
Жас дарынның жарқын жолы
Өнердің бірнеше бағытын қатар алып жүрген талантты балалардың бірі Олжас Шамейхан. Ол 2012 жылдың 20 қазанында Қаракемер ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда Қ.Орымбетов атындағы орта мектептің 8 сыныбында білім алады.
Олжас Қаракемер ауылдық мәдениет үйіндегі Еңбекшіқазақ аудандық Тоқтасын Әбілезов атындағы айтыс және жыр-терме орталығының шәкірті. Жас таланттың өнер жолындағы жетекшісі – күйші, жыршы, дәстүрлі әнші әрі актер Ұлан Қалиұлы. Ұстазы кішкентайынан Олжасқа домбыра үйретіп, ұлттық өнерге баулып келеді.
Өнерлі оқушы республикалық және облыстық көптеген байқауларда топ жарып жүр. Атап айтқанда, 2025 жылы өткен облыстық «Балауса жас таланттар» байқауында дәстүрлі ән номинациясы бойынша бас жүлде иеленсе, сол жылы «Жарық жұлдыз» балалар өнер байқауында да бас жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар, 2024 жылғы «Дарын» республикалық өнер байқауының бас жүлде иегері атанды.
Олжастың өнері телеарналар арқылы да көпшілікке танылып үлгерді. Ол «Еуразия» арнасындағы «Көреміз» шоу бағдарламасына қатысып, «Қазақстан» ұлттық арнасының «1001 түн» бағдарламасының тікелей эфирінде өнер көрсетті. Сондай-ақ 2026 жылғы жаңа жылдық арнайы бағдарламаға қонақ ретінде шақырылған.
Жас өнерпаз әлеуметтік желіде де белсенді. TikTok платформасында 34 мыңнан астам жазылушысы бар Олжас-ты тек Қазақстанда ғана емес, шетел көрермендері де таниды. Әншілікпен қатар Олжас жыршылық, күйшілік, жүргізушілік өнерді меңгеріп, жас блогер әрі актер ретінде де танылып келеді. Оның қатысуымен «Таптым-ау сені 3», «Майор мырза 2», «Ақ жеңге», «Жүрегімнің иесі», «Хат», «Болған оқиға», «ДШ ағай» секілді фильмдер мен телехикаялар жарық көрді.
Өнерге деген сүйіспеншілік оған отбасынан дарыған. Әжесінің әншілік қасиеті бойына сіңіп, ата-анасының қолдауы мен тәрбиесі жас таланттың шабытын шыңдай түскен. Олжастай жан-жақты өнер иелері – ел мақтанышы.
Ринат НАРХАНОВ.
