+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Жазғы лагерьге жол ашылды

Балалар – еліміздің болашағы, қоғамның ең қымбат қазынасы. Сондықтан олардың қауіпсіз балалық шағын қамтамасыз ету – ата-ана мен қоғамның басты міндеті. Осы орайда В.Терешкова атындағы орта мектепте жаздық лагерьдің ашылуы салтанатты түрде өтті.

Жүздері бал-бұл жанған балғындардың қуанышты мерекесіне AMANAT» партиясы Еңбекшіқазақ аудандық филиалының төрағасы Бағдат Рахимов арнайы қатысты.

– Әрбір бала мейірім мен қамқорлыққа, махаббатқа бөленіп өсуі тиіс. Елімізде өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалып келеді. Балабақшалар мен мектептер салынып шығармашылық және спорттық үйірмелер жұмыс істеуде. Бұл балалардың қабілеті мен талантын ашып, қызығушылығын дамытады. Халықаралық  балаларды қорғау күні – барша бүлдіршіндерге қуаныш сыйлайтын мереке. Сондықтан бүгін мектебімізде жаздық лагерьдің ашылуын атап өтудеміз. Жаз бойы балалар үйде отырмай, біздің ұстаздар мен мамандардың көмегімен уақытын тиімді өткізеді, – деді мектеп директоры  Бекнұр Мұқашев.

Мерекелік шара оқушылардың әдемі әнімен жалғасты. Лагерьге келген оқушылар би билеп, айналада ерекше атмосфера орнады. Көтеріңкі көңіл күй, балалардың риясыз күлкісіне тамсана қараған ата-ана, ұстаздардың бәрі дерлік балалық шаққа бір сәт қайтып оралғысы келгендей. Оған қоса балалар түрлі түсті бормен сурет салып,шахмат, асық, тоғызқұмалақ ойындарын ойнады.

Шара соңында Бағдат Рахимов оқушыларды лагерьдің ашылуымен құттықтап, балғындарға бақытты балалық шақ тіледі. Сонымен қатар аудандық партия филиалының қолдауымен балаларға сыйлықтар мен балмұздақтар  үлестірілді.

Жанерке САТЫБАЛДЫ.