+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Полигон жапқан қозғалыс күші

«Жеңістің әкесі көп, жеңіліс әрқашан жетім», –  деген екен бір ғұлама. Сол айтқандай Семей ядролық қаруын сынау полгионын жабуға күш салған бүкілхалықтық қозғалыстың қосқан үлесі орасан зор болды десек артық айтқандық емес. Кеңес заманында ондай  полигонның бар екенін  айтуға да қорқатын кезеңнен кейінгі ел  Тәуелсіздігінің бастапқы  жылдары жүздеген жарылыстан зардап шегіп отырған Семей тұрғындарын көтеріп, жаппай қырып жою құралы – атом бомбаларын сынауды дереу тоқтатуға бастайтын тұлға ғана қажет болғанда  Қазақстанда ғана емес, аты әлемге әйгілі ақын Олжас Сүлейменов «Невада-Семей» қозғалысын  құрып, «Ядролық қару сынау полигондары жойылсын!» деп ұран тастаған еді. Әлемдегі бес полигонның ішіндегі Семей сынақ аумағынан басқа іргеміздегі алып көршіміз Қытай халық республикасының «Лобнор» полигоны да жұмыс істеп тұрған болатын.

Бүкілхалықтық «Невада-Семей» қозғалысының құрамында біздің ауданымызда «Лобнор» бөлімшесі құрылып, оның жұмысын ұйымдастыру  осы жолдар авторына жүктелген еді. «Лобнор»  бөлімшесі Еңбекшіқазақ  ауданынан басқа ол кезде дербес статусы бар Шелек ауданында көптеген митингілер, жиындар өткізіп, жаппай қырып жою қаруларын сынауды тоқтатуға  қомақты үлес қосты. Есте қалған бір оқиға, ол кеңестік кезеңнен қалған дәстүр бойынша совхоздардың жиын-терін науқандарында  аудандық мекемелер қатарында редакция ұжымы да  Көктөбе кеңшарына алма теруге көмекке барған болатын. Өте мол шыққан апорт алмасының ішінен қап-қара болып кеткен, бірақ  құрт жемеген бір алма қолыма түсіп, Алатау кентінде орналасқан ядролық институттағы академик Якавлев атты әлемге әйгілі  ядролық физика докторына беріп жіберген едім. Бұл факт ғалым Яковлевтің  сол жемістердің бүлінуі шекараның арғы бетіндегі «Лобнор» полигонындағы сынақтар мерзімімен  сол жақтан соққан жел мен жауын-шашындарға сәйкес келуі ядролық қарудың  сынағының  өзі қаншалықты зиян-зардап әкелуінің дәлелі екенін жариялаған болатын.

Кеңес одағының ыдырап кетуінен бұрын құрылып Семей полигонының жабылуына өте қуатты әсер еткен «Невада-Семей» халықтық қозғалысын құрып, басқарған қазақтың біртуар ұлы Олжас Сүлейменов бұл күндері тоқсанның төріне шығып отыр. Мақаланың бастауында келтірілген «Жеңістің әкесі көп, ал жеңіліс әрқашан жетім» деген афоризмнің мәні – полигонды жабуға бағытталған сол кездегі Семей облысын басқарған Кешірім Бозтаев атты азаматтың Кеңес одағы басшысына  жолдаған  полигонды жабуды  талап еткен хаты болса, ол жеңістің тағы бір әкесі  алғашқы президентіміздің полигонды  жабу туралы жарлығы еді. Иә, сондағы айтарым, халықтың наразылығын ұйымдастырып, митингілер, жорықтар  жасаған Олжас Сүлейменовтің еңбегі орасан зор.

Хайролла АХМЕТЖАНОВ,

«Невада-Семей» қозғалысының сол кездегі «Лобнор» филиалының жетекшісі.