
Абыройлы еңбектен – құрметті зейнетке
Қорам орта мектебінің директоры Назгүл Мұқан мен мектеп әкілімшілігінің ұйымдастыруымен, мектеп ұстаздарының қолдауымен зейнет жасына келген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Алмагүл Қасымбекова, Шайгүл Тоқтаболатова, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алма Манапованың құрметіне «Абыройлы еңбектен – құрметті зейнетке» тақырыбында шығармашылық жиын өтті.
Салтанатты жиынға округ әкімдігі қызметкерлері, Қорам орта мектебінде ұстаздық еткен ардагерлер арнайы шақырылды. Шара барысында биылғы оқу жылында аудандық, облыстық семинар-жиындар өткізіп, ұстаздар мен оқушылар көптеген жетістікке жеткені туралы айтылды. Ұйымдастырылған көрмеге әр ұстаздың оқыған мектебі, бітірген жоғарғы оқу орнынан, оқыған мамандығынан бастап, жеткен жетістіктері, мектептегі еңбек өтілі, алған марапаттары, әр ұстазға жазылған арнайы буклеттер, суреттер қойылған әрі арнайы видеоролик көрсетілді.
Ұлағатты ұстаздарға аудандық білім бөлімінің, кәсіподақтың Алғыс хаттары салтанатты жиында тапсырылды. Округ әкімінің атынан сыйлықтар ұсынылды. Шақырылған құрметті қонақтар өз сөздерінде зейнет жасына толған ұстаздарға жылы лебіздерін білдіріп, гүл шоқтары мен сыйлықтарын берді.
Салтанатты жиын ән шашумен жалғасып, ұстаздар, оқушылар дайындаған бағдарлама көпшіліктің көңлінен шығып, ерекше көңіл күй сыйлады. Жиында жақсы естелік сөздер, әңгімелер, өлеңдер айтылды. Мектеп директоры бастаған ұжымға, оқушыларына қонақтар алғыс айтып, ризашылығын білдірді.
Әсет КӨШЕРБАЙҰЛЫ,
ардагер ұстаз, запастағы капитан, білім беру саласының үздігі.
