
Қайраткерге ҚҰРМЕТ
Қазақтың мәдениеті мен мәдени мұрасын сақтауға зор үлес қосқан тұлғалардың бірі – мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков. Ол Кеңестік кезеңнің өзінде ұлттық құндылықтарды қорғап, қазақ руханиятын жаңғырту жолында табанды еңбек еткен қайраткер. Ө.Жәнібековтің азаматтығы, қазақ қоғамына сіңірген еңбегі талай ақын-жазушылардың қаламына арқау болды. Қазақтың біртуар азаматы туралы «Өзбекәлі» спектаклін жазған асысағалық жерлесіміз Қайрат Кенжебекұлы да «Өзбекәлі және мәдени майдан» атты кітапты оқыған соң, қызығушылық танытқан екен.
Қайрат Тәжақын 1993 жылы Асысаға ауылында дүниеге келіп, 2011 жылы Төлен Қабылов атындағы орта мектепті бітіріп, Алматы Технологиялық Университетнін тамамдап, 2021 жылдан бастап дәрумендер сатумен айналысып, кейін театр саласы бойынша кәсібін жалғастырып келеді. Жас кәсіпкер Қайраттың қарымды қайраткер Өзбекәлі Жәнібеков туралы спектаклін жазуға не түрткі болды?

– Мен 2025 жылдың наурыз айында кәсіпкерлер арасында өткен бір жиында қолыма «Өзбекәлі және мәдени майдан» атты кітап түсті. Бұл кітап менің өміріме үлкен өзгеріс әкелді. Қызығушылығым артып, 2-3 күннің ішінде кітапты оқып шығып, алғаш рет Өзбекәлі Жәнібековтің тұлғасымен таныстым. Оның ел мен жер үшін атқарған еңбегін оқыған сайын, бойымды бір ерекше сезім биледі. Бұл тек қызығушылық емес, ішкі жауапкершілік болды. Сол сезім мені Түркістан қаласына жетеледі. Алдымен Арыстанбаб кесенесіне, одан кейін Өзбекәлі атамыздың басына барып, құран бағыштап, зиярат еттім. Сол жерде мені қатты ойландырған бір жайт болды. Арыстанбабқа келіп жатқан қаншама адам бар. Бірақ дәл жанында жатқан Өзбекәлі ағамызға арнайы барып, зиярат етіп жатқан адамды көрмедім. Бұл – адамдардың кінәсі емес. Өзбекәліні толық танымайды, білмейді. Сол сәтте менің ойымда бір сұрақ туды: «Қалайша мен бұл тұлғаны халыққа таныта аламын?» деген. Алғашында кино түсіру ойым болды. Осы мақсатпен мықты сценарист Жандос Құсайыновпен жолығып, идеяммен бөлістім. Алайда киноның қаржылық шығындарын есептей келе, бұл жобаны жүзеге асыруға дәл қазір мүмкіндігім жетпейтінін түсіндім. «Егер кино болмаса, театр сахнасында сөйлетемін!» деген нақты шешім қабылдадым. Осылайша «Өзбекәлі» спектаклінің тарихы басталды. Жандос Құсайынов пьеса жазуды бастады. Пьеса дайын болған сәтте мен ерекше әсер алдым. Автордың ойының тереңдігі мен ұшқырлығына тәнті болдым. Бұл мені одан әрі жігерлендірді. Кейін режиссер табылып, кастинг жарияланып, актерлік құрам жасақталып, дайындық басталды. Бір тәуекелге барып, Қазақстан бойынша гастрольдік сапарды жоспарладық. Алғашқы барған қалаларда қиындықтар болды. Талдықорған, Семей, Өскемен қалаларында көрермен жинау оңай болмады. Оған бірнеше себептер әсер етті: жарнаманың аздығы, бұл саладағы тәжірибенің жоқтығы, халықтың Өзбекәлі Жәнібековті толық танымауы, менің өнер саласында қатысымның болмауы, – деген кәсіпкер кейін халықтың алғысына бөленгенін айтты.
– Қойылымнан кейін көрермендерден хаттар легі тоқтамады. Елге қызмет етемін деп жігерленген мен үшін азаматтардың сөздері ең үлкен марапат болды. Сол хаттар маған үлкен күш берді. Ары қарай қалған қалалардың басым бөлігіндегі қойылым аншлагпен өтті. Көрермендер қойылымнан кейін ұзақ уақыт тік тұрып, қол соқты. Бұл – менің еңбегім мен ниетімнің текке кетпегенінің дәлелі еді. Гастроль барысында мыңдаған көрермен рухани сусындады. Ал сапардан кейін келген хаттар легі әлі күнге дейін тоқтаған жоқ. Әсіресе жастардың жалынды сөздері мені ерекше шабыттандырды. 2026 жылы Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдық мерейтойына орай, біз жаңа форматты гастрольдік сапарды бастадық. Бүгінде менің мақсатым тек бір спектакльмен шектелмейді. Тарих қойнауында қалып бара жатқан, елге толық танылмай жүрген тұлғаларды халыққа таныту – менің өмірлік миссияма айналды. Осы мақсатта біз «Талант театры» атты шығармашылық ұжым құрдық. Алдағы уақытта да халықтың алғысына бөленетін, рух беретін жобаларды жүзеге асыра береміз. Барша қолдау білдіріп жатқан жандарға шексіз алғысымды білдіремін! Ең бастысы маған тәлім-тәрбие берген ата-анама, ұстаздарыма алғысымды айтамын – деді Қайрат Кенжебекұлы.
Ол осы алғашқы қойылым – «Өзбекәлі» спектаклінің тұсаукесерін өзі туып-өскен Асысаға ауылында кестіріп, ақсақалдардың батасын алып, ұстаздары мен тұрғындардың ыстық ықыласына бөленді. Қайраткердің ғұмырындағы қиыншылығы мен қуанышты сәттерінде көрермендердің көздеріне еріксіз жас келіп, жылап та, жетістіктеріне қуанып та, өз әсерлерін айтып, жерлесіне риза болып, актерлік ұжымға алғыстарын жаудырды. Жалғыз бұл емес, Қазақстанның барлық қалаларындағы қойылымдарды халық өте жылы қабылдап, жүрекжарды тілектерін жеткізді.
Өзбекәлі Жәнібеков 1931 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында дүниеге келген. Оның балалық шағы ауыр өтті, әкесінен, көп ұзамай анасынан айырылды. Соған қарамай білімге ұмтылды, Абай атындағы қазақ педагогикалық институтында күндіз оқи жүріп, кешке ауыр жұмыстар істеп,өз еңбегімен білім алды. Еңбек жолын бұрынғы Шымкент облысының Келес ауданында мектеп мұғалімінен бастап, оқу ісінің меңгерушісі, осы ауданның комсомол комитетінің бірінші хатшысы, осы облыстың комсомол комитетінің хатшысы, Қазақстан ЛКЖО ОК-нің бірінші, Қазақстан компартиясы Торғай облысы комитетінің хатшысы, Қазақстан Компартися ОК-нің шет елдермен байланыс бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан мәдениет минстрінің орынбасары және министрі, Қазақстан компартиясы ОК-нің хатшысы қызметтерін атқарды.
Өзекең қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін насихаттауға ерекше көңіл бөлді. Кеңестік идеология үстем тұрған кезеңнің өзінде халықтың рухани мұрасын сақтауға батыл қадамдар жасады. Ұлттық тарихты зерттеуге, халықтың рухани мұрасын сақтауға мол үлес қосты. Жастардың білім алып, ғылым мен мәдениетке бет бұруына жағдай жасауға күш салды. Замандастары оның турашылдығын, қарапайымдылығын және елге деген жанашырлығын ерекше атайды. Мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков: «Өзбекәлі Жәнібеков қазақ мәдениеті мен руханиятын қорғауда қайыспай еңбек еткен ірі тұлғалардың бірі» десе, Әбіш Кекілбаев: «Ұлттық мәдениетіміздің қайтадан қалпына келтірілуіне, тәуелсіз даму жолына түсуіне де Өзағаңның сіңірген еңбегі ерекше» деп бағалады. Шерхан Мұртаза болса: «Өзбекәлі Жәнібековтің халқына сіңірген ерекше еңбегін тізбелеп шығу үшін ғана үлкен кітап жазу керек. Ол – киелі адам» десе, Серікболсын Әбділдин: «Өзбекәлі Жәнібеков – жағымпаздығы жоқ адам» деп адами қасиетін жоғары бағалаған.
Ол айтыс өнерінің қайта көгеруіне қызмет етті. ХХ ғасырдың 70-жылдарының өзінде-ақ Отырардағы Арыстанбаб және Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қалпына келтірілуіне ұйытқы болды. Тайқазанды Санкт-Петербургтің Эрмитаж музейіндегі көрмеден елге оралуына, кесенедегі орнына орнықтыруда тарихшы-этнографтың сіңірген еңбегі зор. Сондай-ақ ол Бетбақдаланы игеруге, Шардара су қоймасын салуға, Арыс-Түркістан каналын қазуға ұйытқы болды. Сонымен қатар ол «Қазақ ұлтының қолөнерінің мәдениеті», «Эхо…», «Жаңғырық», «Уақыт керуені», «Жолайырықта», «Қазақ киімі», «Ежелгі Отырар», «Тағдыр тағылымы» атты еңбектерін жарыққа шығарды.
1970 жылдары Торғай облысы жаңадан құрылып, ол Қазақстан КП Торғай облыстық комитетінің хатшысы болып қызмет атқарып жүргенде, Арқалықтағы мәдениет үйінің қабырғаларын өз қолымен әктеп, бояп-сырлағаны бұл кісінің «Ұлық болсаң, кішік бол!» деген қарапайым болмысымен нағыз тұлға болғанын аңғарасыз. Шошаланың эскизін өз қолымен айнытпай жасап, Сырдариядан жүзген ағаш қайықтың үлгісін де қалпына келтірген. Алаш зиялыларын жаладан ақтап, өмірге қайта оралуына белсене атсалысты. Наурыз мейрамының жаңаруына да зор үлес қосты. Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасасты. Ө.Жәнібековтің бастамасымен еліміздің бірнеше қалаларында этнографиялық мұражайлар ашылды. Қазақстан тарихы мен мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру мақсатын көздеген «Арқас» қоғамын құрды. «Шертер», «Адырна», «Алтынай» тағы басқа фольклорлық өнер ансамбльдерін ұйымдастырды. Басқа да жұмыстары жетерлік.
Өзекең қызметте өте талапшыл болды. Руға бөлінуді жақтырмады. Халық арасында беделі жоғары болды. Осындай еліне қыруар еңбек сіңірген Өзағаң 67 жасына қараған шағында дүниеден өтті. Міне, осындай киелі кісі, қайтпас тұлға жайлы Қайрат бауырымыз спектакль жаздыртып, оның бар шығынын өзі көтеріп, қайраткердің еңбегін ел арасында насихаттап жүрген азамат. Оның алдағы мақсаты әлі асқақ. Біз де жерлесімізге талмас қанат тілейміз!
Анарбек БЕРДІБАЕВ.
