+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Әдебиет

Жыр шырағын жаққан жас өрен

Адам жанына ең жақын, ең нәзік сезімдерді жеткізетін құдірет бар. Ол – сөз. Ал сол сөзді жүрекпен сезініп, жырға айналдыра алатын жандар қашан да ерекше құрметке лайық. Кейде сондай жандардың үлкен сахнадан емес, мектеп партасынан, қарапайым ауыл не қала тіршілігінің арасынан шығып жататыны таңғалдырады. Өйткені, шынайы талант ішкі тыныштықпен, сезімнің тереңімен қалыптасады. Бала көңілдің тазалығы мен ұлттық тәрбиенің мәйегі ұштасқанда, одан болашақ ақынның бейнесі айқындала түседі. Қазіргі заманда көп жас технологияның соңынан ілесіп, рухани дүниеден алшақтап бара жатқан тұста, әдебиетке жақын, өлеңге ғашық жасөспірімдерді кездестіру – үміт отын жағатын құбылыс. Себебі поэзия – тек ұйқас емес, ол – ұлттың жаны, халықтың жүрегі, уақыттың үні. Ал сол үнді тыңдай алатын, оны жүрегімен қабылдайтын жастар барда руханияттың тамыры үзілмейді. Осындай жүрегі жырға жақын, сөз қадірін ерте түсінген жас дарынның бірі – Даниял Рахимов.

Жас талант иесі 2011 жылы қараша айының 18 жұлдызында Алматы қаласында дүниеге келген. Ол бүгінде Есік қаласындағы №6 қазақ орта мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы. Бірақ оны тек оқушы деп айту аздық етеді. Ол – ұлттық тәрбиенің уызына жарыған, әдебиетті жанына серік еткен, өнерге шынайы берілген жас өрен.

Даниялдың балалық шағы ата-әжесінің тәлім-тәрбиесімен тығыз байланысты. Қазақы ортада өсіп, үлкеннің сөзін тыңдап, даналыққа құлақ түріп өскен ол әжесінің әңгімелері арқылы халықтың салт-дәстүрін бойына сіңірді. Әрбір естіген аңыз бен әңгіме оның қиялын байытып, сөзге деген қызығушылығын арттырды. Ал атасының өнегесі арқылы төрт түліктің қыр-сырын меңгеріп, әулет шежіресін жаттап өсуі – оның тамырының тереңде екенін аңғартады.

Мектепте де Даниал осы тәрбиенің жарқын көрінісін көрсетіп келеді. Сабақ үлгерімі үздік, ізденісі тұрақты. Республикалық деңгейдегі бәйгелерде топ жарып, өзінің білімділігі мен алғырлығын дәлелдеп жүр. Бірақ оның жан дүниесіне ерекше жақын әлем – өнер, оның ішінде поэзия.

Домбыраның қос ішегінен төгілген күй мен өлеңнің өрнегі Даниял үшін егіз ұғымдай. «Нағыз қазақ – домбыра» деген сөзді ол тек естіп қана қоймай, жүрегімен сезінеді. Бос уақытында домбыраға қол созып, күй тартып, өлең жаттаумен айналысады. Әсіресе Мұқағали Мақатаев жырлары оның жан әлемімен ерекше үндеседі. Ақын өлеңдерін жатқа оқығанда, оның әрбір сөзіне жан бітіріп, тыңдаушыны терең ойға жетелейді. Уақыт өте келе ол Абай Құнанбаев, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Шаханов сынды сөз алыптарының шығармашылығына ден қойып, олардың жырларымен сусындауда. Бұл оның тек жаттаумен шектелмей, поэзияның мәнін түсінуге талпынып жүргенін көрсетеді.

Ұлы ақындардың ізімен шабыттанған Даниял енді өзі де қалам ұстап, алғашқы өлеңдерін жаза бастады. Оның жырларынан балғындықпен қатар, тереңдікке ұмтылыс байқалады. Бұл – нағыз шығармашылықтың бастауы. Бүгінде оның арманы – қазақ поэзиясына өзіндік қолтаңбасын қалдыру. Сол жолда алғашқы жырларын көпшілікке ұсынып, оқырман бағасын күтуде. Бұл – үлкен сапардың алғашқы қадамы ғана.

Бүгінде Даниялдың өнер жолындағы тағы бір маңызды белесі – оның нағыз ұстазбен табысуы. Қазақтың сөз өнерінде өзіндік орны бар, талай жүйрікті баптаған Даубай Әбдісаев жас дарынның қабілетін ерте танып, оны айтыс өнеріне баулып келеді. Бұл – кез келген талапты жасқа бұйыра бермейтін үлкен мүмкіндік әрі жауапкершілік. Ұстаз бен шәкірт арасындағы бұл байланыс жай ғана үйрету емес, рухани сабақтастықтың жалғасы іспетті. Себебі Даубай Әбдісаев – кезінде айтыстың ақтаңгері Оразалы Досбосынов сынды дарабозды тәрбиелеген тұлға. Енді сол үрдіс үзілмей, жаңа буынға жалғасып отыр.

Даниял үшін бұл – үлкен мектеп. Ол тек ұйқас құрауды немесе суырыпсалмалықты ғана емес, сөздің салмағын, ойдың тереңдігін, халықтың мұңын жеткізудің жауапкершілігін үйренуде. Айтыс – жай ғана жарыс емес, ол – рухтың, зерденің, тапқырлықтың тартысы. Осындай күрделі өнерге қадам басқан жас өреннің жанында тәжірибелі ұстаздың болуы – оның болашағына берілген берік негіз.

Даубай Әбдісаевтың тәлімін көріп, бағыт-бағдарын алған Даниялдың өнерге деген көзқарасы да күн санап кемелденіп келеді. Ұстаздың әрбір ескертуі мен ақылы оның шығармашылығына өң беріп, ойына тереңдік үстеуде. Бұл – қазақ өнеріндегі үзілмес алтын арқаудың бір көрінісі. Кеше Оразалыдай тарлан түлеген мектептен, бүгін Даниялдай жас талап түлеп ұшқалы тұр. Уақыт алмасқанымен, өнердің өзегі, ұстаздың аманаты өзгермейді.

Даниял – бүгінгі буынның тек білімді өкілі ғана емес, рухани ізденістегі жас тұлғасы. Оның жүрегінде тұтанған жыр шырағы сөнбесе, ертең ол да қазақ әдебиетінің көкжиегін кеңейтетін есімдердің біріне айналуы әбден мүмкін.

Даниалдың өлеңдерінен балғын қиялдың самалы, мөлдір сезімнің үні, өмірге деген аңсарлы көзқарастың ізі айқын сезіледі. Әрбір шумағы – ішкі әлемнің сыры, әр жолы – ізденіс пен ізгілікке ұмтылған жас жүректің лүпілі. Шынайылық пен сыршылдық астасқан бұл туындылардан болашаққа бет алған шығармашылық арнаның алғашқы бұлақ-бастауы аңғарылады. Жас қалам иесінің өлеңдерін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Сардарбек НҰРАДИН.

ЖАНАРЫҢНЫҢ

ЖАРҚЫЛЫНАН

АЙНАЛДЫМ

Күлімдесең көзіңде от ойнаған,

Жанарыңда жалын жатыр қайнаған.

Өзің болсаң сахараға қар жауып,

Күз келсе де жадырайды айналам.

Күлкің сенің таңғы елес іспетті,

Сені көріп тұла бойдан күш кетті.

Әдемі едің сен не деген жарқыным,

Сендей ару көзіме еш түспепті.

Көзіндейсің таза, бұлақ қайнардың,

Тазасын ай көзіңдегі қайнардың.

Бір көргеннен ғашық қылған өзіңе,

Жанарыңның жарқылынан айналдым.

АБАЙҒА

Қазақтың маңдайына жаратылған,

Ұлы ақыным Абайым – дара тұлғам.

Қара сөзбен қамшыла қазағыңды,

«Жет тез!» деп дауыл тұрғыз қанатыңнан.

Қарсы жүзіп өмірдің ағысына,

Жалықпа қазағыңды тағы сына.

Абайым тіріліп кеп бағдар беріп,

Қатысшы тағы да өмір жарысына.

Жүз сексен жыл толыпты Абайыма,

Жырымен шуақ сепкен маңайына.

Аянбай еткен еңбек арқасында,

Қазақтың тәлім берді талайына.

Абайым – асыл ақын ғасыр ақын,

Өшпейді ешқашанда ғасыр атың.

Шуақ сыйлап нақылың, қара сөзің,

Жастарың көп өлеңіңе бас ұратын.

ҚЫРБАЛТАБАЙ

Қырбалтабай – туған жерім, тұғырым,

Бір өзіңде басталыпты ғұмырым.

Киелі жер топырағы құнарлы,

Тебірініп жырға қосты құлының.

Қырбалтабай киелі жер ұлымын,

Қырбалтабай киелі жер жырымын.

Батырлардың жүріп өткен ізімін,

Ақындардың жүрек жарды сырымын.

Туған мекен ыстықсың сен қашанда,

Алыстасам алға қадам басам ба?

Шабытты мен бір өзіңнен аламын,

Сен болмасаң жыр есігін ашам ба?

Туған жерім – алтын ұям, ардағым,

Туған елім – алыстамас арманым.

Құдай бізді айырмасын лайым,

Өзіңсің ғой өмірім мен бар бағым.

ТЫНЫШТЫҚ

Бабалардың арқасы,

Алаңсыз ойнап күлгенің.

Тыныштықтың арқасы,

Жылағанды білмеуің.

Мынандай тыныш заманда,

Сүрген адам бақытты.

Тыныштық нағыз бақыт қой,

Таппассың өзге жақұтты.

Тыныштық деген асыл сөз,

Бар ғаламның байлығы.

Тыныштық деген қуаныш,

Ұмыттырған қайғыны.

Тыныштық – әлем асылы,

Тыныштық – бітпес әңгіме.

Тыныштық – асыл ғасыры,

Тұрақтасын  мәңгіге.

Тыныштық берер шырайды,

Тыныштық берер сәнді де.

Болмаса егер тыныштық,

Өмірің мынау мәнді ме?

Тыныштықтың қадірін,

Білейік енді осыдан.

Тыныштық деген нар ұғым,

Сенейік енді осыған.

Тыныштық болмай мән болмас,

Көкейде жырың ән  болмас.

Дүние, жиған байлығың,

Тыныштық болмай, мал болмас.

Тыныштықты қадірле,

Жарқыраған күніңде.

Тыныштықтың арқасы

Тәтті ұйқың бүгінде.