+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Шешеннен сөз,  шеберден із қалады

Қазақстан Ғылым академиясы тіл білімі институтының ондаған ғалымдары отыз жылдан астам уақытта асқан ыждағаттылықпен тынымсыз тер төге отырып «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» он томдығын шығарғанын білеміз. Бұл – әрине, бүгініміз үшін ғана емес болашағымыз үшін де баға жетпес байлық. Оның бер жағында әртүрлі кәсіп пен мамандыққа әртүрлі техникалық, медициналық, жер-су аттары, ономастикалық, топономикалық ғылым салаларына байланысты жекелеген сөздіктер де шығып жатыр. Сөйте тұра халқымыздың ағаштан, темір, болат, алтын, күміс, жез, мыс, мелхиер сынды түрлі-түсті металдан, мүйізден, тастан, сүйектен, қыштан, жүннен, қылдан, түбіттен, теріден,  жасалатын қолданбалы  қолөнерінің туындылары мен құрал-саймандарына байланысты мыңнан асатын атау сөздің әлгі сөздіктерге енбей қалғандығын қырық жыл бойына осы өнердің қыры мен сырын меңгеріп, жеке қорында 5000-нан асатын экспонат жинаған шілеңгер шебер Дәркембай Шоқпарұлының аузынан алғаш естігенде аңтарылып қалғанымызды несіне жасырайық. Бұл оқиға – тіл өнері мен сөз байлығымыздың сарқылмас бұлағынан сусындап, шебердің тірілткен жаңа сөз, жаңа тіркестерінің сырына терең үңілуімізге түрткі болған тың дүниелер еді.

(Жалғасы.Басы 1-бетте)

Сөз байлығының

сарқылмас бұлағы

«Ұстаға қолқа салсаңызшы, ұстадан нұсқа алсаңызшы» демекші, қазақ қолөнерінің айтулы шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Суретшілер және Дизайнерлер одағының мүшесі, «Ленин комсомолы» сыйлығының лауреаты, Еуропадағы қыпшақтар қауымдастығының басқарма мүшесі, Қырғыз Республикасы «Дизайн академиясының» толық мүшесі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының, сәндік өнер кафедрасының профессоры, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері марқұм Дәркембай Шоқпарұлының бұл күнде халық аузында қанатты сөзге айналып кеткен «Жігітке жеті өнер де аз, жетпіс өнер де артық емес» деген сөзінің сырына қасындағы ұзақ жылғы іні жолдасы әрі шәкірті бола жүріп, көп нәрсеге көз жеткізгендіктен де көсіле сөйлеуімізге тура келіп отыр. Дәкеңнің өзім жіктеп, жіліктеп санағанымда меңгерген кәсібі мен игерген өнерінің ұзын саны жетпістен асып тура жетпіс жетіге жеткені бар.

Дәркембай дархан көңіл дара тұлғам,                                                                                                       

Қырансың өнер тамған қанатынан.                                                                                                         

Сегіз қыр, сексен сырлы саңлағымсың,                                                                                                                          

Қасиеті қолөнерге ара тұрған, – деп ағымнан жарыла жолдаған жыр жолдарым ағаға деген ақжарма тілегім мен өнеріне деген тәнтіліктен туған сүйіспеншілігімнің шынайы көрінісі болатын. Шіркін, сөз қадірін барынша терең түсінген қайран ата-бабамыз балаларына ат қоя білуде де шеберлік танытқан ғой. Дәркембай ағамыздың аты (түпкі мағынасы) – Дархан бай. Есімі кемінде қырық кісінің аузына ілінген адамға қыдыр дариды деген ниетпен жер жәннаты Жетісу өлкесінің елге жаққан Дәркенбай атты дуалы ауыз болысы болғандығын ілгерідегі ел айтады. Ендеше бұл да сондай есімі ел аузында жүретін жұрт кісісі болсын деген ниетпен жас нәрестенің атын да Шоқпар атамыз бен Жұмакүл анамыз Дәркембай деп қойған екен. Бұл туралы Дәкеңнің: «Азан айтып есімімді,

Дәркембай деп қойған екен.                                                                                                                   

Өмірімнің жалғасы – деп,                                                                                                                              

Қуаныпты қайран әкем…» – деп өлеңге қосқанын жері де бар. Болыс болмаса да ұсталар әулетіңнің отбасында дүниеге келіп, көзін ашқалы көрік басып балға мен төстің шыңылына құлағын төсеп өскендіктен Дәркембай ұстаның:                                                                                                                  

«Бабамнан қалған мұра төс пен көрік,                                                                                                 

Ұста әкемнің үлгісін өскем көріп.                                                                                                                    

Ұғынамын осыны мол байлық деп,                                                                                             

Басқа байлық мен үшін бес теңгелік» – деп өзі жырлағандай, атадан да батадан да берілген бар байлықты мейлінше меңгерген майталман шебер ұста, мүсінші һәм суретші, өнер жолын арнайы мамандық ретінде оқыған да зердесіне тоқыған зерделі зерттеу ісімен түбегейлі айналысқан ғалым-этнограф әрі зердемен өлең зерлеген, темір созып тері илеп, маңдайы шылқа терлеген, сан жарыста топ жарып, жүлдені қолдан бермеген ақын болды.

Келе жатыр алтын шашын тарап күн,

Өмір сенен балдан тәтті нәр аппын.

Бар бұйымды өз қолыммен әсемдеп,

Сұлулықты өз қолыммен жараттым.

Қамшылайын жүйрік атын талаптың,

Мен де өмірге келіп-кетер қонақпын.

Ұстазымнан ұсталықты үйренгем,                 

Сырын ұғып, алтын, күміс, болаттың» – деп, өз шыңына есімін  өлеңімен де өнерімен өшпестей етіп ойып жазып кеткен өрелі тұлға.

Көзінің тірі кезінде-ақ қазақ қолөнерінің атасы атанған сарабдал суреткер, сан түрлі өнер иесі, өзінің әмбебап өнерімен әлемді мойындатқан шілеңгер шебер-ұста Дәркембай Шоқпарұлының саналы ғұмырының сан жылдарын сарп етіп, санамызға өшпес сәулесін жағып кеткен үлкен өнердің өзекті бір саласы тері өңдеу өнері мен әрі теріден жасалған бағалы бұйымдар болатын. Қолөнерімізді ғасырлар бойы дамып, қалыптасып келе жатқан халық шығармашылығының қайнар бұлағы әрі халық мәдениетінің айнасы десек артық айтқандық емес. Себебі бұл өнердің болмысымызбен біте қайнасып, бірге жасасып, салтымызбен сабақтасып, дәстүрімізбен бірге дамып, тұрмыстық қажетімізді өтеуде ерекше маңызға ие болып келгені белгілі. Қазақ халқының қолөнерінің ішінде ең көп тарап, көнеден келе жатқан түрі тері өңдеу, илеу, оны ұқсатып әртүрлі заттық пішінге (формаға) келтіріп өрнектеу, батырма аспаптарын пайдаланып әртүрлі әшекейлі өрнектер түсіріп, тілу, түю, тігу, өру  өнерімен көрген жанның көзінің жауын алатындай бұйымдарды жасау арқылы халық шеберлерінің әдемілікті әспеттеген эстетикалық талғамының жоғарылығы мен философиялық ойлау деңгейінің тереңдігін көруге болады. Қазақ жеріндегі тері өңдеу өнерінің тарихы өте әріден бастау алады. Өнердің бұл түрі көшпенділер арасындағы негізгі өндірістің бірі әрі бірегейі екендігі күн өткен сайын өнер зерттеушілерінің еңбектері арқылы көзіміз жетіп отырған шындық.

Көрнекті ғалым, аудармашы-ақын, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы бабамыз: «Тіршілік үшін жұмсалатын «тірнек өнері», көркемдік үшін жұмсалатын нәрселерді жасауға арналған «көрнек өнері» деп, өнерді екі салаға бөліп қараған екен. Бұл жерде «тірнек өнері» – қолөнері да, «көрнек өнері» дегеніміз бейнелеу», – деген болатын. Сондықтан да қолөнерді бейнелеу өнерінің бір саласы әрі бөлінбейтін бөлшегі  деп қарағанымыз жөн.

«Айылын сәндеп өрдім ноқыралап,

Өсу бар өнерде жоқ тоқырамақ…»

Тері бұйымы ғасырлар бойы мал шаруашылығы мен аңшылық кәсіппен айналысқан ата-бабаларымыз үшін ең негізгі шикізат көзі. Тері – бұл табиғи өнім. Ол өзінің төзімділігі мен ұзаққа шыдайтын жарамдылығының арқасында әсіресе ат әбзелдерін жасауда ең басты материалға айналды. Атақты «Қобыланды батыр» жырындағы:                                                                      

«Үзеңгісі үзбе алтын,

Тебінгісі терме алтын,

Құйысқаны құйма алтын,

Жүгені бар түйме алтын» – деп келетін жыр жолдары ата-бабаларымыздың  ат әбзелдерін әшекейлеп әрлеуде, әдемілеп сәндеуде қаншалықты төзімділік пен табандылық таныта отырып тер төккендерінен хабардар етеді. Айыл-тұрманды бұрын көк қайыстан жасаған. Кейін иленген теріден таспа тіліп, өрім өріп, түйін түйіп жылқыны ұстап байлау үшін алдымен қайыс ноқта, өрме ноқта жасап, оны қайыс шылбырмен немесе қылдан есілген, өрілген қыл шылбырмен мамағашқа байлаған. Ал атты ерттеп мінген соң оны өзінің қалаған жағына бұрып бағыттау үшін ауыздығы бар жүгенді тағып (кигізіп) пайдаланған.

Атқа мініп, еңіске қарай жүргенде ертоқымның алдыға қарай жылжып ат мойнына кетіп қалмауы үшін құйысқан таққан. Халқымызда: «Қостап айыл таққанмен құйысқандай болмайды, танысқа сенім артқанмен туысқандай болмайды» деген мақалдан-ақ құйысқанның қызметінің қаншалықты маңызды екенін көруге болады. Өрге қарай жүргенде ертоқым артқа қарай жылжып кетпеуі үшін өмілдірік таққан.

Үзеңгіні ең әуелі ағаштан, кейін келе түрлі металдардан жасап атқа мықты әрі орнықты отырудың кепілі еткен. VІ ғасырда көне түріктер Алтайдан шығып, көк түріктер яғни үлкен түрік империясын құрды ғой. Сібірден сонау Қара теңізге дейін жаулап алуының сыры неде десеңіз, түріктер ең алғаш рет үзеңгіні ойлап тапқан.  Үзеңгі таққан ерге отырып жауға шапқан жауынгерлер өте күшті болған. Үзеңгіге аяғын тіреп, тіреніп отырып, шіреніп отырып садақ тартып, қылыш шауып, найза шаншығанда алапат күштің иесі болған. Жылқы түлігін ертеден қолға үйретіп: «Жылқы деген мал екен, жесең еті бал екен, үстіне мінсең жел екен, ұшқан құспен тең екен, сүті сусын шөл басар әрі дертке ем екен», – деген дана халқымыз тегін айтпаған. Оның қадірі мен қасиетін білгендіктен айтқан ғой. «Ер қанаты ат». «Атты күткен жаяу жүрмейді». «Арғымақ аттың тұяғы, тасқа тисе кетілер, сазды басса жетілер» деп, атты әсіресе таулы-тасты жерде тасырқатпау үшін тағасыз мінбеген. Жылқыны қызыл табан ғып айдап, тағасыз мініп күржіктеткен адамды ақылсызға балап, жетесізге санаған. Жылқы – аяқты мал. «Ысқырса желдікі, айдаса жаудыкі. Жылқыны жылқының тұяғынан да қатты адам бағады» деп, жылқы бағу кез-келген момын, жуас адамның емес, керісінше қарулы, қайтпас, ылдым да жылдым, жылдам, сергек адамдардың, нағыз жігіттің жігіті ғана баға алады деп санаған. Әсіресе күнделікті мініс аттарының алысқа ұзап кетіп қалмауы үшін, тұсап, шідерлеп, өрелеп, арқандап, кісендеп ұстау әдістерін қолданған. Мұндағы шідер, өре, тұсау, тұсамыс екі түрмен жасалатын болған. Біріншісі, өрімшілік жолмен жұмырлап өріліп жасалса, енді бірі қайыстан жалпақтап тіліп  жасалған. Ал арқан үшкіл қайыстан ширатылып та, он екі таспадан өріліп те қылдан есіп те жасалынады.                                                                                                                                    Әсіресе жылқы түлігінің жал-құйрығынан есілген қыл арқан суға, күнге шірімейді, өте берік. Біздің тұрмысымыздағы атқаратын рөлі ерекше болған. Сондықтан да ондай қыл арқанмен шу асауларға бұғалық салып, шалма     тастау (лақтыру) арқылы ұстау әдістерін пайдаланған. Ат арқандаған. Көшіп-қонған сәттерде ауыр жүкпенен буылған теңдерді осы қыл арқанмен буып байлаған. Қылдан ескен арқанның айта берсе қыры да көп, тұнып жатқан сыры да көп. Ертеде билер мен шешендер дау-дамай мен жанжалдарды шешкенде дауласушы жақтың адамдары арнайы қыл арқанды алып баратын дәстүр де болған. Ондағы мақсат – дау егер де әділ шешілетін болса сол қыл арқанды тең ортасынан бөліп, қиып екі бөлігін екі жаққа алып кететін болған. Егер билік әділ болмады деп ренжіген жағдайда қыл арқанды қимай қайтып алып кетеді. Ал енді тіліміздегі «Қара қылды қақ жару» деген тұрақты сөз тіркесі осындай ата дәстүрімізден қалған. Сонымен қоса тең, әділ, дұрыс, тура болу дегенді де осы қыл арқанмен байланыстырып, қылдай бөлісті, қылдай ғып бөліп бер, қылдай етіп бөліп алыңдар деген де тіркестер қалыптасқан. Ал одан кейін әсіресе жылқы малына ноқта байлайды. Арнайы жасалған ноқталар қайыс ноқта, ноқыралап өрілген болмаса иленген қайыстан жалпақтап тіліп жасалынған ноқталар және де сол ноқталарға қыл шылбыр тағылатын да жағдайы болады. Енді сол нақтаға да байланысты халқымыздың сөздік қорында қаншама мақал-мәтелдер мен тұрақты тіркестер, дәйекті сөздер бар. «Ноқтабасы» – бұл бір елдің, рудың, аталардың ерекше ес тұтып, құрмет көрсетіп, жасының немесе жолының үлкендігін білдіру үшін қолданылатын тұрақты тіркес. «Атасы басқаны қыз қосады, үйірі басқаны ноқта қосады» деген мақал да ел ішінде кең тараған. Сондай-ақ «ноқтаға басы сыймаған» деген де тіркес, асау, ерекше мінезді, жалпақтап-жалтақтап жағымпаздануды білмейтін бір беткей, турашыл, өткір, өжет, өз дегенімен жүретін жеке дара дербестікті ұнататын қажыры мен қайраты мол адамға қаратып айтылатын сөз. Ал енді жүгенге келетін болсақ қайыстан түйіп те, тіліп те, тілінген қайыстан өріп те жасалынатын айыл-тұрманның түрі. Ұста Дәркембай Шоқпарұлының айтуынша, бұрынғы халық шеберлері жүгенді үш түрлі әдіспен жасаған. Түйме жүген, өрме жүген, қайыс жүген. Қайыс жүген дегеніміз – қайыс пен былғарыны қабаттап ызып тігілген түрі. Түйме жүгенді иленген қайыстан түйіп жасап, оны күнделікті шаруа жұмыстарына пайдаланатын болғандықтан аса көп әрлеп, әшекейлей бермеген. Ал өрме жүген-түйме жүгенге қарағанда анағұрлым әшекейленіп әдемілеген сәнді болып келеді. Оны ерінбей отырып сегіз кейде он екі таспа өріммен өретін болған. Халық шеберлері бұл өрімді «ноқыра» немесе ноқыралап өру деп атаған. «Айылын сәндеп өрдім ноқыралап, өсу бар, өнерде жоқ тоқырамақ» деп, өлеңмен өрнек салған өнерпаз Дәкембай ағамыз өзінің «Ер-тұрман туралы трактатындағы» жүген туралы жырына арқау еткен мына бір үзіндінің өзі көп нәрсені көз алдымызға елестетеді.

«Жүгені, ауыздығы, сулығымен,

Кекілдік, сағалдырық баулығымен.

Шылбыры, шығыршықты, тізгінімен,

Шындығы салтанатты құнды жүген…» – деп келетін небәрі төрт-ақ жолдан тұратын өлеңінің өн бойына жиырмадан астам атау сөздерді алдымызға жайып салады.  Кекілдікті кекілдірік, кекілбасар, милық деп те атай береді. Кекілдікті кеңейтіп, тарылтып тұру үшін бір жақ басына айылбас бекітіліп кемінде төрт-бес жерден тесік тесіледі. Сағалдырқты кейде сағақ деп атайды. Енді осыған екі тізгін, бір шылбырды қассақ бір жүгеннің айналасында жиырмадан астам атау сөзді табамыз. Әдепсіз мінез көрсетіп, қыңыр-қисық қылығымен елге жақпаған жандарды да «ой, жүгенсіз», «жүгенсіз кеткен неме» деп жер жебіріне жетіп, жерлеп жататын да жайымыз болған. «Ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен су кешті» деген де тіркестер бар. Ол – өте шұғыл, қысылтаяң, ел басына күн туған, әр уақыттың, сағаттың сынаққа толы сәттерін білдіретін, әсіресе жаугершілік замандағы жайдан хабардар ететін тіркестер. Сондай-ақ орашолақ олақтық пен салдыр  мінез салақтықты сынға алғанда: «Атқа мінсе ауыздығын салмай, ауыздығын салса суарғанда алмай» деген тіркестерді бұл күнде ұмытуға айналып бара жатқандаймыз.

«Тізгін ұстатты» деген сөз – өзінің сенімін үмітін ақтады, көңілінен шықты деген мағынада қолданады. Тізгін ұстарың болсын деген де өзіңнің артыңнан ерген бауырың болсын, ізіңді басқан інің мен ұл балаң болсын деген жақсы ниетті білдіреді. Осыншама ат әбзелдеріне қатысты құнды, бұйымдарды өз қолдымен  асқан шеберлікпен жасаған халық ұсталары көн дулыға, қорамсақ, жеңсе, тізелік, көнек, мойнақ, торсық, мүйіз торсық,  жанторсық, қауға, кеукерін,  мойнақ, сүйретпе, саба, бұлқыншақ, мес, шанаш, бөрдек, долдық, биялай, кесеқап,  сондай-ақ ұстаның құрал саймандарын салып қоятын талыс  секілді толып жатқан қажетті бұйымдар мен  тон, қамқа тон,  ішік, қасқыр ішік, бота ішік, бұлғын ішік елтірі ішік, қасқыр ішік, түлкі ішік, түлкі тұмақ, бөрік, сусар бөрік, құндыз бөрік, кәмшат бөрік, жарғақ, бөкен жарғақ, тайжақы, шалбар, аба,  шарық, шоңқайма, көк етік, мәсі, мықшима, саптама, белбеу, белдік, кісе белдік, секілді толып жатқан киім-кешектердің өзі теріден жасалатын бұйымдарға жатады. Терілер – аң терісі мен мал терісі. Аң терісінің (қоян, түлкі, қарсақ, бұлғын, сусар) мал терісіне қарағанда жұмсақ әрі жұқалау болып келеді. Оны мес қылып сойып, өзі жұқа теріні кесіп алмас үшін пышақ тигізбей саусақпен, жұдырықпен іреп сойып жылы күйінде тұздайды. Тұзы сіңген соң арнайы кергішке керіп кептіреді. Айран немесе сарысуға ұн қосып, (қара бидайдың ұнын) арнайы и жағып бір-екі тәулік жылы жерде ұстайды. Аң терілірі жұқа болғандықтан иді тез сіңіреді. Әбден иі қанған теріні тазартып, уқалап, созғылап жұмсартады. Иі қанған тері әбден жұмсарып ақ түске енеді. Ақшыл түс тез кіршең болатындықтан теріні әртүрлі табиғи бояуларға салып түс береді.

Мал терілерінің түрлері мен атаулары туралы да осы тері илеу өнерінің хас шебері ұста Дәркембай Шоқпарұлы терілердің көп бөліктерін анықтап атап көрсетіп беріп кеткен. Атап айтсақ: Мал терілері негізінде жондық, сауыр, бауыр, мойын, үйектік, пұшпақ, әрі бас терісін тұтастай сойып алса талыс болып бірнеше бөліктерге бөлінеді.  Соның ішінде ірі қара малдың терісі: сиыр терісі, өгіз терісі, тайынша терісі, бұзау терісі деп төртке бөлінеді. Жылқы терісін бие терісі, жабағы терісі, құлын терісі деп үшке бөледі. Түйе терісін атан терісі, бота терісі дейді. Ал енді қой мен ешкі терілері: жабағы тері, қырықпа тері, күздік тері, соғым терісі, тақыр тері, тоқтышақ терісі, сеңсең, елтірі, мари, жылбысқа деп бөлінеді. Міне осындай мал терілерін илеу үшін алдымен малма деп аталатын сұйық затты даярлайды. Ол үшін ұйыған айранның сарысуын сүзіп алып ыдысқа құяды да сол сарысуға ұн, кебек қосып араластырып ашытады. Міне мұны малма дейді. Әйгілі Абай данамыздың «Күз» деген өлеңінде:

«Біреу малма сапсиды салып иін,

Салбыраңқы тартыпты жыртық киім.

Енесіне иіртіп шуда жібін,

Жас қатындар жыртылған жамайды үйін», – деген жолдар бар ғой. Осындағы «малма», «сапсу» «іи» деген сөздердің санамызда бүгін тек сұлбасы ғана қалғандай. Міне, осындай көне сөздерді көрсе көзінен таса қылмай зерделеп, зерттеп жүретін ұста-зергер Дәркембай ағамыздың мен сияқты бір ақын шәкіртіне жазған арнау өлеңінде де:  

«Тағдырдың да тәлкегіне қайыспай,

Иің қанды малмадағы қайыстай.

Бекем жігіт екеніңді білдірдің,

Зіл-батпанға тілерсегің майыспай», – деген жолдары бар.

Дәркембай ағамыз тері илеп, темір созып, ер шауып, сурет салып, мүсін жасап, тас қашап, сүйек жонып атакәсібіміздің ауыр жүгін арқалап, көп жылғы жанкештілік еңбегінің арқасында «Қазақтың қол-данбалы өнері», «Өрім өру»,  «Домбыра жасау», «Теріден жасалатын бұйымдардың арнайы композициясы», «Теріден жасалатын бұйымдарды құрастыру технологиясы, «Ай-алқа», «Қазақтың қолөнері», «Замана ағымы» атты бірнеше кітаптарын қалдырған қазақ қолөнерінің дарабозы.

Шебердің қолы ортақ, өнердің жолы ортақ

Дәркембай Шоқпарұлының шығармашылығы мен тері өңдеу өнеріне байланысты өзімен замандас, заманымыздың заңғар ұлы болған көрнекі этнограф әрі қоғам және мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің 1997 жылы Алматы «Рауан» баспасынан жарық көрген «Тағдыр тағлымы» атты екі томдық еңбегінің екінші кітабында өнер шеберлері мен зерттеушілері туралы айта келіп, Дәркембай Шоқпарұлының шығармашылығына ерекше тоқталады. «Он саусағынан өнер тамғандай» дейтін, ата жолын қуып келе жатқан әйгілі ұсталардың ұрпағы Дәркембай Шоқпарұлының көкше теңіз түбінен інжу іздегендей, қазақ қолөнерінің өткерме, жалған қара, таптаурындау сияқты тәсілдерін қайта ендіруге, мүлдем ұмытылған деп есептелген кәдімгі қымыз құятын торсық шығарудың технологиясын қайта қалпына келтіруге сіңірген еңбегі зор. Оның торсық тігудің «құпиясын» ашу үшін кезінде бірнеше облыстарда, көптеген аудандарда болып, көнекөз қарт ұсталармен кездесіп, пікір алмасқаны жемісті болды.

Бірде Ғылым академиясында маған ғалымдардың мынадай жайды айтып бергені бар-тын. Жапониядан келген қарт профессор қазақта өрнектелген тері «ваза» болады екен, соның бірін сатып алсам деп қоймапты. Тері «ваза» деп отырғаны таптаурындалған тор-сық. Ол тек музейлерде ғана сақталған, дүкендерде сатылмайтын. Мені іздесе орынымнан табыла қоймаппын. Сондықтан не де болса шебердің өзімен сөйлесейік деген оймен ол кезде «Қазмузейреставрация» шеберханасында қызмет істейтін Дәркембаймен ақылдасып, ақау шыққан шұрқ-тесік, қымыз тұрмайтын біреуін қолына ұстата салғанда жапондық қонақ осындай қымбат нәрсені тегін беріп отырсыздар деп риза болғаны сонша «шалқасынан» құлап қала жаздапты дейді. Ол не үшін керек, әлде технологиясын үйрену үшін керек пе, әлде кәдімгі әуесқойлықтан ба, ол жағы белгісіз, ол тұста біздің адамдар мәселенің бұл жағына көңіл аудара бермейтін. Міне, «Шебердің қолы ортақ, өнердің жолы ортақ» дегеннің тағы бір мысалы, мұны да өмірдің өзі үйлестіріп отырғандай. Қазір Дәркембай Шоқпарұлы өзінің шеберлік мектебі бар, музейі бар өнерпаз. Мен оған шығармашылық табыстан басқа тілейтінім жоқ. Барша уақытта салауатты болсын» – дейді Өзбекәлі көкеміз өткен ғасырдың 1997 жылында.

Алла өзі дарытқан соң ірілік,

Сен сөйлесең сөз кететін тіріліп…

«О, менің отауызды асау шерім,

Бәрі бір қашан алға ұш, қашан шегін.

Темірден арқан ескен алдиярым,

Ағаштан кесте тіккен хас шеберім» – деп, Тұманбайдай тұлғалы ақын ағамызға жыр арнатқан сан қырлы өнер иесі Дәркембай ұстаның құдіретті сөз өнерінің де шебері екендігі – жұрт мойындаған шындық.

Сонау 1960 жылдардың аяғынан    бастап күні бүгінге дейін сұлулықтың сырын ашып, әсемдікті өз қолымен жаратып келе жатқан жанкешті өнер иесінің жарты ғасырдан астам уақыт ішінде жинақтаған іс-тәжірбиесін жұршылықтың жүрегіне жеткізіп, осы киелі өнеріміздің ұлттық үрдісін үзіп алмау мақсатымен «Социалистік Қазақстан», бүгінгі «Егемен Қазақстан», «Лениншіл жас», «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті», «Дала дидары», «Ана тілі», газеттері мен «Білім және еңбек», «Зерде», «Пионер», «Мәдениет және тұрмыс» бүгінгі «Парасат» журналдарында қасиетті тіліміздің қыры мен сырын ашып, ұмыт болып өшіп бара жатқан талай сөзімізді тірілтіп берген әртүрлі ғылыми танымдық мақалалары жарияланып жатты. «Этнографтың қойын дәптерінен», «Қазақ музыка аспаптарының энциклопедиясы», «Белгілі жайдың беймәлім сыры», «Атакәсіп»,  «Тіл төркіні», «Піл көтермегенді, тіл көтереді» деген айдарлармен үнемі үзбей жүргізіп келген үлгі сабақтарының нәтиежесінде халқымыздың жиі қолданбай жүрген немесе ұмыт бола бастаған кейбір бұйымдардың түр-тұрпатын, атауын анықтау және оларды қайта тірілтіп, халықтың қажетіне жарату нәтиежесінде: аба, абақ, ашамай, арқамшы, асқақ темір, ажырғы желқабыз, жады, жарғақ, бөкен жарғақ, жақы, жете, жем қалта, жөргем, желпуіш, жылбысқа, іскенже, күдері, күпсер, кеукерін,  бөрдек, долық, көбе, сақсыр, сақетер, бұлқыншақ, бұйда пышақ, бағдар, басқыш, бәдізші, білеме, білеу, бүлдірге, бүркіт бесігі, биялай, мәстемір, мәсуек, мәйек, мари, мәңдір, асай-мүсей, сабаутіс,  саба, сақпан, сырнай, сыдырғы, сәкәгүл, тозсырнай, талыс, талқы, тайжақы, тай тұяқ, тұяқтақа, таптаурын, үгіндірік, үгіршік, үскі, ирек, итарқа, үкіаяқ, шамдал, шың, шыңдауыл, шарық, шартылдауық, шәңгек, шыңылтыр, лажы, дауылпаз, дүре, дүм, шырға, қандауыр, қауға, қож, қожы, қазбай, көнек, кеспек, кепсер, керме ағаш, көтермекіл, секілді көптеген зат бұйым атаулары қазіргі тілдік қорымызға Дәркембай еңбегінің нәтижесінде енген еді.

Өшпес өнерімізге өлмес өмір сыйлаған

Қазақ қолөнерінің сан салалы түрі мен қырын, сырын терең меңгеріп, өзінің шеберлік мектебін қалыптастырып кеткен ұста Дәркембай Шоқпарұлы ағамыз  1946 жылы 23 мамырда Еңбекшіқазақ ауданының Ақши ауылында туып, 2006 жылы 20 мамырда небәрі 60 жасында дүниеден озды. Алпыс жылдық аз ғұмырында арғы аталарынан бері үзілмей келе жатқан киелі өнердің үрдісін жалғап, оны ерекше биік белеске көтерді. Нәтижесінде Ақши ауылындағы «Ұста Дәркембай атындағы қолөнері музейі» өзінің ұлы ұста-шебер Дәулет Дәркембайұлының жетекшілігімен әлемнің әр түпкіріне сапар шегіп, ұлттық өнерімізді паш еуде.

«Мен нағыз өнерге адам атаулының неге тәнті болатынын жаңа түсіндім. Сол үшін де Дәркембай бауырым, сенің алтын саусағың мен қанатты қиялыңа мың алғыс» деп жазған екен өзінің замандасы, этнограф-ғалым, жазушы Ақселеу Сейдімбеков 1982 жылы 22 қаңтарында дәл осыдан 44 жыл уақыт бұрын.  Дара біткен дарынымен дала мәдениетін жетік меңгерген дара тұлға Дәркембай Шоқпарұлының шығармашылығына мың сан адам миллион түрлі пікірін айтса да өзінің айшықты ажарына кірбің түсірместен керуенінің көшін түзеп келешекке көше бермек. Себебі Дәркен ағамыз өзінің парасат биігінен пайымдай білген асқақ ойы мен арманы орындалған асыл азамат. Өшпес өнеріміздің өзегіне өлмес өмір сыйлаған өрелі тұлға.

Камнұр ТӘЛІМҰЛЫ,

ақын, сазгер Қазақстан білім беру ісінің үздік қызметкері, Халық мұғалімі, дәркембайтанушы, Талғар ауданының құрметті азаматы, Алматы облысының бас биі.