екенін үйретпей қалдық. Ал үйретілмеген құндылық ертең ұмытылатыны хақ.

Сондықтан мұндай жағдайда «қалай ыңғайлы?» деп емес, «қалай дұрыс?» деп ойланатын уақыт жетті. Ұлттық құндылықтар үлкен мінберлерде айтылатын сөздермен емес, дәл осындай қарапайым шешімдер арқылы сақталады немесе жоғалады.

Осындай ұсынысты айтпас бұрын біз тарихқа үңіліп қарайықшы. Біз қандай жолдан өттік, бүгін қай жерде тұрмыз? Кезінде халқымыз үшін қасиетті болған Наурыз мейрамы Кеңес үкіметі кезеңі тұсында 62 жыл бойы ресми түрде тойланбай, ұмыт болуға шақ қалды. Бұл – жай ғана мерекенің тоқтауы емес, бұл – халықтың жадын өшіруге бағытталған саясаттың бір көрінісі еді. Қылышынан қан тамған Кеңес үкіметінің қыспағында болса да, аталарымыз бен апаларымыз мерекені үй ішінде ғана атап өтіп, ұрпақ санасына сіңірді. Өйткені олар Наурыз жоғалса – ұлттық рухтың бір бөлігі жоғалатынын жақсы түсінді. Бұл – ұлттың тамырына балта шабумен тең еді.

Ал енді ойланыңыз, Тәуелсіздік алып, өз құндылығымызды қайта жаңғыртып жатқан заманда біз сол аманатқа қиянат жасап отырған жоқпыз ба? Қазақстанның Тәуелсіздік алуы – бабалар армандаған, қаншама күреспен келген ұлы мүмкіндік еді. Сол мүмкіндік бізге ұмыт қалған дәстүрді қайта тірілту үшін берілді емес пе? Бірақ бүгінгі жағдайға қарасақ, кейде сол аманаттың қадірін өзіміз түсінбей отырғандаймыз. Жылына бір рет келетін Нау-рызда балаларға наурыз көже дайындап, оның мәнін түсіндірудің орнына, «пиццерияға апарайық» деген ойдың тууы – барып тұрған бассыздық. Себебі, өзгенің ықпалымен жоғалтуға шақ қалған ұлттық құндылықты енді өз қолымызбен тұншықтыруға көштік. Кеше ғана ата-бабамыз аңсаған, ашық атап өте алмаған мерекені бүгін өзіміз арзандатып жіберсек, жетіскен екенбіз.

Наурыз – тек ас ішіп, көңіл көтеретін күн емес. Бұл – өткенге құрмет, бүгінге шүкір, ертеңге үміт. Бұл – ұлттың өзін-өзі тануы. Ал біз сол күні баланың санасына ұлттық кодты сіңірудің орнына, оны күнделікті тұрмыстың бір көрінісіне айналдырып жіберсек, онда ертең сол бала бұл мерекені қалай қабылдайды?

Ең қауіптісі – сыртқы күш емес, ішкі немқұрайдылық. Кеңес дәуірінде бізге тыйым салынды – амалсыз көндік. Ал бүгін ешкім тыйып тұрған жоқ. Бірақ соған қарамастан, өзіміздің құндылықты өзіміз екінші орынға ысырып отырмыз. Сондықтан мәселе «пицца ма, наурыз көже ме?» деген таңдауда емес. Мәселе – ұлттың болмысында. Егер біз Нау-рызды қадірлемесек, онда біз өткенімізді де, болашағымызды да қадірлемегеніміз. Ал өткенін сыйламаған ұлттың ертеңі бұлыңғыр болары анық.

Сөз соңында. Жоғарыда аталған сауалнамада ұлттық құндылықтар жеңді. 5 сынып оқушылары Ұлыстың ұлы күнін наурыз көжемен, ұлттық тағамдармен атап өтті.

С.Нұрадин.