
Тағдырлы туынды – ұлт рухының айнасы
Биылғы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романы көпшілік оқуға таңдалып отыр. Бұл шығарма – қазақ халқының өткен өмірі мен тарихи тағдырын терең бейнелеген, ұлт рухын асқақтататын құнды туындылардың бірі. Романда ел тарихы, халықтың басынан өткен қиын кезеңдері, туған жер мен ұлттық құндылықтарға деген құрмет кеңінен суреттеледі.
Жуырда Қ.Орымбетов атындағы орта мектептің 7-сынып оқушыларының қатысуымен «Өмірдің әрбір сәтін сырлаған жазушы» атты әдеби сағаты Қаракемер мәдениет үйінде өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – жас оқырмандарға жазушының өмірі мен шығармашылығын насихаттау, «Тағдыр» романы арқылы ұлттық тарих пен рухани құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру.
Әдеби кеш барысында кітапханашылар оқушыларға жазушының өмір жолы мен шығармашылық мұрасы туралы кеңінен ақпарат берді. Қаламгердің қазақ әдебиетіне қосқан зор үлесі, тарихи шығармаларының тәрбиелік мәні және ұлт тағдырын суреттеудегі шеберлігі ерекше аталып өтті. Әсіресе, «Тағдыр» романының мазмұнына тоқталып, шығармадағы кейіпкерлер бейнесі, ел бірлігі, халықтың қиын кезеңдердегі тағдыры мен азаттыққа деген ұмтылысы жайында әңгіме өрбіді.
Шара барысында оқушылар романнан үзінділер оқып, өздерінің пікірлерімен бөлісті. Жас оқырмандар шығармадағы тарихи оқиғалар мен кейіпкерлер тағдырына қызығушылық танытып, кітап жайлы ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, кітапхана қорындағы жазушының шығармаларына арналған арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, қатысушыларға таныстырылды. Көрмеге қойылған кітаптар арқылы оқушылар қаламгердің бай әдеби мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.
Кеш барысында ұлттық әдебиет пен кітап оқудың маңыздылығы туралы тағылымды ойлар айтылып, оқушылар әдебиетке деген сүйіспеншіліктерін білдірді. Осындай рухани мазмұндағы шаралар жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырып, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелейді.
Қаракемер ауылдық кітапханасы алдағы уақытта да оқырмандарға рухани азық сыйлайтын, әдебиет пен мәдениетті насихаттайтын танымдық іс-шараларды жалғастыра бермек.
Жаңыл НАШИРБЕКОВА,
Қаракемер ауылдық кітапханашысы.
