
Келісіп пішкен тон келте болмайды
Жуырда аудандық мәслихаттың мәжіліс залында Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Отырысты аудандық мәслихат төрағасы Бекет Ахметов жүргізді. Жиынға мәслихат депутаттары, бөлім басшылары қатысып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды мәселелерді талқылады.
Күн тәртібінде алты мәселе қаралды. Атап айтқанда, ауданның 2026-2028 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер енгізу, әлеуметтік көмек көрсету қағидаларын бекіту, аудан әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссия құрамын бекіту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Қаражота ауылдық округі әкімінің есепті баяндамасы тыңдалып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі мен жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің атқарған жұмыстары сараланды.
Бірінші мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Бейбіт Искаков бюджетке енгізілетін өзгерістер туралы баяндама жасады. Ал аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қалдыгүл Айсина әлеуметтік көмек көрсету тәртібін жетілдіруге бағытталған ұсыныстарын таныстырды. Терроризмге қарсы комиссия құрамын бекіту мәселесі бойынша аудан әкімдігінің заң бөлімінің басшысы Руслан Нармағамбетов хабарлама жасады.
Отырыс барысында Қаражота ауылдық округінің әкімі Нұрберген Қожамберді өзіне жүктелген міндеттер мен функциялардың орындалуы жөнінде есеп берді. Есепте ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, жер қатынастары, инфрақұрылым және инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы қамтылды.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрадин Ермаханбет аудан аумағындағы сумен жабдықтау, электр жарығы, кәріз жүйелері мен абаттандыру саласында атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Депутаттар тарапынан бірқатар елді мекендердегі сумен қамту, көше жарығы, электр бағаналарын жаңарту және коммуналдық инфрақұрылымды жетілдіру мәселелері көтерілді.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ержігіт Сарсембиев аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу, көпірлерді қалпына келтіру, қоғамдық көлік қозғалысын ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін арттыру бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Депутаттар бірнеше ауылдағы жолдарды жөндеу, аялдамалар орнату және қозғалыс қауіпсіздігін күшейту бойынша нақты ұсыныстар енгізді.
Отырыс қорытындысында экономика және қаржы бөліміне, Қаражота ауылдық округі әкімінің аппаратына, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөліміне, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне, сондай-ақ жер қатынастары бөліміне бірқатар нақты тапсырмалар жүктелді. Аталған тапсырмалар ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамы-туға, жайылым жерлер мәселесін шешуге, сумен қамтамасыз ету жүйелерін жетілдіруге және әлеуметтік нысандардың жұмысын жақсартуға бағытталған.
Талқылау нәтижесінде тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы тиісті хаттамалық қаулы қабылдап, қаралған мәселелер бойынша ұсыныстар мен ескертулерді сессия қарауына енгізу туралы шешім қабылдады. Қаулының орындалуын бақылау тұрақты комиссия төрағалары мен жауапты мамандарға жүктелді.
Аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында көтерілген мәселелер тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және ауданның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шешімдердің қабылдануына негіз болды.
Ринат НАРХАНОВ.
