+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Сөз құдіреті – рухани жауапкершілік көрінісі

Қазіргі жаһандану дәуірінде қоғамдағы рухани құндылықтардың әлсіреуі, адамдар арасындағы қарым-қатынастың салқындауы жиі айтылып жүр. Осындай кезеңде сөздің мәні мен маңызына қайта үңілу – уақыт талабы. Себебі сөз – тек ақпарат алмасу құралы емес, ол – адамның ойы мен болмысын айқындайтын, тіпті тағдырына ықпал ететін рухани күш.

Қазақ халқы сөздің киесін ежелден жоғары бағалаған. «Айтылған сөз – атылған оқ», «Сөз түзелмей – ел түзелмейді» деген нақылдар сөз жауапкершілігінің мәнін терең ашады. Халықтық дәстүрдегі бата, тілек, алғыс айту мәдениеті де сөз арқылы жақсылықты дәріптеудің көрінісі болып табылады. Ұлт ойшылы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы сөзді «дін, өсиет, қасиет» деп бағалауы – осы ұғымның тереңдігін айқындайды.

Сөздің адам өміріне ықпалы отбасылық тәрбие мен өмірлік тәжірибеде де айқын көрінеді. Көп жағдайда бір ауыз сөз адамның шешіміне әсер етіп, өмір жолының бағытын өзгертуі мүмкін. Сонымен қатар сөз тек бағыт беруші құрал ғана емес, оны қалай жалғастыру адамның өз еркі мен жауапкершілігіне байланысты.

Ғылыми зерттеулер де сөздің психологиялық әсерін жоққа шығармайды. Адам қандай ақпарат қабылдаса, соған сәйкес ойлау жүйесі қалыптасады. Жағымды сөздер адамның сенімін арттырып, тұлғалық дамуына ықпал етсе, керісінше жағымсыз сөздер психологиялық әлсіздікке әкелуі мүмкін. Осы тұрғыда сөз мәдениетін қалыптастыру – жеке тұлғаның ғана емес, тұтас қоғамның дамуына әсер ететін маңызды фактор.

Антикалық философтар Сократ пен Аристотель адамның кемелденуі өзін-өзі игеруден басталатынын атап өткен. Бұл ұстаным қазіргі қоғам үшін де өзекті. Себебі адамның өзін-өзі басқаруы, ең алдымен, оның ойы мен сөзіне ие болуынан көрінеді.

Осы бағыттағы ой-пікірлер жуырда Есік қаласында өткен кездесуде де кеңінен талқыланды. Аудандық кітапханада ұйымдастырылған шараға Абылайхан атындағы орта мектептің жоғары сынып оқушылары мен кітапхана қызметкерлері қатысты.

Кездесу барысында «сөз құдіреті» тақырыбында пікір алмасу өтті. Жастар өз ойларын еркін жеткізіп, шығармашылыққа деген қызығушылықтарын танытты. Әсіресе журналистика мен әдебиетке бет бұрған оқушылардың сұрақтары мен ізденістері олардың рухани-танымдық деңгейінің қалыптасып келе жатқанын көрсетті. Сонымен қатар оқушылардың поэзияға, кітап оқуға және оны талқылауға деген ынтасы байқалды.

Мұндай кездесулер жас ұрпақтың рухани дамуына оң әсер етіп, сөз мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл – қоғамдағы интеллектуалдық және мәдени әлеуеттің нығаюына негіз болатын маңызды үдеріс.

Қорытындылай келгенде, сөз – үлкен жауапкершілік. Ол адамның жеке өміріне ғана емес, қоғамдық санаға да әсер етеді. Сондықтан сөзді орнымен қолдану, ойды сауатты жеткізу және ізгі ниетті насихаттау – бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі.

Аршагүл Тойбай,

журналист, жазушы