
Ақын өтті өмірден, Батыр өтті…
Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, адуынды ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов өмірден озды.
Сездіруге батпадым да,
Бала махаббатымды.
Терезенің жақтауына,
Ойып жаздым атыңды, – деп он төрт жасында жазған «Гүлдәурен» әнінен бастап қоғамды тебіренткен өткір де өжет жырларымен Эверестей биік шыңға шыққан, әлемдік деңгейдегі классик жазушы Шыңғыс Айтматовпен иықтаса планеталық, ғаламшарлық тақырыптарға қалам тербеген, ұлтымыздың намысын қорғап, Желтоқсан өрендерінің жақтаушысы, ақтаушысы болған Мұхтар Шаханов өмірден өтті.
Әлемнің екінші Аристотелі ұлы ғалым әл-Фарабиге арнаған «Арман» атты жырында
Кеңге жайды ол қанатын,
Әбуіміз – әрі ғалым, әрі ақын.
Әбуіміз – біздің ұлы бабамыз,
Әбу-Нәсір әл-Фараби болатын.
МӘҢГІ ЛАУЛАП ЖАНУ ҮШІН ҒАЛАМДА,
ҮЛКЕН БАҚЫТ ТАБУ ҮШІН ҒАЛАМДА.
ҮЛКЕН БОЛЫП ҚАЛУ ҮШІН ҒАЛАМДА,
ҮЛКЕН АРМАН КЕРЕК ЕКЕН АДАМҒА, – деген ұлы мақсатты жолдармен аяқтаған Мұхтар Шаханов алдына қойған үлкен арманының биік шыңына шығып, алып болып аттанды мәңгілік сапарына. Саламат болсын иманың, торқа болсын топырағың, қазақ деген халықтың ұлы ақыны, жазушысы Мұхтар Шаханов…
***
Көкірегімде төрт сәуле бар төрт бақыттан тұратын,
Төртеу – менің мұратым.
Төртеуінен алма-кезек нұр алам.
Біріншісі – туған елім – ұлы анам.
Екіншісі – ғазиз анам, саулығымды сұраған.
Үшіншісі – намыс үшін беріспеген күндерім,
Жанған отты өшіруге келіспеген күндерім,
Жақсылыққа жақсылықпен өріс берген күндерім,
Тағдырымның жанарынан жеңіс көрген күндерім.
Сүрінгенді сүйеймін деп құлап қалған кездерім,
Өзім жылап, жан досымды жылатпаған кездерім.
Бәрі-бәрісі, жомарттығым, адалдығым сондағы
Кеудеме кеп жиналды да, бақыт болып орнады.
Төртінші ме?
Төртіншісі сәл тайқыса болар мұң,
Маған деген адалдығы ол, мені сүйген адамның.
