
Дәстүрлі кездесу
Жыл сайын сәуір айының ортасында Шелек ауылындағы білім ордасының қара шаңырағы атанған Абай атындағы қазақ орта мектебі өз түлектеріне есігін айқара ашады. Түлектердің кездесулері күнтізбедегі жай ғана күн емес, бұл – қуанышты кездесулер, мектепке деген сағыныш, балалық шақтағы естеліктер.
Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев:
«Мектебің, мынау – класың,
Осында он жыл тұрасың.
Тарыдай болып кіресің,
Таудай болып шығасың!» деп жырлағандай, осы мектептің 1990-2022 жылғы түлектері осымен биыл 15-ші рет кездесіп, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып келеді. Дәстүрге айналған кездесудің мақсаты – алтын ұя мен ұлағатты ұстаздарға құрмет көрсету, саламатты өмір салтын насихаттау, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты жалғау, азды-көпті ұшқан ұяның жаңғырып тұруына қол ұшын созу.
Таңғы 9-дан бастап, мектептің әр жылғы түлектері екі топқа бөлініп, жас ерекшеліктеріне қарай, 40 жастан асқан 12, 40 жастан төменгі 12 команда үлкен топ және кіші топ болып, «Түлектер кубогы» атты шағын футболдан жарыс жалауын желбіретті. Нәтижесінде үлкен топтан 2001 жылғы түлектер, ал кіші топтан 2016 жылғы түлектер І орынды иеленіп, ауыспалы кубок иегері атанды. «Шебер шабуылшы», «Үздік қақпашы», «Берік қорғаушы» номинациялары бойынша сыйлық кәделер салтанатты түрде табыс етілді.
Түс кезінде салтанатты жиын болып, сынып-сынып бойынша түлектер алаңнан сап түзеп өтті. Сөйтіп түлектер саламатты өмір салтын қолдау арқылы сапалы ұрпақ тәрбиелеуде кейінгі жастарға үлгі бола білді. Спорт – тек жарыс емес, бұл – достық пен мектеп қабырғасындағы жылы естеліктердің кездесуі, дене шынықтыруды өркендету арқылы биік белестерге жетуге талпыныс. Бұл – жарыс, ұрпақтар сабақтастығының дәнекері.
Салтанатты жиын «Шашу» би тобының «Көктем» биімен көрермендердің көңілін көтеруден басталды. Одан кейін, мектеп директоры Мүслима Мұхаметжанова, округтің ақсақалдар алқасының төрағасы Әбілбек Айтақынов, ардагер ұстаз Ардақ Қырықбай, түлектер қауымдастығының аға буыны, бас төреші Амангелді Оспанов, 1995 жылғы мектеп түлегі, қоғам белсендісі Маржан Мұратқызы сөз сөйлеп, игі тілектерін жеткізді.
Түлектер кездесуімен қатар келген ескерткіштерді қорғау күнін де естен шығармай, ардагер ұстаздар мен қонақтар Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Мектепке киіз үй сыйлауымен қатар, шырша көшеттерін отырғызды.
Дәстүрлі кездесуді жалғастыру салтымен 1992 жылғы түлектер, 1993 жылғы өкше басар түлектерге эстафеталық символды табыс етті. Кездесу соңы асқақтаған ән, күмбірлеген күй мен мың бұралған би тамашаланып, ақ дастархан басында жақсы тілектер айтылып, түлектер қуанышты көңіл күймен тарасты.
Бетті дайындаған
Анарбек МӨКІШҰЛЫ.
