
Сөз додасының серкесі
Түрген ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен Д.Қонаев атындағы орта мектептің 8-сынып оқушыларымен айтыскер ақын Құланаян Құлмамбеттің 200 жылдығына орай «Сөз өнеріндегі өлкетану» атты тарихи-танымдық іс-шара өтті. Тағылымы мол басқосудың басты мақсаты – жас ұрпаққа қазақтың айтыс өнерін кеңінен насихаттау, ақынның өмірі мен шығармашылығын таныстыру арқылы туған жер тарихы мен ұлттық мәдени мұраны дәріптеу.
Іс-шара барысында кітапхана қызметкерлері Құлмамбет ақынның өмір жолына кеңінен тоқталып, оның қазақ айтыс өнеріндегі орны мен сөз саптау шеберлігі туралы мазмұнды деректермен бөлісті. Ақынның суырыпсалма өнері, ел ішіндегі беделі мен рухани мұрасы жайлы айтылған мағлұматтар оқушылардың қызығушылығын арттырды.
Кеш аясында оқушылар айтыс өнерінің ерекшеліктерімен танысып, ұлттық сөз өнерінің құдіретін тереңірек түсінуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, ақын шығармашылығынан үзінділер оқылып, оның тәрбиелік мәні кеңінен талқыланды. Бұл өз кезегінде жас буынның туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, ұлттық құндылықтарға деген құрметін нығайта түсті.
Мазмұнды әрі тағылымды шара – жас ұрпақтың рухани дамуына серпін беріп, ел тарихы мен мәдениетін танып-білуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды. Осындай тәрбиелік мәні зор кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады.
Гүлім АМАНЖОЛОВА, кітапханашы.
