+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

140 балл: табандылықтың тәтті жемісі

Ұлттық бірыңғай тестілеу – мектеп бітіруші түлектер үшін білім деңгейін айқындайтын маңызды кезең. Бұл – тек емтихан ғана емес, оқушының  бірнеше жылдық еңбегі мен табандылығының нәтижесін көрсететін сынақ.  Сондықтан ҰБТ-дан жоғары балл жинау – жүйелі дайындықтың, мақсатқа деген ұмтылыстың және ата-ана мен ұстаздардың қолдауының жемісі. Осы орайда, жақында ҰБТ тапсырып,  мүмкін болған 140 балдан 140 балл жинаған Бөлек ауылындағы М.Горький атындағы орта мектебінің 11 сынып түлегі Әли Айдынұлы жайлы жазуды жөн көрдік.

–  Әли – өте зерек, ізденімпаз бала. Кішкентайынан білімге құштар болды. Мектепте де өзінің білімімен, алғырлығымен көзге түсетін. Әрине, ұлттық бірыңғай тестілеуден осындай керемет нәтиже көрсету – көпжылдық еңбек пен оқудың жемісі. Біздің білім ордамызда тәрбиеленіп шыққан жас түлектің  үлкен жетістігі – біз үшін мақтаныш пен мәртебе. Жас түлектің келешегі кемел болатынына сенемін, – дейді М.Горький атындағы орта мектеп директоры Айнаш Әкімғалиқызы.      

140 балл – жай ғана жоғары көрсеткіш емес. Жыл сайын елімізде 200 мыңнан астам талапкер жоғарғы оқу орнына түсу үшін  бағын сынайды.  Мыңдаған талапкерлер арасынан 140 балл жинау – үлкен мақтаныш. Себебі дәл осы ҰБТ-дан шектік балл жинай алмай, күйзеліске түсіп, тіпті суицид жасаған да оқушылар аз емес. Бұл  тұста ұстаздар мен ата-ананың қолдауы аса маңызды екені анық.

–  Баламның жоғарғы бал жинағанын естігенде қуаныш пен мақтаныш сезімі жүрегімді кернеді. Ана жүрегі іштей баласы үшін уайымдайды ғой. Баламның  жетістігі біз үшін ата-ана ретінде еңбегіміздің ақталғанының белгісі. Кішкентайынан баламның оқуына аса мән бердік. Білім алуына қажетті жағдай жасап, оған әрдайым қолдау көрсеттік. Енді Әли қандай  мамандықты таңдаймын десе де, оның таңдауын отбасымызбен қолдаймыз. Ұлымның әлі талай биіктерді бағындыратынына сенемін. Алайда, ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыратын оқушылардың ата-аналарына айтарым, балаға үйде қысым емес, қолдау көрсету маңызды. Баланың психологиялық түрде сынып кетпеуіне ата-ана жауапты, – дейді жас түлектің анасы Анара Болатқанқызы.               

Байқағанымыздай, Әлиді анасы да, оған білім берген ұстаздары да мақтайды. Расында, қазақ ежелден «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген. Сондықтан жас түлектің  бұл нәтижесі тек мектептің емес, ауданымыздың абыройы. Осы тұста, талапкердің  140 балл алғандағы сезімі  жайлы сұраған едік.

–   Алғашында 140 балл алғаныма сенбедім. Біраз уақытқа дейін сынақ парақшама қарап, таңғалып жүрдім. Кейін әрине, қатты қуандым.  Мен ҰБТ-ға дайындығымды 10 сыныпта бастадым, сол кезде тек ағылшын тіліне  көңіл бөліп, халықаралық емтихандарға дайындалдым. Күніне дайындыққа 5-6 сағатымды арнайтынмын. Ал ҰБТ жақындаған кезде 9-10 сағатқа дейін уақыт арнадым. Бітіруші жас түлектерге ең басты айтар кеңесім – фокусты жоғалтпау. Яғни дайындық барысында кедергі келтіретін барлық нәрсені азайту. Тіпті қажет болса әлеуметтік желі мен ойын-сауықтардан да бас тарту керек. Мен үшін ең тиімді әдістердің бірі – ассоциация арқылы түсіну. Яғни тақырыптағы оқиғаларды бір-бірімен байланыстырып, үлкен суретті көру. Осы әдістің арқасында күрделі  тақырыптарды да оңай меңгердім, –  дейді жас түлек. 

Ұлттық бірыңғай тестілеу – жас түлектің өміріндегі ең маңызды қадамдардың бірі. Бірақ ол шешуші сынақ емес. Өмірдің бұралаң жолдарында көмек беруші құрал. Кез келген нәрсені жақсы меңгеру үшін күнделікті тәжірибе керек. Аз-аздан үздіксіз қадам жасалғанда ғана адам мақсатына жетеді.  Оған дәлел  – жас түлек  Әли Айдынұлы. Біз де ауданымыздың мақтанышына айналған жас түлекке сәт сапар тілейміз.

Жанерке САТЫБАЛДЫ.