+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

ӘдебиетЖаңалықтар

Жазушымен Жүздесу

Әдебиет – ұлттың жаны, халықтың жүрек үні. Қай дәуірде болмасын, қаламгерлер қоғамның айнасына айналып, уақыттың тынысын, заманның шындығын сөз арқылы өрнектеп келеді. Нағыз қалам иесі әрбір шығармасы арқылы оқырманмен сыр бөлісіп, ой салып, қоғамның дамуына өзіндік үлесін қосады.

Осындай рухани әлемнің өкілі, сөз құдіретін терең сезінген қаламгерлердің бірі – Аршагүл Тойбай. Жуырда аудандық кітапханада Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, жазушы әрі қоғам қайраткері Аршагүл Тойбаймен шығармашылық кездесу өтті. Тағылымы мол рухани кешке «Еңбекшіқазақ» газетінің бас редакторы Хайролла Ахметжанов, оқырмандар, Абылай хан атындағы орта мектеп оқушылары қатысып, қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығына тереңірек үңілуге мүмкіндік алды.

Кеш барысында Аршагүл Тойбайдың қаламынан туған «Ақкербез», «Мәңгілік жол», «Қос құбылам», «Даланың дана арулары», «Қазақ солдаты» сынды еңбектері кеңінен таныстырылды. Автор шығармаларында ұлттық құндылықтарды дәріптеп, тарихи таным мен тағылымды оқиғаларды көркем тілмен жеткізе білгені атап өтілді.

Кездесу еркін форматта өтіп, оқырмандар мен жастар жазушыға көкейдегі сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Өз кезегінде қаламгер шығармашылықтағы ізденістерімен бөлісіп, жастарды кітап оқуға, рухани байлықты арттыруға шақырды. «Сөзден ой туады, ойдан ұлт қалыптасады» деген ұстанымды алға тартқан автор ұлттық болмысты сақтауда әдебиеттің орны ерекше екенін жеткізді.

Сонымен қатар, Аршагүл Тойбайдың қоғамдық қызметіне де ерекше назар аударылды. Оның онкологиялық сырқаттарды қолдау бағытындағы жұмыстары, әйелдер денсаулығына арналған жобаларға қатысуы және қайырымдылық іс-шаралары оның азаматтық ұстанымын, адамгершілік болмысын айқын көрсетеді.

Жазушының мәдени саладағы еңбегі де ерекше. «Даланың дана арулары» халықаралық фестивалінің авторы ретінде және «Таңбалы тас» көшпенділер кешені жобасының бастамашысы ретінде ұлттық құндылықтарды насихаттауға елеулі үлес қосып келеді. Сонымен бірге «Анаға құрмет» музейіндегі ұйымдастырушылық қызметі арқылы мәдени-ағартушылық жұмыстарды жүйелі жүргізіп келеді.

Жазушы жас күнінен телевизия саласына ғұмырын арнаған тұлға. Түрлі бағдарламалары, деректі фильмдері бүгінде ұлттық арнаның алтын қорына айналған. Роза Бағланова, Бауыржан Момышұлы, Шыңғыс Айтматов, Нұрғиса Тілендиев, Ермек Серкебаев сынды көптеген ұлт майталмандарымен өткізген сұхбаттарын еске алып, қызықтарымен бөлісті.  

Кеш соңында оқырмандар қаламгерге алғыс білдіріп, естелік суретке түсті. Осындай тағылымды кездесулер – жас ұрпақтың рухани дүниесін байытып, кітапқа деген қызығушылығын арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.

Аршагүл Тойбайдың тұлғасы туған жер тәрбиесі, сапалы білім, ұлттық мәдениетке адалдық және қоғамдық қызмет арқылы қалыптасқан. Ол – қаламгерлік қабілетін елдік мүддемен ұштастыра білген, оқырман жүрегінен орын алған парасатты тұлға. Аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен жазушымен өткен шығармашылық кездесу оқырман мен автор арасындағы байланысты нығайтып, әдебиеттің маңызын тағы бір мәрте айқындай түсті.

Ринат НАРХАНОВ.