+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Күймен өрілген ғұмыр

Қазақтың қасиетті қара домбырасы – ұлт рухының айнасы. Сол рухани мұраны өмірінің мәніне айналдырып, күй өнерін дәріптеуге бар ғұмырын арнаған өнер иелері қашан да ел құрметіне бөленеді. Осындай азаматтардың бірі  – жуырда ел Президентінің қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алған, белгілі күйші, Есік гуманитарлық-педагогикалық колледжінің ұстазы Ғалымжан Секербеков.

Ол жастайынан қазақтың күй өнеріне ден қойып, домбыраның қос ішегінен төгілген әрбір саздың қадірін түсініп өсті. Ұлттық өнерге деген сүйіспеншілік өмірлік жолын айқындады. Жылдар бойы халықтық мұраны насихаттап, талай шәкірт тәрбиелеп, күй өнерінің өрісін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты.

Күйші қай сахнада өнер көрсетсе де, көрерменге тек күй орындап қана қоймай, қазақтың тарихын, болмысын, рухын жеткізе білді. Оның орындауындағы күйлер тыңдаушыны терең ойға жетелеп, ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыра түсті. Сондықтан да оның еңбегі ел тарапынан жоғары бағаланып келеді.

Өнер жолындағы ұзақ жылғы табанды еңбегі мен ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін Мемлекет басшысы қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алуы – оның шығармашылық жолындағы үлкен белес болды.

Күйші үшін өнер – кәсіп емес, халыққа қызмет етудің бір жолы. Ол домбыра үнінің ешқашан бәсеңдемеуін, ұлттық өнердің келер ұрпаққа аман жетуін басты мұрат санайды. Сондықтан да бүгінгі күні жас өнерпаздарға бағыт-бағдар беріп, ұлттық мұраны дәріптеу ісінен бір сәт қол үзген емес.

Өнер иесінің өмір жолына көз жүгірткенде, оның табысының сыры адал еңбек пен туған өнерге деген шексіз махаббатта жатқанын аңғару қиын емес. Домбыраның қоңыр үнімен халқына қызмет етіп келе жатқан күйшінің еңбегі кейінгі буынға өнеге, ұлттық өнерге адалдықтың жарқын үлгісі болып қала бермек.

– 4 жасымнан бастап домбыраға деген қызығушылығым мен махаббатым шексіз болды. Сол кезден қасиетті аспапта ойнап келем. Ауылда кәсібіи түрде үйрететін адам болмағасын, 1979 жылы Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы балалар музыкалық мектебіне, 1986 жылы «Құманғазы» атындағы қазақ ұлттық концерваториясына түстім. Ол аралықта әскерге де барып, оқуымды тәмамдадым. 1992 жылдан бастап Есік қаласының музыкалық мектептерінде, мәдениет саласында жұмыс істеп, 2012 жылдан бері Есік гуманитарлық-педагогикалық колледжінде ұстаздық етіп келемін. Ол замандағы тоқырау кезеңін жақсы білесіздер, сонда да домбыраны тастамай жалықпастан еңбек еттік. Бүгінге дейін Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген қаншама шәкіртті баптап, бойына домбырамен ұлттық құндылықты сіңіруге үлес қостық. Өзім атаққұмар болмасам да, осы марапатты алғаныма шын қуаныштымын. Еңбек жолы мен кәсібилігі менен әлдеқайда төмен жандардың небір медаль тағып жатқанын көргенде «Менің еңбегім қашан еленеді екен?» деген ой туатынын жасырып қайтейін. Міне, Аллаға шүкір, үлкен марапаттың біріне лайық деп танылып, еңбегімнің ақталғанына көзім жетті. Әрмен қарай да қазақтың қасиетті домбырасын серік етіп, ел игілігіне қызмет ету жолындамын, – дейді, марапат иесі.

Ел ықыласына бөленген өнер иесі Ғалымжан Сұлтанғалиұлының ғұмыры – күймен өрілген тағылымды өмір жолы.

Ринат НАРХАНОВ.