
Ұлттық құндылықтар – бірлік негізі
Жуырда Ават ауылындағы «Арзу» мейрамханасында «Ұлттық құндылықтар – бірлік негізі» атты ұйғыр мәдениеті фестивалі аясында «Көк чөшүрә» мерекесі кең көлемде аталып өтті. Тағылымы терең, мазмұны бай шара этностар арасындағы татулық пен келісімді дәріптеп, көпшіліктің көңілінен шықты.
Мерекелік кеш «Қазақстан» әнімен басталып, елге деген сүйіспеншілік пен құрмет айрықша сезілді. Жүргізушілер көпұлтты еліміздегі бірлік пен ынтымақтың маңызын атап өтіп, жиналған қауымды мерекемен құттықтады. Расында да, бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілдерінің мәдениеті мен дәстүрін сақтау – Қазақстан қоғамының басты құндылықтарының бірі.
Фестиваль аясында ұлттық тағамдар көрмесі ұйымдастырылып, әр ауылдан келген тұрғындар өздерінің дастархан мәзірін көпшілік назарына ұсынды. Қонақжай ұйғыр халқының кеңпейілдігі мен дархандығы көрме барысында айқын сезілді. «Уйғур дегән мошундақ» әнінің әуенімен сахнаға шыққан қатысушылар ұлттық тағамдар салынған табақтарын көтеріп, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
«Көк чөшүрә», яғни, «Жасыл тұшпара» мерекесі – ұйғырлардың табиғаттың оянуын және жаңаруын, оның шексіз сыйы үшін ризашылықты білдіретін ежелден келе жатқан дәстүрлі мейрамы. Бұл күн – тек тағам әзірлеу ғана емес, адамдар арасындағы сыйластықты, ризашылықты, бірлікті нығайтатын ерекше мереке.
Іс-шараға «Қазақстандық ұйғырларының республикалық этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ҚХА мүшесі Долқунтай Алиев, облыстық қоғамдық келісім және даму орталығы басшысының орынбасары Айымжан Танибергенова қатысып, мұндай шаралардың қоғамдағы тұрақтылық пен өзара түсіністікті нығайтудағы рөлін ерекше атап өтті.
– Бұл мереке – ата-бабадан аманат болып жеткен, табиғаттың жаңаруын, тіршіліктің жандануын білдіретін, терең мағынаға ие ерекше іс-шара. Осындай мерекелер арқылы біз өз тамырымызды танып, рухани байлығымызды ұрпақ санасына сіңіреміз. Бүгінгі фестиваль – бір ғана ұйғыр халқының емес, барша қазақстандықтардың ортақ қуанышы деп білемін. Себебі, біздің елімізде әр этнос өз мәдениетін, тілін, дәстүрін сақтап, дамытуға толық мүмкіндік алған. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әрдайым ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтудың маңыздылығын атап келеді. Бұл бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып отырған рөлі ерекше. Осындай ұйымдардың арқасында елімізде татулық пен өзара құрмет салтанат құрып отыр. Біз үшін ең қымбат құндылық – бейбітшілік, бірлік және тұрақтылық. Бірлігі бекем елдің ғана болашағы баянды болады. Сондықтан да, ұлтқа, тілге, дінге бөлінбей, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүру – бәрімізге ортақ міндет. Осындай игі шараларды ұйымдастырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген азаматтарға алғысымды білдіремін. Бұл – келер ұрпаққа қалдырар баға жетпес рухани мұра, – деді Долқунтай Алиев.
Облыстық қоғамдық келісім және даму орталығы басшысының орынбасары Айымжан Танибергенова жиылған көпшілікті мерекемен құттықтап, ұйғыр этномәдени бірлестік мүшелерін марапаттап, мәдениетті дамытуға үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетті.
Кештің көрігін қыздырған – өнер. Әсем әндер шырқалып, ұлттық билер орындалды. «Дильназ» би ансамблінің өнері, жеке орындаушылардың әндері көрерменді тәнті етті. Әсіресе, «Анашым», «Бір гүл» секілді жүрекке жақын әндер көпшіліктің көңілін толқытты.
Сондай-ақ, Жаңашар ауылының ханым-қыздары сахналаған «Баланы қырқынан шығару» дәстүрі көрерменге ерекше әсер қалдырды. Ұлттық тәрбиенің мәйегі саналатын бұл көрініс арқылы ұрпақ сабақтастығы мен отбасы құндылықтарының маңызы кеңінен насихатталды.
Фестиваль тек концерттік бағдарламамен шектелмей, ұлттық спорттық ойындармен де жалғасын тапты. Қатысушылар «Бәш таш», «Ошуқ ойнаш» секілді дәстүрлі ойындарға белсене қатысты. Сонымен қатар қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, ұлттық бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды.
Кеш барысында Отан, туған жер, ана, достық тақырыптарындағы әндер шырқалып, викториналар өткізіліп, қонақтарға сыйлықтар табысталды. Әр ауылдан келген өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салып, мерекенің шырайын аша түсті.
Осындай тағылымды шараны ұйымдастыруда «Қазақстандық ұйғырлардың республикалық этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының еңбегі зор. Атап айтқанда, филиал төрайымы Нурбуви Насырова бастаған ұжым ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолында аянбай еңбек етіп келеді.
Қорыта айтқанда, «Көк чөшүрә» мерекесі – тек бір этностың мәдени шарасы ғана емес, ол – барша қазақстандықтарды ортақ құндылықтар төңірегіне топтастыратын, бірлік пен татулықты нығайтатын маңызды рухани алаң. Мұндай игі бастамалар еліміздегі бейбітшілік пен келісімді одан әрі бекемдей түсетіні сөзсіз.
С.НҰРАДИН.
