
Дәстүрді дәріптеген дара шебер
Биыл танымал қолөнер шебері Дәркембай Шоқпарұлының туғанына 80 жыл толып отыр. Ұлттық қолөнерді ұлықтап, ата-баба мұрасын жаңғырту жолында өлшеусіз еңбек еткен шебердің мерейтойына орай, Халықаралық музейлер күні аясында тағылымды танымдық іс-шара ұйымдастырылды.
Осыған орай Қаракемер ауылдық кітапханашылары мен тұрақты оқырмандары Ақши ауылындағы Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейіне арнайы барып, ұлттық мұрамен танысты. Іс-шараның мақсаты – халқымыздың дәстүрлі қолөнерін насихаттау, туған жер тарихын таныту және ұлт мәдениетін ұлықтаған тұлғалардың еңбегін дәріптеу.
Экскурсия барысында қатысушылар музей жәдігерлерімен танысып, шебердің өмір жолы мен еңбектері туралы мол мағлұмат алды. Сонымен қатар, ұлттық қолөнердің тәрбиелік мәні мен оның бүгінгі ұрпақ үшін маңызы жайында әсерлі әңгімелер айтылды.
Дәркембай Шоқпарұлы – қазақтың ұмыт бола бастаған қолөнерін қайта жаңғыртып, ұлттық мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізген бірегей шебер. Ол ағаш, темір, тері өңдеу секілді ата кәсіптің қыр-сырын терең меңгеріп, көптеген тарихи бұйымдарды қалпына келтірген. Шебердің қолынан шыққан ер-тұрман, бесік, сандық, музыкалық аспаптар мен тұрмыстық бұйымдар қазақ халқының бай мәдениеті мен шеберлігін айқын көрсетеді.
Ж.НАШИРБЕКОВА,
Қаракемер ауылдық кітапханашысы.
