
Татулық – елімнің тұғыры
Бірлік күні – бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан сан түрлі ұлт пен ұлыстың ынтымағы мен өзара құрметін айшықтайтын тағылымды дата. Бірлік пен келісімді басты құндылық еткен еліміз үшін бұл мейрам – бейбіт өмір мен берекелі тіршіліктің нышаны. Осындай мазмұны терең мереке ауданымызда да кең көлемде аталып өтті. Салтанатты шара Есік қаласындағы Жамбыл атындағы жастар саябағында ұйымдастырылды.
Аудан әкімі Талғат Байеділов, мәслихат төрағасы Бекет Ахметов, арнайы келген қонақтар ең алдымен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Одан кейін қонақтар этномәдени бірлестіктердің және жергілікті қолөнершілердің ұйымдастырған ұлттық қолөнер көрмесін тамашалады. Саябақ аумағында түрлі этнос өкілдері өздерінің бай мәдени мұрасын паш етіп, ұлттық бұйымдар мен дәстүрлі өнер үлгілерін көпшілік назарына ұсынды. Славян, ұйғыр, күрд, түрік, грек этномәдени орталықтарының көрмелері көрермен көңілінен шығып, әр халықтың өзіндік болмысын танытты.
Салтанатты бөлімде аудан әкімі Талғат Ескендірұлы сөз алып, барша тұрғындарды мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде ел бірлігі – мемлекет тұрақтылығының негізі екенін айтып, аудан тұрғындарының татулығы мен ауызбіршілігі әрдайым берік болсын деген тілегін білдірді.
– Еңбекшіқазақ ауданы – бірлік пен достықтың жарқын үлгісі. Бүгінде ауданымызда 54 этнос өкілдері өзара құрмет пен түсіністік негізінде өмір сүріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Бұл – біздің басты байлығымыз, – деді аудан басшысы.
Сонымен қатар, «Қазақстандық ұйғырлардың республикалық этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі аудандық филиалының мүшесі Садирдин Аюпов, аудандық славян этномәдени бірлестігінің төрағасы Ирина Таркова ізгі лебіздерін жеткізіп, көпшілікке ақжарма тілектерін арнады.
Кештің көркін қыздырған концерттік бағдарлама көрерменге ерекше әсер сыйлады. «Ай-Луна» өнер орталығының жас өнерпаздары орындаған «Бұл біздің жер» әні, аудан өнерпаздарының «Сүйемін сені, Қазақстан» әні көрермен жүрегін тебірентіп, патриоттық рухты асқақтатты. Эстрада жұлдызы Серікбол Сайлаубек, «Тамсан» этно ансамблі өнер көрсетіп, кештің ажарын аша түсті. «Алтын адам» әжелер ансамблі халық әндерінен попурри орындап, ұлттық нақыштағы әуендер арқылы көпшілікке ерекше көңіл күй сыйлады. Ал «Балауса» өнер орталығының жас таланттары өз өнерлерімен көрермен ықыласына бөленді.
Мерекелік шара тек өнермен ғана шектелмей, спорттық сайыстармен де толықты. Мерекеде ұйымдастырылған бәсеке қатысушылардың күш-жігерін сынап, көрермендерге қызықты сәттер сыйлады.
С.НҰРАДИН.
