+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Ауылды  абаттандыру – ардың ісі

Өткен жұма күні облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жұмыс барысымен Шелек ауылына келіп, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан бірнеше нысанды аралап көрді. Қайта жаңғырған кітапхананың ашылуына қатысып, заман талабына сай салынған Ә.Қайдар атындағы жаңа мектептің жұмысымен танысты.

Облыс басшысымен бірге аудан әкімі Талғат Байеділов, округ әкімі Айдарбек Дауытқұлов пен бөлім басшылары аралады ауылды. Ең әуелі Ахметжан Шымболатов атындағы орталық саябақты абаттандыру барысымен танысты. Қоғам қайраткері атындағы саябақта 4 балалар ойын алаңы, 1 шағын футбол, 1 баскетбол алаңы, 1 200 метр тротуар салынып, 111 бірлік шам жарықтары қойылған. Сондай-ақ 5 шағын сәулеттік формалар орнатылған. Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерге, Шелек өңірінен шыққан 5 Кеңес одағының батырларына, Ауған соғысы, Чернобль АЭС апатын залалсыздандыруға қатысқан ардагерлер мен Желтоқсан қаһармандарына арналған жаңа ескерткіш орнатылған. Осы саябақты абаттандыруға 352,1 млн теңге жұмсалып, 2021 жылы ел игілігіне берілген-ді. Бұл саябаққа Ұлы Жеңіс күні қарсаңында «Таза Қазақстан»  экологиялық бағдарламасы аясында абаттандыру жұмыстары жүргізілді. 60 түп қырым қарағайы мен 10 түп шырша ағашы отырғызылған. Сонымен қатар 700 түп раушан мен 1500 түп петуния гүлдері егілген.

Саябақ аумағында «Жетісу Вольфрамы» АҚ-ның қаржылай демеушілігімен тағы бір футбол алаңы мен көрермендер трибунасының құрылысының жобасын іске асыру жоспарланған.  Облыс әкімі бұл жобанының қисынсыз екенін, істі жоспарлағанда әуелі оның тиімді жағын қарастыруды, саябақ жасыл желекке көмкерілмейінше ешқандай спорт алаңы салынбайтынын  айтты. Саябақты толық аралап көріп, ойын алаңдарының тозғанын, суару жүйесінің жұмысын толық қолға алмай, ағаш көшеттерін отырғызу бос әурешілік екенін жеткізді.

Бүгінде Шелек ауылындағы 5 көшеге қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыс басшысы Марат Елеусізұлы аталған көшелердің құрылысымен танысып, нақты тапсырмалар жүктеді.

Атап айтқанда, Абдікәрімов, Абай, Жібек жолы, Бауыржан Момышұлы және Малай батыр атындағы көшелерінің құрылысын мердігер мекемелер «Алматы жолдары» ЖШС, «Ақжол ДС» ЖШС жыл аяғына дейін аяқтауды жоспарлаған. Жоба жойынша 19 шақырым 2 қабатты 12 см асфальт жабындысы, 26 шақырым арық жүйесі, 30 шақырым жаяу жүргіншілер жолы жасалуы керек болса, оның жартысынан көбі орындалған. Сондай-ақ тағы 17 көшеде орташа жөндеу жұмыстары да қолға алынған. Бұған бөлінген қаражат – 4 млрд 247 млн теңге. Жоба жыл соңына дейін іске асырылу қажет. Жолдың ұзындығы – 45, жаяу жүргіншілер жолы – 44, арық жүйесі – 43 шақырым. Қазіргі уақытта Қайыпов, Вихрев, Нұрғазин және Қабылов көшелерінде жөндеу жұмыстары басталды. Аталған учаскелерде ескі асбест арық су құбырлары алынып, олардың орнына металл құбырлар жүргізілген. Сонымен қатар 2 151 метр тротуар бордюлары мен 2 100 дана су ағар науалар қойылған.

Көшелердің құрылысымен танысқан облыс басшысы барлық көшедегі жөндеу жұмыстары тұрғындардың, көліктердің жүруіне қолайсыз жағдай тудырғанын, оларға айтылған тұрғындар шағымының да орынды екенін тілге тиек етті. Марат Елеусізұлы басты мақсат – халықтың тұрмысын жақсарту екенін, уақытты кеңге салмай, мерзімінде сапалы аяқтау керектігін, бұны да өз бақылауына алатынын, тапсырмаға салғырт қаруға болмайтынын ескертті.

Сапар барысында ауылдағы электр желілерін қайта құру және жарықтандыру құрылысы, сондай-ақ су құбыры және кәріз жүйесін  жаңғырту, қайта салу жұмысының барысы, блокты-модульды қазандықтар туралы ақпарат та тыңдалып, сапаға баса назар аудару керектігін айтты облыс әкімі.

Қайта жаңғырған кітапхана

Кітапхана –  қайта түлеп, жаңғырған,

Кітап іздеп келетін жер әрбір жан.

Шын ізденіп, шың көңілге түйгенге,

Заманауи мүмкіндігі таң қылған.

Кітапхана – руханият мекені,

Есігі ашық, ешкімге жоқ бөтені.

Оқығанның, ізденгеннің көзі ашық,

Саналылық – жақсылықтың өтемі, демекші, 1935 жылы салынып,  арасында жөндеуден өтіп, міне енді, 422 млн теңге қаржыға қайта жаңғырған, заманауи Шелек модельді ауылдық кітапханасы оқырмандарға есігін айқара ашты. 6 кітапханашы қызмет көрсететін, 88 158 дана кітап қоры бар бұл оқырмандар мекені 2 жертөлесімен бірге, балалар бөлімі, конференция, абономент, интернет залдары, коворкинг орталығы бар 6 бөлімнен тұрады.

Кітапхананың ашылуына Марат Сұлтанғазиев, халықаралық ТҮРІКСОЙ түркі мәдениет ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, оның Алматыдағы кеңесшісі Қайрат Мұханов, ҚР Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Нұрғалиева, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, мәдениет саласының мамандары мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Заманауи талаптарға сай жабдықталып, жаңғырған кітапхана оқырмандарға арналған жаңа коворкинг, шығармашылық және демалыс аймақтармен толықты. Кітап сақтау жүйелері жаңартылып, цифрлық мүмкіндіктер енгізілді.

Қуанышқа ортақтасып келген қонақтар кітапханаға 100 данадан аса кітап сыйға тапсырды. Сыйлық кітаптар қатарында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының жаңа басылымы, Мұхтар Мағауиннің көптомдық шығармалар жинағы, Кемел Тоқаевтың туындылары, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдерге арналған креативті басылымдар бар.

Құтты қонақтар кітапхана ішін аралап көріп, жылы лебіздерін білдірді,  арнайы концерттік бағдарлама тамашаланды.

Жаңа мектеп – жаңа мүмкіндіктер

Пайдалануға берілгеніне екі жыл болған Әбдуәли Қайдар атындағы қазақ орта мектебінде 732 оқушы білім алуда. Жаңа білім ошағы өз кезегінде жергілікті жердегі үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге, ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуға жол ашты.

Жайлы мектепті облыс әкімі Марат Елеусізұлы, бірге еріп келген құрметті қонақтармен аралап, пән кабинеттеріне кіріп, жағдаймен танысып, жетістіктеріне көз жеткізді.

Облыс әкімі өз сөзінде жайлы, заманауи талаптарға сай жабдықталған мектепке демеушілік жасаған «BEELINE Қазақстан» холдингі осы Шелек ауылын таңдағанын, екі жылдың ішінде білім сапасы айтарлықтай артқанын айтты.

– Ашылғанына екі жыл өтсе де, мектеп ұжымы мен оқушылары халықаралық, республикалық және облыстық білім додаларында жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындардан көрініп жүр.  Жалпы, соңғы төрт жылда облысымызда 75 жаңа мектеп салынды. 76 білім беру ұйымына күрделі, 46-сында қалыпты жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, дарынды             жастарды қолдау мақсатында «Алатау дарындары» жобасы жұзеге асырылуда. Бүгінде Қытайдың үш провинциясында облысымыздың 57 түлегі білім алып жүрсе, алдағы уақытта тағы 65 студентті оқуға жіберуді жоспарлап отырмыз. Шетелде білім алып, елге оралған жас-тар туған жердің дамуына үлес қосып, мемлекетіміздің өркендеуіне қызмет етеді деп сенемін. Әрбір жетістік пен жеңістің артында ұстаздың өлшеусіз еңбегі тұр. Шәкірт тәрбиелеп, бағыт-бағдар беріп жүрген барша ұстаздарға мың алғыс, – деді  Марат Елеусізұлы.

Жоғарыда аттары аталған қонақтар да сөз сөйлеп, мектеп кітапханасына қолтаңбаларын қалдырып, сый-сиапаттарын жасады.

Одан кейін «Жаңа мектеп – жаңа мүмкіндіктер»  іс-шарасында 14 мұғалімді  облыс әкімі Құрмет грамотасымен және мектеп салуға демеушілік еткен жеке кәсіпкерлер мен «BEELINE Қазақстан» холдингі, «Zhyly Zurek  Foundation» копоративтік қоры өкілдерін Алғыс хатымен марапаттады.

Жақсылыққа арналған жиын соңында мектептің дарынды оқушылары талай жарыстарда жүлделі орындарды иеленген жетістіктерін көпшілікке паш етіп, шерумен жүріп өтті. Танымал әнші Сәкен Майғазиев бастап әсем ән шырқалып, мектеп өнерпаздарының концерттік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылды.

Анарбек БЕРДІБАЕВ.