+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Өнердің алтын Бесігі

Өнер – әр адамның бойындағы құдіретті қасиет. Өнер әлемі – адамзат әлеміндегі ең құнды дүние. Халқымыздың өнерін, мәдениетін сақтау, оның негізі халықтық тәрбие болмақ. Ендеше, өнердің, соның ішінде музыканың алатын орны ерекше. Музыка адамдардың жүректерін жібітеді, жадыратады. Демек, әннің, саздың құдіреті биікте болғаны.

Сондай өнер мектебінің бірі – Шелек ауылындағы балалар өнер мектебі. Биыл құрылғанына жарты ғасыр толған өнер мектебінің ұжымы жылдың қорытынды концерті Шелек мәдениет үйінде зор ықыласпен тамашаланып, көрермендерінің зор құрметіне бөленді.

Бұл – өңірдің мәдени-рухани өмірінде айрықша орны бар білім ордасы. Оның тарихы 1976 жылдың қыркүйек айынан бастау алады. Сол жылы ауылда алғашқы өнер бағытындағы балалар музыка мектебі болып ашылып, жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамытуға жол ашты.

Мерекелік шара барысында Шелек балалар мектебінің директоры Сайра Сыдыққызы өнер оқу орнының тарихы мен ұжым жетістіктері туралы толыққанды әңгімелеп, биылғы елу жылдық мерейтой жылдағы концерттік кешке келген жұртшылыққа жүрекжарды жылы лебізін білдірді.

Алғашында мектеп қазіргі мұражай ғимаратында орналасып, 1979 жылы С.Киров атындағы орта мектеп ғимаратына көшірілді. Ашылған сәттен бастап оқу орнында фортепиано, баян және домбыра бөлімдері жұмыс істеп, 129 оқушы білім алды. Бұл – ауыл жастарының өнерге деген қызушылығының жоғары болғанының айқын дәлелі.

Мектептің алғашқы директоры Н.Батталов 1976-1979 жылдары оқу орнын басқарып, өнер жолына қадам басқан талай дарынды шәкірттердің қалыптасуына ықпал етті. Одан кейін әр жылдары мектепті басқарған басшылар білім ордасының дамуына зор үлес қосты. Атап айтқанда, он жыл Рахымбек Қағазбеков, жиырма жыл Ләззат Жамылшиева, төрт жыл Шолпан Ускенбаева басқарды. Ал 2024-2025 жылы Қанат Рахымбекұлы директор міндетін атқарушы болды. Былтырдан бері, маусым айынан бастап Сайра Базилбекова балалар өнер мектебін өз қолына алды.

Биылғы жылдың 17 сәуір күні мектептің 50 жылдық мерейтойына орай «Өнердің алтын бесігі» атты қорытынды есеп беру кешіне «Алматы облысы білім басқармасының дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындығы және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірбиелік орталығы» директорының орынбасары Сәбит Толыбеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Шолпан Қошаханова, сондай-ақ Алматы облысының құрметті азаматы Елеусіз Сұлтанғазиев қатысып, жылы лебіздерін білдірді.

Мерекелік кеш мазмұнды концерттік бағдарламасымен ерекшеленді. Сахна төрінде әртүрлі жанрдағы өнер туындылары ұсынылды. Атап айтқанда, «Абзал ана» және «Голубой вагон» шығармаларын хор ұжымы орындаса, «Құрбылар» биі көрермен көңілінен шықты. Домбыра өнері де лайықты деңгейде көрініс тауып, «Көңілашар», «Әке толғауы» күйлері орындалды. Сонымен қатар Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әні шырқалып, Мұқағали Мақатаевтың шығармасы негізінде «Аққулар ұйқтағанда» көрінісі сахналанды. Қобыз аспабында «Аққу» күйі орындалып, кешке ерекше әсер сыйлады.

Мектептің халық аспаптары бөлімінің ұстаздарынан құралған «Алтын ұя» ансамблі Бақтыбайдың күйін жоғары деңгейде орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар, күй тартыс жеке концертік нөмір ретінде ұсынылып, ұлттық өнердің көркем үлгісін паш етті.

Мерейтой аясында мектеп педагогтері облыстық және аудандық деңгейдегі марапаттарға ие болып, олардың елеулі еңбегі жоғары бағаланды. Кеш барысында оқушылар өз өнерлерін ортаға салып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Жарты ғасырлық тарихы бар өнер мектебі бүгінде де ұлттық өнер мен мәдениетті насихаттап, жас таланттарды тәрбиелеуде маңызды рөл атқарып келеді. Бұл – өткен мен бүгінді сабақтастырып, болашаққа нық қадам басқан білім ордасының жарқын жетістігі.

Анарбек БЕРДІБАЕВ.