+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

ӘдебиетЖаңалықтар

Өнерге ұласқан жоба

Ауданымызда оқу жылы бойы жалғасқан «Бір мектеп – бір драма» жобасы өз мәресіне жетіп, «Алтын адам» инновациялық мектебінде өнер мен руханиятты ұлықтаған әсерлі қорытынды кеш өтті. Аталған жоба аясында оқу жылының уақытында, аудан мектептері қазақ әдебиетінің үздік туындыларын сахналап, көрерменге тағылымы мол қойылымдар ұсынған еді.

Ауданымызда оқу жылы бойы жалғасқан «Бір мектеп – бір драма» жобасы өз мәресіне жетіп, «Алтын адам» инновациялық мектебінде өнер мен руханиятты ұлықтаған әсерлі қорытынды кеш өтті. Аталған жоба аясында оқу жылының уақытында, аудан мектептері қазақ әдебиетінің үздік туындыларын сахналап, көрерменге тағылымы мол қойылымдар ұсынған еді.

Танымы терең шараға аудандық білім бөлімінің басшысы Шолпан Қошаханова, ақын-жазушылар Камнұр Тәлімұлы, Шаяхмет Құсайынұлы, жобаға атсалысқан аудан мектептеріндегі ұстаздар мен оқушылар қатысты.

Жоба бастау алған шақта шымылдығы ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай әлемі» драма-мюзиклімен ашылса, қорытынды кеш «Алтын адам» инновациялық мектебінің 10 сынып оқушылары ойнаған қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Мұхтар Шахановтың «Танакөз» поэмасының желісі бойынша қойылған драмамен түйінделді. 10 сынып оқушылары өзіне тапсырылған рөлдерді әсерлі сомдап, қошеметке бөленді. Достық пен махаббаттың асқақ бейнесін жеткізген қойылым барысында көрермендер арасында көз жасына ерік бергендер де көп болды. Кеш барысында ақын рухына тағзым жасалып, оның ұлт руханияты мен ана тілі жолындағы еңбегі ерекше аталып өтті.

(Соңы.Басы 1-бетте)

Өз кезегінде Шолпан Қошаханова, Камнұр Тәлімұлы, Шаяхмет Құсайынұлы «Алтын адам» инновациялық мектебінің директоры Ботагөз Бөрібайқызына тың жобаның авторы Гүлмира Болатқызы мен мектеп ұжымына зор алғыстарын білдіріп, тілектерін арнап, орамды ойларын ортаға салды. Бала болашағы үшін театр мен әдебиеттің орасан пайдасы әңгімелеріне арқау болды.

Қорытынды кеште әр мектептің қойылымына арнайы номинациялар табыс-талды. Марапатқа ие болған мектеп өкілдері символикалық «өнер ағашына» театр маскаларын іліп, шамдарын жақты. Бұл – әр мектепте театр шамы жанғанының, өнерге деген сүйіспеншіліктің белгісі ретінде бағаланды.

Аудан мектептері сахналаған шығармалар көрерменге терең ой салып, ұлттық рухты, адамгершілік құндылықтарды, тарихи сананы дәріптей білді. Қойылымдар арасында Дулат Исабековтің «Әпке», Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша», «Тәуекел той», Міржақып Дулатов тұлғасына арналған «Оян, қазақ», сондай-ақ «Менің атым Қожа», «Тортай мінер ақ боз ат» секілді басқа да шығармалар сахналанған.

Алтын адам инновациялық мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы, «Бір мектеп – бір драма» жобасының авторы әрі жетекшісі Гүлмира Төлешованың айтуынша, жоба аясындағы әр қойылым өзіндік ерекшелігімен дараланды. Бірі ұлттық рухты көтерсе, енді бірі қоғамдағы өзекті мәселелерді астарлы әзілмен жеткізді. Кей мектептер театр қойылымын семинарлармен ұштастырып, рухани-танымдық кеш ұйымдастырды. Соның арқасында жоба сахналық өнермен қоса, үлкен тәрбиелік әрі мәдени алаңға айналды.

Бұл идея өткен оқу жылының соңында туған. Гүлмира Болатқызы ұжымындағы мұғалімдердің қызығушылығын оятып, театр өнеріне тарту мақсатында алғаш болып Мұхтар Әуезовтің «Қаракөз» драмасы сахналанған. Оқушылар саны аз болғандықтан, қойылымды мектептің жас мамандары сомдап шыққан. Бұл бастама ұстаздар тарапынан үлкен қолдау тауып, жаңа оқу жылы қарсаңында «Абай әлемі» атты драма-мюзиклмен ауқымды жоба ретінде жалғасын тапты. Кейін мектептерге аталған ұсынысты қолдау мақсатында челлендж жолданып, 14 білім ордасы қолдап, 10 мектеп атсалысқан. Басқа мектептер белгілі себептермен қалыс қалды. Арнайы жоспар құрылып, шығармашылық топ жасақталды. Соның нәтижесінде бір оқу жылы ішінде ауданның 10 мектебі 10 түрлі драмалық қойылым сахналады. Жоба театр өнерімен танысуға, оқушылардың рухани дүниесін байытуға, әдебиетке қызығушылығын арттыруға бағытталды.

Жобаның жүзеге асуына мектептің жас мамандарынан құрылған «Жастар» театры да белсенді атсалысты. Атап айтқанда, Динара Нұрлан, Айгерім Шахан, Айнұр Бақытқызы және Жандос Мұханғалы «Абай әлемі» драма-мюзиклін сахналауға үлес қосып қана қоймай, жобаның қорытынды кешінің жоғары деңгейде өтуіне де өз көмектерін көрсетті.

«Бір мектеп – бір драма» жобасы аудан мектептеріндегі театр мәдениетін дамытуға тың серпін беріп, оқушы мен мұғалім арасындағы шығармашылық байланысты нығайтқан тағылымды бастама ретінде есте қалды. Театр шамын жаққан бұл жоба алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенім мол.

Р.Жолдасбайұлы.