+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Хирургия – қастерлі мамандық

Дәрігер – қастерлі мамандық. Өйткені адам өміріне араша түсетін, жауапкершілігі жоғары, талабы қатаң мамандық. Дәрігер болу үшін  анатомияны жетік білу қажет әрі науқастың тағдырына немқұрайды қарамайтын адам ғана бұл мамандықты алып жүре алады. Әсіресе, хирург дәрігерлер үшін мұның маңызы зор. Олар адам ағзасына ота жасағанда қорықпай, нартәуекелге бара алатын жүйкесі мықты, төзімді болуы керек.  Сонда ғана олар батыл жұмыс жасай алады.

Жалпы медицина саласы бірнеше бағытқа бөлінеді. Соның бірі – хирургия. Оның өзі де жалпы хирургия, лапароскопиялық хирургия, травматология және ортопедия, нейрохирургия, кардиология, жақ-бет хирургиясы болып бөлінеді. Шелек ауылындағы №1 аудандық ауруханасындағы хирургия бөлімшесі бұрыннан емделушілері арасында үлкен ілтипатқа бөленуімен танымал.  Халық айтса, қалып айтпайды. Соның бір айғағы – сонау 1985 жылдары көлік апатына ұшыраған ағам мен жеңгемнің әңгімесі. Сонда жеңгем айтып отыратын: «Мені адам болмайды деп, дәлізге шығарып тастағанда, Ерақы Қожабеков деген бірнеше жаңадан келген жас дәрігерлер бірнеше рет ота жасап, сынған сүйектерімді қалпына келтіріп, жазып шықты ғой», – деп.

Жалпы хирургия – аурулар мен жарақаттарды ота жасау арқылы емдейтін медицина саласы. Ол басқа арнайы хирургияның негізі болып саналады. Осыдан бірер жыл бұрын, Шелектегі хирургия бөлімшесінен травматология 15 төсек орынымен бөлек бөлініп шыққан-ды. Қазір хирургия бөліміне жетекші болып осы жылдың мамыр айынан бастап Жандос Утемисов тағайындалғанын аурухана директорының әдістемелік-ұйымдастыру ісі жөніндегі орынбасары Ернар Утегенұлынан естідік. Әрі осы бөлімді жазуға кеңес берген-ді.

Жандос Жанайдарұлы Шелек ауылында дүниеге келіп,  Қорам орта мектебін бітірісімен С.Асфендияров атындағы ұлттық медицина университетінің емдеу ісі факультетіне оқуға түсіп, ойдағыдай тәмамдаған. Содан бері 24 жыл осы бөлімде хирург болып қызмет атқарып келеді. Жандоспен әңгімелескенімізде, ол: «Хирургия бөлімшесінде 35 төсек орын бар. Біз шұғыл хирургиялық көмек көрсетеміз. Бөлімшемізде 17 орта, 17 кіші медициналық персонал, 5 хирург қызмет жасайды. Қосымша кезекке шығатындармен 7 дәрігер бар. Арамыздағы ең үлкені, тәжірибесі толысқан білікті маман Ерақын Тұрғанбекұлы еді. Елге сыйлы, еңбегі сіңген ағамыз 70 жасқа толды. Қазір ол кісінің орнына мен бөлімге жетекшілік етемін. Бұдан басқа Берік Бақбергенұлы жоғары санаттағы балалар хирургі. Сондай-ақ жоғары санаттағы Исмаил Музапарович, Бақытжан Сайынұлы еңбек етеді. Ал, Дарын Сқабыл, Дастан Жақыпов сынды дарынды жас мамандарымыз да бар. Біз жылына мыңға жуық шұғыл және жоспарлы тәртіп бойынша ота жасаймыз» – деп, бөлімшенің күрделі де маңызды жұмысымен таныстырды.

Қазіргі таңда медицина қоғамның әлеуметтік тұрақтылығы мен ел дамуының негізгі көрсеткіштерінің біріне айналды. Білікті дәрігерлер мен заманауи медициналық технологиялардың арқасында көптеген күрделі ауруларды емдеуге мүмкіндік туып, адамдардың өмір жасы ұзаруда. Сондықтан медицина саласын дамыту – ұлт денсаулығын нығайтып, жарқын болашақ қалыптастырудың маңызды кепілі.

Анарбек БЕРДІБАЕВ.