
Балаларды түзету орталығы ашылды
Жуырда Түрген ауылында «Шаттық әлемі-1» балаларды түзету орталығы ашылды. Орталықтың ашылу салтанаты жоғарғы деңгейде өтті.
Әлемдегі мыңдаған бала ерекше қажеттіліктермен дүниеге келеді. Бірақ кез келген диганоз – ол үкім емес, бұл тек бірге жеңуге болатын сынақ. Түзету орталығы дамуында ерекшеліктері бар аутизм, БЦП, психо-сөйлеу дамуының тежелуі сынды ауруға шалдыққан әрбір баланың қоғамның толыққанды мүшесі болуына мүмкіндік беру мақсатында жұмыс істейді.
Ана үшін баладан артық жан жоқ. 9 ай, 9 күн құрсағында көтеріп, дүниеге әкелген балаңның денсаулығында кінараты бар екенін білу – ата-ана үшін өте ауыр. Ерекшелігі бар баланы тәрбиелеу де, оған күтім жасау да оңай емес. Баламен тек ата-анасы ғана айналысу тез нәтиже бермейді. Бұл тұста ата-анадан бөлек, қоғамның да көмегі аса қажет.
Айта кету керек, орталықта ерекше балаларды оңалтуға, өмірге бейімдеуге ыңғайлы жағдай жасалған. Балалармен арнайы дефектолог, логопед, психолог мамандар жұмыс жасайды. Түзету орталығының ашылу салтанатында ерекше балалар мен олардың ата-аналарына арналған арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Балалар көңіл көтеріп, би биледі. Жүздерінен күлкі, көңілдерінен ерекше қуаныш байқалды.
Жанерке САТЫБАЛДЫ
