+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Еңбекпен келген құрмет

Ұстаз еңбегінің өлшемі – шәкірт жетістігі. Ал саналы ғұмырын білім саласына арнап, бірнеше буынның тәрбиесі мен біліміне үлес қосқан жанның еңбегі мемлекет деңгейінде бағаланса, бұл – бүкіл ұстаздар қауымы үшін үлкен мәртебе.

Жуырда Қаракемер ауылындағы Қ.Орымбетов атындағы орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айжан Асылханқызы Омарқұлова Қазақстан Республикасы Президентінің қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алды. Бұл марапат – ұлағат иесінің білім беру саласындағы көпжылдық адал еңбегі мен кәсіби шеберлігіне берілген жоғары баға.

Айжан Асылханқызы 1961 жылы Еңбекшіқазақ ауданының Қаракемер ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1984 жылы мұғалім болып бастап, содан бері қырық екі жылдан астам уақытын ұрпақ тәрбиесіне арнады. Осы жылдар ішінде ол тек пән мұғалімі ретінде ғана емес, мектеп басшылығы құрамында да жемісті еңбек етіп, білім беру ісінің дамуына сүбелі үлесін қосты.

Ұстаздың еңбек жолы үздіксіз ізденіс пен шығармашылыққа толы болды. Ол көптеген авторлық бағдарламалар мен әдістемелік құралдардың авторы атанып, облыстық және республикалық деңгейдегі білім беру жобаларын жүзеге асыруға атсалысты. Оның кәсіби тәжірибесі бүгінде көптеген педагог үшін үлгі болып отыр.

2015 жылы республикалық «Үздік педагог» грантын, 2020 жылы облыстық «Үздік педагог» атағын иеленген білікті маманның еңбегі 2024 жылы «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен де жоғары бағаланды. Ал Президент табыстаған «Ерен еңбегі үшін» медалі – ұзақ жылғы тынымсыз еңбектің заңды жемісі.

Айжан Асылханқызының шәкірттері облыстық, республикалық және халықаралық олимпиадалар мен байқауларда жүлделі орындар алып келеді. Ұстаз үшін бұдан асқан қуаныш жоқ. Себебі, әрбір оқушының жетістігі – мұғалім еңбегінің көрінісі.

Әріптестері Айжан Омарқұлованы білімділігімен, жауапкершілігімен және адамгершілік қасиеттерімен ерекше құрметтейді. Жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, тәжірибесімен бөлісуді азаматтық парызы санайтын ұстаз бүгінде білім саласының дамуына өз үлесін қосып келеді.

Қоғамның дамуы сапалы білім мен саналы тәрбиеден басталады. Ал сол игілікті істің басында Айжан Асылханқызы секілді ұлағатты ұстаздар тұр. Президент қолынан алған «Ерен еңбегі үшін» медалі – бір ұстаздың ғана емес, ұрпақ тәрбиесіне өмірін арнаған барша педагогтердің еңбегіне көрсетілген құрметтің айқын көрінісі.