
Ұлағатты ұстазды еске алу турнирі
Омар Сәрсенбекұлы 1946 жылы Түрген ауылында дүниеге келген. Оның педагогикалық жолы Т.Қабылов атындағы толық емес орта мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болудан басталды. Әкесі мен анасының жолын қуған Омар Сәрсенбекұлы М.Әуезов атындағы білім ордасында 40 жыл бойы орыс тілі мен әдебиеті пәнінен ұстаздық етті. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды, әрі шығармашылық тұлға ретінде де танылып, «Педагог» қабырға газетін шығарды. Каллиграфиялық жазумен ерекшеленіп, мектеп мұражайын ашты, оны безендіру жұмысына үлкен үлес қосты. «Поле чудес», «Брейн-ринг», «Что? Где? Когда?» сияқты танымдық ойын-сауық бағдарламаларының авторы, жүргізушісі болды. Футбол волейбол ойнаумен де етене араласты. Осындай тағы басқа да елеулі еңбегі еленіп, аудан, облыс, білім минстрлігінен көптеген алғыс хаттар, грамоталар, түрлі дәрежедегі медальдармен марапатталған.
Марқұмды еске алып, аудандық мәслихат депутаты Жасұлан Динистанов, Асы ауылдық округінің әкімі Ұлан Сағымбеков, аталған мектептің директоры Эльмира Асылбекова, ауыл ақсақалы Нұрлан Катепов, әріптестері Бекқожа Сағымбек, Орынбасар Төлепов, Ботагөз Иманқұлова және достары сөз сөйледі. Мектеп оқушылыры шағын концерттік бағдарлама ұсынды көпшілік назарына.
Мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Азамат Абжанның ұйымдастыруымен өткен жарысқа округтен алты команда қатысып, тартысты ойын өз мәресіне жетті. Атап айтқанда, И.Саттаров атындағы орта мектеп командасы І орынды иеленді. Т.Қабылов атындағы орта мектеп командасы ІІ орынды қанжығалап, ІІІ орын М.Әуезов атындағы мектеп командасына бұйырды. Дара шыққан командаларға арнайы кубоктар мен алтын, күміс, қола медальдар табыс етілді. Жүлделі орынға жете алмаған командалар алғыс хатпен марапатталды.

Саналы ғұмырын өшпес өнегемен өрнектеген ұстаздың есімі ел есінде қаларына күмән жоқ. Өз жұмысына асқан адалдықпен қарауы, кез-келген қиындықтан жол таба білуі, ұжымды ұйымдастыру мен оқушыларды тәрбиелеу тәсілі – жас мамандарға үлкен үлгі. Ал, сапалы білім мен қызметті өмірлік ұстанымына айналдырған, Омар Мұқаевтай дара тұлғаларды еске алып, еңбегін ұлықтау – ортақ борыш.
Анарбек
МӨКІШҰЛЫ.
