+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Мәдениет үйі пайдалануға берілді

Мәдениет – қашаннан да мемлекеттің тірегі, ұлттың айнасы. Осы орайда үкімет тарапынан мәдениет саласына көңіл бөлу назардан түскен емес. Жуырда 1 мамыр Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесі қарсаңында Бөлек ауылында айтулы оқиғаға орын алды. Ауыл тұрғындары көптен күткен жаңа мәдениет үйінің ашылу салтанатына куә болды.

Салтанатты шараға аудан әкімі Талғат Байеділов, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Нүсіпжанұлы, аудандық мәслихат төрағасы Бекет Ахметов, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жұман Мықыбаев, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты. Шара барысында сөз алған аудан әкімі Талғат Ескендірұлы жаңа мәдениет үйінің ауыл тұрғындары үшін маңызы зор екенін атап өтті. Айтуынша, бұл нысан – тек мәдени іс-шаралар өтетін орын ғана емес, ауыл жастарының шығармашылық қабілетін дамытып, рухани құндылықтарды жаңғыртатын маңызды орталық болмақ.

Өз кезегінде ақын Төлеужан Нүсіпжанұлы мәдениеттің ұлт өміріндегі айрықша рөліне тоқталып, жаңа нысанның ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді. Сондай-ақ жиында жас маман Жамиля Махмедқызы сөз сөйлеп, ауыл жастары атынан алғыс білдірді.

Салтанатты рәсім қазақы дәстүрмен жалғасып, ауыл ақсақалы Ертай Мухамедиұлы ақ батасын берді. Жиналған жұртшылық игі іске «Әумин» деп қол жайып, жаңа нысанның берекелі болуын тіледі. Құрметті қонақтардың қатысуымен мәдениет үйінің лентасы қиылып, әжелер шашу шашып, қуаныш еселене түсті. Шара соңында тұрғындар жаңа мәдениет үйінің ішкі залында Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне арналған «Бір шаңырақ астында» атты концерттік бағдарламаны тамашалады. Өнерпаздардың әні мен биі көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Жаңа мәдениет үйі – ауылдың рухани тынысын кеңейтіп, мәдени өміріне серпін беретін маңызды нысан. Бұл орда алдағы уақытта талай дарынды жастың қанатын қатайтып, ұлттық өнердің өркендеуіне өз үлесін қосары сөзсіз.

Ринат НАРХАНОВ.