
Қырық жылдық кездесу
26 сәуірде Чернобыль атом электр
станциясында болған дүлей апатқа 40 жыл толды. Ресми деректерге сүйенсек, осы апат зардабын жоюға КСРО бойынша 600 мыңнан астам, ал Қазақстаннан 32 мыңдай адам қатысқан. Шелек өңірінен осы мылтықсыз майданға қатысқан ардагерлер өктемді көктемнің бастан кешірген өкініш сәттердің 40-шы жылдығын еске алуға тағы да жиналды.
Жылдағыдай дәстүрлі кездесу Шелек ауылындағы А.Шымболатов атындағы саябақтағы ескерткішке гүл шоқтарын қойып, өмірден өткен достарын бір минут еске алудан басталды.
Одан кейін, Чернобыль апатының тарихи мәнін, адамзатқа тигізген оның зардабын түсіндіру және экологиялық жауапкершілікті қалыптастыру, жастарға патриоттық тәлім-тәрбие беру мақсатына арналған шара Шелек политехникалық колледжінде жалғасын тапты. Колледж алаңында студенттер сапқа тұрып, қонақтарды әскери тәртіп бойынша қарсы алды. Одан кейін конференция залында жастармен ардагерлер кездесіп, атом электр станциясының апаты және оны залалсыздандыру жайында еске алулар, алапат апаттың орын алғаны жайлы бейнебаян көрсетілді. Сұрақтарға жауап берілді.
Жиынға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қайсар Асқарұлы қатысып, сөз сөйледі. Ардагерлерді марапаттау рәсімі өтті. Осы даталы күнге арнайы футболдан турнир өткізілді. Кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Анарбек МӨКІШҰЛЫ.
