+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Сөнгенімізді жаққан,жоғалтқанымызды тапқан тұлға

Бұрынғылардың сөзінше, қазақтың тарихында, көшпелі тұрмысында қолынан іс келмейтін адам болмаған деседі. Киіз үйді құрау, оның құрал-сайманын, ою-текеметін, ат әбзелдерін әрбір қазақтың өзі жасай берген. Кейін отарланып, отырықшы кезеңге көшкенде осы бір бекзада өнеріміз өше бастады. Ел ішінде көнекөз шеберлер болғанымен, ғылыми түрде еңбек жоқ болғандықтан тіпті ұмыт болуға сәл қалды. Сол шақта ұлтымыздың біртуар перзенті, ауданымыздың мақтанышы, ұлы ұста Дәркембай Шоқпарұлы қазақты қолөнермен қайта қауыштырды. Қазақ қолөнеріндегі сөнгенін жаққан, жоғалғанын тапқан ұста Дәркембайдың ерен еңбегі, ұлт руханияты үшін қосқан өлшеусіз үлесі – өшпейтін тарих. 

Саналы ғұмырын ұсталыққа арнап қана қоймай, бұл кәсіппен ғылыми түрде айналысып, бүгінгі ұрпаққа ұшан-теңіз еңбегі мен өшпес мұра сыйлай білді. Биыл этнограф ғалым, суретші, этнодизайнер, ұста Дәркембайдың туғанына 80 жыл, өмірден озғанына 20 жыл болыпты. Соған сай жуырда аудандық Т.Молдағалиев атындағы мәдениет үйінде ұстаның мерейтойы салтанатты түрде аталып өтті. Аталған шараға зиялы қауым өкілдері, облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғоджаев, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мәдени шаралар, мониторинг және жоспарлау бөлімінің басшысы, ақын, сазгер Төлеужан Ғұмаров,  аудан әкімі Талғат Байеділов, қолөнерөнершілер мен ұстаның көзін көрген үзеңгілес жолдастары, аудан тұрғындары қатысты.

Әуелі қонақтар мәдениет үйінде ұйымдастырылған халықаралық қолөнер шеберлерінің көрмесімен танысты. Салтанатты шараның басында Дәркембай Шоқпарұлының өмірінен сыр шертетін шағын видеоролик көрсетілді. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жанас Бекентұров жетекшілік ететін «Жібек жолы» фальклорлық этнографиялық ансамблі күй сазын тарту етті.

Өз кезегінде аудан әкімі Талғат Байеділов ұста Дәркембайдың ерен еңбектеріне тоқталды:

– Ұлы тұлға алпысында арғы дүниеге аттанса да артына мол мұра қалдырды. Ақши ауылында туып, қазақы өнерімізді бар әлемге әйгілеп берді.

Балғаның төске тиген шыңылымен,

Шыңдалып балғын денем шынығып ем.

Бой ұрып бала кезден бұл өнерге,

Атамнан өрнек сырын ұғынып ем – деп жырлап, ұсталық терең сырын ашты. Дәркембай ұста қазақтың дәстүрлі қолөнерін жаңғыртып қана қоймай, оны ғылыми тұрғыда зерттеп, жүйелеп кейінгі ұрпаққа аманат етті. Атамыз тері, ағаш, металл өңдеудің көне тәсілдерін қайта түлетіп, ер-тұрман, зергерлік бұйымдар, саз аспаптары мен тұрмыстық заттардың жасалу технологиясын жаңғыртты. Ұмытыла бастаған талай ұлттық құндылықты ел ішінен іздеп тауып қайта тірілтті. Шебердің 200-ден астам ғылыми мақаласы, 29 кітабы мен оқу құралдары жарық көрді. Ол еңбектері – ұлттық мұрамызға қосылған асыл дүниелер. Дәркембай Шоқпарұлы қас шебер ғана емес, атақты ұстаз да еді. Дәркембай Шоқпарұлы Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында шәкірт тәрбиелеп, одан кейін Ақши ауылында «Асыл» мектебін ашты. Сол арқылы жастарға ұсталықтың, зергерліктің, сабырмен еңбекке адалдықтың қыр-сырын үйретті. Сонымен қатар музыка мен музей ісінің дамуына үлкен үлес қосты. Қазақтың көне музыкалық аспаптарын қалпына келтіріп, олардың ғылыми негізін зерттеді. Бұл еңбектері кейін ұлттық мәдениетімізді насихаттайтын бірегей музейдің ашылуына негіз болды. «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында Ұлы Жібек жолының бойында Дәркембай Шоқпарұлы атындағы қолөнер музейінің ашылуы өңір мәдениеті үшін тарихи оқиға болды. Бұл игі іске Серік Үмбетов, Амандық Баталов, Алихан Тойбаев сынды ағаларымыз қолдау көрсетті. Ол музейде ұстаның өз қолымен жасалған ағаш, металл, тері, тас бұйымдары, ұлттық музыкалық аспаптар, зергерлік әшекейлер мен тұрмыстық заттар сақталуда. Бұл халқымыздың рухани байлығы мен ұлттық болмысымыздың айнасы, – дей келе, әйгілі ұстаның еңбектеріне кең көлемде тоқталды. Сонымен қатар, Дәркембай әулетіне сый-сияпатын табыс етті.

Облыстық мәслихат төрағасы Қуат Сұлтанұлы өз кезегінде:

– Кез-келген мемлекеттің мемлекеттілігін айқындап беретін үш дүние бар. Ол – тілі, жері, мәдениеті. Яғни салт-дәстүріміз, ән-жырымыз, қолөнеріміз осы мәдениетті қамтиды. Дәркембай Шоқпарұлы тұралап қалған қолөнеріміздің бойына қан жүгірткен бірегей тұлға, – дей келе даңқты ұстаның азаматтық болмысы, туған жерге туын тіккен ісіне, Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген жас балаларға тәлім бергені жөнінде орамды ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, атакәсіпті абыроймен жалғастырып жүрген Дәркембай ұстаның ұрпақтарына зор алғысын білдіріп, Дәулет Дәркембайұлына құттықтау хатын табыстады.

Кеш барысында педагогика ғылымдарының профессоры Берікжан Әлмұхамбетов, ақын, Алматы облысының бас биі Дәркембай ұстамен аға-іні болып етене араласқан Камнұр Тәлімұлы ұста жайлы қызықты әңгімелерімен бөлісті. Ұстаның бойындағы ақындық, батырлық, кемелдік, әзілқойлық сынды сан қырлы қасиеттерін кең көлемде әңгімеледі.

Ұста рухына тағзым етуге арналған кеш барысындағы концерттік бағдарламаның аясында эстрада жұлдыздары Құдайберген Бекіш, Өмірқұл Айниязов, Ләлә Бақытнұр және аудан өнерпаздары әсем әндерін әуелетті. Салтанатты шара мәресіне жеткен соң жиылған қауымға Дәркембай ұстаның ұрпақтары әкесінің рухына арнап мейрамханада ас берді. Ұстаның рухына құран бағышталып, игі жақсылар қолөнердің заңғар тұлғасын еске алып, әулетіне тілектерін білдірді. Сонымен қатар Асыл Дәркембайұлының әкесі туралы тың деректерге толы «Алашқа аты мәшһүр ұста» атты кітабының тұсауы кесілді.

Ринат НАРХАНОВ.