+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Ерлік ескерусіз қалмайды

Чернобыль атом электр станциясындағы 1986 жылғы апат – адамзат тарихындағы ең ауыр техногендік қасіреттердің бірі. Сол бір сұрапыл сәтте көзге көрінбейтін, бірақ аса қауіпті радиация бүкіл аймақтың тынысын өзгертіп, мыңдаған адамның өмірі мен тағдырына әсер етті. Табиғат пен техниканың тепе-теңдігі бұзылған сол кезеңде қалыптасқан жағдай – шынайы сынақ пен үлкен жауапкершіліктің айнасы болды.

Осы қиын күндерде апат ошағына алғашқылардың бірі болып аттанған жас сарбаздар мен құтқарушылардың ерлігі ерен. Олар белгісіз қауіптің ортасына тайсалмай кіріп, өз өмірлерін қатерге тіге отырып, үлкен апаттың зардабын барынша ауыздықтауға тырысты. Сол кездегі олардың батылдығы мен жанқиярлығы – бүгінгі бейбіт өмірдің бағасын арттыратын, ұрпаққа үлгі болатын асқақ рухтың көрінісі. Чернобыль трагедиясы – тек өткеннің естелігі емес, ол адамзатқа қауіпсіздік, жауапкершілік және бірлік туралы мәңгілік сабақ қалдырған тарихи оқиға.

Жуырда Есік қаласындағы Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің акт залында адамзат тарихындағы ең ауыр техногендік апаттардың бірі – Чернобыль атом электр станциясындағы апатқа 40 жыл толуына орай тағылымды кездесу кеші өтті.

Іс-шараға Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысқан ардагерлер, колледж ұжымы, студент жастар және арнайы қонақтар қатысты. Шараның негізгі мақсаты – қасіретті оқиғаны еске алу ғана емес, бейбіт өмірдің бағасын ұғындыру, ерлік пен жауапкершілік ұғымын жас ұрпақ санасына сіңіру.

Кездесуді ашқан жүргізушілер Чернобыль трагедиясының адамзат жадындағы өшпес жара екенін атап өтті. 1986 жылғы сәуірде болған апат мыңдаған адамның тағдырын өзгертіп, тұтас аймақтардың экологиялық жағдайына ауыр соққы бергені айтылды. Радиоактивті қауіптің салдары ғылым мен техниканың жетістігі әрдайым адам өмірі мен қауіпсіздік қағидаларымен қатар жүруі керектігін дәлелдеді.

Шара барысында апат салдарын жоюға аттанған азаматтардың ерлігі ерекше құрметпен еске алынды. Өз өмірін қауіпке тігіп, радиация ошағында еңбек еткен мыңдаған құтқарушының жанқиярлығы – бүгінгі бейбіт өмірдің негізін қалаған тарихи ерлік ретінде бағаланды. Кездесу барысында қаза болған азаматтардың рухына бір минуттық үнсіздік жарияланып, залда терең тағзым сәті орын алды.

Шараның ресми бөлімінде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қайсар Асқарұлы сөз сөйлеп, ардагерлерге алғыс хаттар табыстады. Облыстық Чернобыль ардагерлері ұйымының төрағасы Ержан Жармұханбетұлы, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Жұман Сембайұлы сөз сөйлеп, құттықтау тілегін білдірді. Бірқатар ардагерлерді Чернобыль апатының 40 жылдығына арналған медельдармен марапаттады. Шараның жалғасында апат зардаптарын жоюға қатысқан өрт сөндірушілер мен мамандардың ерлігі туралы естеліктер айтылып, олардың батырлығы бейбіт күннің бағасын арттыра түсетіні сөз болды.

Кездесу мерекелік концертпен жалғасты. «Шамшырақ» этно ансамблі «Отырардағы той» және «Ата-дәстүр» шығармаларын орындап, ұлттық рухты асқақтатса, Талғат Мәдіхан «Отаным» әнін шырқап, көрермен ықыласына бөленді. Домбырашылар ансамблі Ж.Темірғалиевтің «Бақтыбайдың әуені» күйін орындап, кешке ерекше сән берді. Диана Ибрагимова «Атамекен» әнін орындап, патриоттық сезімді сыйлай білді. Кездесу кеші соңында жиылған қауым ардагерлермен естелікке суретке түсіп тарқасты.

Ринат НАРХАНОВ.