+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Ғасырлық ғұмыр кеші

Ғасыр бойы сан мың шәкірттің білім мен тәрбие ордасына айналған Асысаға ауылындағы Кеңес Одағының Батыры Төлен Қабылов атындағы қазақ орта мектебінің ұжымы, бүкіл ауыл болып жүз жылдық торқалы тойын зор қуанышпен атап өтті.

Мектеп тарихы – білім мен парасаттың шамын жаққан, саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай еңбек еткен мұғалімдердің өткен және келешектегі өмірлерінің қалдырған іздерімен жазылады. Мектептің қазіргі директоры Шара Саткужаева: «100 жылдық тарих – бұл өткеннің тағылымын сақтай отырып, болашаққа сеніммен қадам басудың айғағы. Алдағы уақытта да Төлен Қабылов атындағы орта мектебі білім мен тәрбиенің шамшырағы болып, ел келешегі үшін қызмет ететін саналы ұрпақ тәрбиелейтін заманауи білім ордасы болып жалғасын таба береді», – деп өз ойын білдірді.

Кеңес үкіметі сауатсыздықпен күрес жолында орасан зор жұмыс жүргізді. Қазақстанда да сауатсыздықты жою мақсатында халыққа білім беру жұмыстары жаппай ұйымдастырылып, әр елді мекендерде сауат ашу пунктері, «Қызыл отаулар», алғашқы мектептер ашыла бастады. Асысаға ауылында да 1926 жылы алғашқы төрт сыныптық үй салынып, қоғамдық сауат ашу жұмыстары жүргізілді. Ол кездегі ауылдық кеңес төрағасы Мұқан Әбішев бас болып, оны ұйымдастыруға біршама ауыл белсенділері атсалысты. Мектептің алғашқы меңгерушісі Сағатжан Жауыншиев, одан кейін Сағижан Сарманов, Асқар Құсайынов, Әлімбай Әміртаев, Уәли Ағыбаев сияқты ұстаздар білім берді.

1930-1937 жылдар аралығында Уәли Ағыбаев, 1939 жылы Рақым Өмірғалиев директор болды. У.Ағыбаевтың шәкірті Құсайын Бижанов Шелек  аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне дейін көтерілді.

1940 жылы бастауыш мектептен Асысаға жетіжылдық мектепке айналды. Оған екі жыл Қашаған Бөлеков директор болды. Одан кейін Серғожа Жолдасбеков, Ғабит Сарыбаев, Құсайын Бижанов, Жұмақан Әміров, Сұлтан Құмашев, Қожа Бижанов мектеп басшысы болып еңбек етті.

1960 жылы Ассысаға сегіз жылдық мектеп болып ашылып, Білім ұясына жерлес әрі Кеңес Одағының Батыры Төлен Қабыловтың есімі беріліп, Бекжан Мұстафин басшылық жасады. 1970 жылы Әділ Кенжебеков зейнетке шыққанға дейін директорлық қызметті абыроймен атқарып, «КСРО халық ағарту ісінің үздігі» атанды.

1976 жылы типтік үлгідегі жаңа мектеп пайдалануға беріліп, 300-дей оқушы білім алып, оларға 30-дай мұғалім сабақ берді. 1988-1994 жылдары Серікжан Бокиев, одан кейін Ысқақ Салманов 2007-2013 жылдары Төлеухан Орынбасарова басшылық жасады.

Төлен Қабылов атындағы мектептің ғасырлық торқалы тойы ауылдың мәдениет үйінде өтіп, мектеп жанынан құрылған «Асыл әжелер» ансамблінің «Туған жер» әнімен мерекелік кештің шымылдығы түрілді. Әсем ән мен ұлттық дәстүрге сай шашу шашылды.

Одан әрі шара мектеп тарихынан сыр шертетін сахналық көрініске ұласты. Ауылдың алғашқы мектеп ашылу, қазақ балаларын оқуға тарту сәттерінен, және мектепке жерлес батыр Төлен Қабылов есімінің берілуі, сол уақыттағы пионер ұйымының тыныс-тіршілігі және бүгінгі күнгі мектеп өмірі әсерлі түрде бейнеленді. Бұл сахналық қойылымдарды мектеп жанынан қазақ тілі пәні мұғалімдерінің ұйымдастыруымен ашылған жаңа театр мүшелері – оқушылар шебер ойнап, қошеметке бөленді.

Сонымен бірге, шара барысында тағы бір маңызды сәт – мектеп тарихы мен      ұстаздар және түлектер жазған естеліктерге толы «Білім ордасының ғасырлық белесі» атты кітаптың тұсаукесері өтті. 100 жылдыққа арналып шығарылған кітапты қазіргі мектеп директоры Шара Саткужаева мен ауыл кітапханасының кітапханашысына салтанатты түрде табыс етті.

Аталған кітап – жай ғана басылым емес, тұтас бір дәуірдің шежіресі. Онда мектептің бай тарихы сақталып, келешек ұрпаққа үлгі боларлық құнды деректер қамтылған. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын бұл еңбек – білім ордасының қалыптасу кезеңдері, жетістіктері, ұстаздар мен шәкірттердің жүрекжарды естеліктері жинақталған.

Сахна төріне көтерілген Асы ауылдық округінің әкімі Ұлан Сағымбеков, бұрынғы директорлар Серік Бокиев пен Ысқақ Салманов сөз сөйлеп, өткенді еске алып, келешекке табыс тілеп, жылы лебіздерін арнады. Алғаш ашылған бастауыш мектептің жетекшісі болған Сағатжан Жауыншиевтің ұрпақтары, Т.Қабыловтың туыстары кешке арнайы шақырылыпты.

Мерекелік кешті мектептің түлегі, «Алтын домбыра» иегері, айтыскер ақын Бердіхан Қазірет пен Сезімхан Шұғайыптың айтысы тамашаланды. Тағы бір түлек – М. Әуезов атындағы драма театрының актері Бахар Байсұлтанованың әуелетіп шырқаған әсем әніне көңілдері толып, көрермендер қошемет көрсетті. Қонақтардың иығына шапан жауып, сый-сияпаттар жасалды.

Шара аясында мектеп түлектері Айнұр Сейтекова мен Жомарт Шубековтың демеушілігімен ұйымдастырылған ерекше сый-құрмет те көпшілікке ұсынылды. Атап айтқанда, мектептің ардагер ұстаздарына «Құрметті ұстаз» медалі табысталып, бұл игі бастама олардың көп жылғы еңбектеріне көрсетілген зор құрметтің белгісіне айналды. Мұндай ілтипат ардагер ұстаздардың көңілдерін көтеріп, кеш мазмұнын байыта түсті.

Ауған-Тәжік соғысының ардагерлері Қуаныш Жумадилов пен Едіге Артықбаев мектепке компьютер принтерімен сыйға тару етті. Мектептің 1973 жылғы түлектері мектеп кітапханасына 100 кітап тарту етсе, мұғалімдер өздері өсірген 100 гүлді қонақтарға сыйлады. Оқушылар арасында футболдан жарыс ұйымдастырылды.

Кештің қорытынды бөлігінде мектептің жас ұстаздары мен қызметкерлері, оқушылары әуелете ән шырқап, мерекелік қуанышқа бөледі. Мерейтойлық шара ақ дастарханның басында берілген ақжарма асқа ұласты.

Бұл мереке – тек бір мектептің ғана емес, тұтас бір ауылдың рухани жаңғыруының, ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі болды.