
Бүлдіршіннің биік белесі
Жаздың алғашқы күні балалардың мерекесі екені белгілі. Әрбір баланың өзіндік бір әлемі, қиялы, қабілеті болары анық. Осы орайда ауданымызда жас болса да биік белестерді бағындырып жүрген бүлдіршіндерімізді оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.
Ева Пулик – өнер мен спортты қатар алып жүрген дарынды бүлдіршіндердің бірі. Ол 2019 жылдың 29 қаңтарында Есік қаласында дүниеге келген. Қазіргі таңда Есік қаласындағы гуманитарлық гимназияның 1 сыныбында білім алып жүр.
Анасы Регина Александровнаның айтуынша, Ева кішкентайынан өнерге жақын болып өсті. Төрт жасында көркем гимнастикаға қызығушылық танытып, 2023 жылдан бері бұл спорт түрімен кәсіби түрде айналысып келеді. Табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында жас спортшы бүгіннің өзінде үлкен жетістіктерге жетіп үлгерді. Оның қоржынында облыстық, республикалық жарыстарда 8 жеңіс бар, оның барлығы – бірінші орындар. Ева Арина Павловна бапкерлік ететін «Сувенир» спорттық командасында жаттығып жүр. Осы орайда ата-анасы спорттағы ұстазына зор алғыс білдіреді.
2025 жылдың 15 қарашасында Түркістан қаласында өткен облыстық көркем гимнастика жарысына қатысып, өз өнерін жоғары деңгейде көрсетті. Ева спортпен ғана шектелмей, бос уақытында музыка мектебіне барып, вокал және фортепиано сабақтарына қатысады. Бұл оның жан-жақты, өнерлі әрі ізденімпаз бала екенін көрсетеді. Осындай талапты, талантты балалар – еліміздің жарқын болашағы.
