+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Заманауи медицина – сапалы ем кепілі

Жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде елімізде Медицина қызметкерлерінің күні аталып өтеді. Бұл – адам өмірі мен денсаулығын қорғауды өз өмірінің мақсаты еткен ақ халатты абзал жандарға ерекше құрмет көрсетілетін күн. Мереке қарсаңында Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы аурухана директорының орынбасары Гүлмира Отынбековамен тілдескен едік.

– Гүлмира Байділдақызы, дәрігер – адам өмірінің арашасы. Ол күн мен түнге, демалыс пен мерекеге қарамай халықтың денсаулығы үшін аянбай еңбек етеді. Аурудың алдын алып, науқастарға ем көрсетіп, үміт сыйлайтын  медицина қызметкерлерінің еңбегі әрдайым жоғары баға мен құрметке лайық. Осындай құрмет иелерінің медициналық қызмет сапасын арттыру үшін қандай жұмыстар атқарылуда?

– Иә,соңғы жылдары аудан тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Біздің негізгі мақсатымыз – тұрғындарға қолжетімді, сапалы және қауіпсіз медициналық көмек көрсету.

Ең алдымен, алғашқы медициналық-санитариялық көмекті күшейтуге ерекше көңіл бөлінді. Отбасылық дәрігерлік модель кеңейтіліп, мультидисциплинарлық тәсіл енгізілді. Бүгінде дәрігер, медбике, психолог және әлеуметтік қызметкер бірлесіп жұмыс істеп, науқасты кешенді сүйемелдеуге мүмкіндік жасап отыр.

Сонымен қатар медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін цифрландыру белсенді енгізілуде. Қашықтан ЭКГ түсіру, телемедицина, электронды медициналық құжаттар жүйесі арқылы ауылдық елді мекен тұрғындарына да мамандандырылған көмек қолжетімді бола бастады. Ауруханада заманауи құрал-жабдықтарды жаңарту, операциялық бөлімшелер мен диагностикалық қызметтердің материалдық-техникалық базасын күшейту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен бірге қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру, халықаралық тәжірибені енгізу, ішкі сапа аудитін күшейту тұрақты түрде жүзеге асырылады.

– Жұмыс атқарылған жерде кемшіліктің де болатыны заңдылық. Ем алушылардан шағымдар түседі ме және олар қалай шешіледі?

– Кез келген медициналық ұйымда пациенттердің кері байланысы өте маңызды. Бізге негізінен қабылдау уақытына қатысты, тар бейінді мамандарға жазылу, күту уақыты, кей жағдайларда коммуникация сапасына байланысты шағымдар мен өтініштер түседі. Әрбір өтініш жеке қаралады. Ауруханада пациенттерді қолдау қызметі жұмыс істейді, сондай-ақ «Ашық есік» қағидаты енгізілген. Тұрғындар әкімшілікке тікелей жүгіне алады. Әрбір шағымның себептері талданып, нақты түзету шаралары қабылданады.

Біздің ұстанымымыз – шағымды проблема емес, қызмет сапасын жақсартуға бағытталған мүмкіндік ретінде қабылдау.

– Қызмет сапасын жақсартуға тырысып жатқандарыңыз қуантады. Қазір заман талабына сай күн сайын жаңа технологиялар енгізілуде. Осы орайда, цифрландыру емделушілерге қандай пайда береді?

– Цифрландыру пациенттер үшін медициналық көмекті әлдеқайда қолжетімді әрі ыңғайлы етті. Қазіргі таңда азаматтар дәрігер қабылдауына онлайн жазыла алады, зерттеу нәтижелерін электронды түрде көреді, медициналық құжаттардың көп бөлігі қағазсыз форматқа көшірілді. Әсіресе ауыл тұрғындары үшін телемедицина мен қашықтан диагностика маңызды рөл атқаруда. Мысалы, шалғай ауылдарда түсірілген ЭКГ нәтижелері аудандық немесе облыстық мамандарға жіберіліп, дер кезінде қорытынды беріледі. Бұл жүрек-қантамыр ауруларын ерте анықтауға мүмкіндік береді және асқыну қаупін төмендетеді.

Цифрландырудың тағы бір артықшылығы – уақытты үнемдейміз және қызметтің ашықтығын арттырады.

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында қандай қызметтер ұсынылады?

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тұрғындарға кең көлемдегі медициналық қызметтер ұсынылады. Олардың қатарында консультациялық-диагностикалық көмек, зертханалық және аспаптық тексерулер, компьютерлік томография, магниттік-резонанстық томография, жоспарлы стационарлық ем, жоғары технологиялық медициналық қызметтер бар. Сонымен қатар созылмалы аурулары бар пациенттер диспансерлік бақылауда болып, қажетті дәрілік препараттармен қамтамасыз етіледі.

Ең бастысы – азаматтардың сақтандыру мәртебесін тұрақты тексеріп отыруы маңызды, себебі бұл көптеген қызметтердің қолжетімділігіне әсер етеді.

– Алдағы уақытта қызмет сапасын дамытуға қатысты қандай жоспарларыңыз бар?

– Алдағы кезеңде біз медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруды жалғастырамыз. Ауылдық денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңарту, алғашқы медициналық көмекті күшейту, заманауи цифрлық шешімдерді енгізу – басым бағыттардың бірі.

Сонымен бірге ерте диагностика, созылмалы ауруларды басқару, ана мен бала денсаулығын қорғау, профилактикалық жұмысты күшейтуге басымдық беріледі. Қызметкерлердің кәсіби әлеуетін арттыру, халықаралық тәжірибелерді енгізу де маңызды бағыт болып қала береді.

– Ауруханада көрсетілген қызмет сапасына науқастардың пікірі қандай? Көңілі тола ма?

– Пациенттердің пікірін біз тұрақты түрде мониторинг жасап отырамыз. Әрине, мінсіз жүйе жоқ, кейбір мәселелер кездеседі. Дегенмен тұрғындардың басым бөлігі көрсетілетін қызмет сапасына оң баға береді. Әсіресе медициналық көмектің қолжетімділігі, дәрігерлердің кәсібилігі, диагностикалық мүмкіндіктердің кеңеюі және бөлімшелердің жаңаруы тұрғындар тарапынан жақсы бағалануда. Біз үшін ең маңызды көрсеткіштердің бірі – науқастардың сенімі.

– Көпшіліктің ойында жүрген сұрақты да қойғаным дұрыс шығар. Өзіңізге белгілі, ауданымызда ескірген амбулаторялар жетерлік. Оларға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда бар ма? Қашан іске асырылады?

– Иә, бұл мәселе біздің тұрақты бақылауымызда. Ауылдық денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту мемлекет саясатының маңызды бағыты болып табылады. Қазіргі таңда кезең-кезеңімен жөндеу, жаңарту және жаңа медициналық нысандарды дамыту жұмыстары қарастырылуда.

Нақты мерзімдер қаржыландыру мен жоспарға байланысты айқындалады, алайда тұрғындарға сапалы жағдай жасау басты басымдықтардың бірі болып қала береді.

– Күнделікті жұқпалы аурулар жайлы жантүршігерлік жаңалықтар естіп жатамыз. Осы тұста,  жұқпалы аурулардан сақтану қаншалықты жиі насихатталады? 

–   Жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Бұл жұмыстар емханаларда, мектептерде, әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ұйымдастырылады.

Әсіресе вакцинация, маусымдық инфекциялардың алдын алу, санитариялық-гигиеналық мәдениетті қалыптастыруға басымдық беріледі.

Статистикаға келетін болсақ, эпидемиологиялық жағдай тұрақты бақылауда. Әрбір инфекциялық ауру бойынша мониторинг жүргізіліп, профилактикалық шаралар дер кезінде қабылданады.

–   Ауыл тұрғындарына қандай медициналық қолдау көрсетіледі?

– Ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмек көрсету жүйесі дамытылуда. Дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пунктер мен медициналық пунктер арқылы медициналық қызметтер ұсынылады.

Сонымен қатар мобильді медициналық бригадалар жұмыс істейді, тұрғындарға профилактикалық тексерулер, скринингтер, вакцинация және диспансерлік бақылау жүргізіледі. Қажет болған жағдайда пациенттер аудандық ауруханаға немесе облыстық деңгейдегі ұйымдарға бағытталады.

– Ауылдарда дәрігерлер мен медбикелер тапшылығы өткір тұрған мәселе. Жас кадрларды өңірлерге тарту үшін не істелініп жатыр?

– Иә, кадр тапшылығы – тек біздің ауданға ғана емес, жалпы денсаулық сақтау саласына тән мәселе. Сондықтан жас мамандарды тарту бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Әлеуметтік қолдау шаралары, тұрғын үй мәселесін шешу, көтерме төлемдер, қолайлы еңбек жағдайларын жасау және кәсіби өсу мүмкіндіктерін ұсыну маңызды рөл атқарады.

Біз үшін жас мамандарды тек тарту ғана емес, оларды өңірде тұрақтандыру маңызды.

– Сонымен бірге дәрігер біліктілігі туралы айтып өтсеңіз.

– Қазіргі медицина үздіксіз білім алуды талап етеді. Сондықтан біздің дәрігерлер мен орта буын қызметкерлері тұрақты түрде біліктілігін арттыру курстарынан өтеді, халықаралық және республикалық конференцияларға қатысады.

Сонымен қатар тәжірибе алмасу, клиникалық аудит және тәлімгерлік жүйесі енгізілген. Бұл көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға тікелей ықпал етеді.

– Бүгінде елімізде ана мен бала денсаулығын қорғауға ерекше көңіл бөлінуде. Ауданымыздағы перзентханада ана мен бала денсаулығын қорғау үшін қандай жаңа әдістер енгізілді?

–   Ана мен бала денсаулығын қорғау – біздің басым бағыттарымыздың бірі. Бүгінде жүкті әйелдерді ерте есепке алу, қауіп факторларын алдын ала анықтау, жоғары қауіп тобындағы жүкті әйелдерді белсенді бақылау жүйесі күшейтілді.

Патронаждық бақылау, босануға дейінгі дайындық, көпсалалы бақылау, қауіпсіз босандыру қағидаттары кеңінен енгізілуде. Басты мақсат – ана мен нәресте денсаулығын сақтау және асқынулардың алдын алу.

– Перзентхана заманауи құрал-жабдықтармен қаншалықты қамтамасыз етілген?

– Бүгінде перзентхана қажетті заманауи медициналық құрал-жабдықтармен кезең-кезеңімен қамтамасыз етіліп келеді. Ана мен нәрестенің жағдайын бақылауға арналған мониторинг жүйелері, жаңа туған нәрестелерге арналған жабдықтар, реанимациялық көмек көрсету мүмкіндіктері бар.

– Ана мен нәресте өлім-жітімін азайту бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Бұл бағыттағы жұмыстар кешенді түрде жүргізіледі. Бірінші кезекте жүкті әйелдерді ерте бақылауға алу, қауіп топтарын анықтау, уақытылы госпитализация және мультидисциплинарлық тәсіл күшейтілген.

Жоғары қауіп тобына кіретін жүкті әйелдер ерекше бақылауға алынады. Сонымен қатар босану қызметінде клиникалық хаттамаларды сақтау, персоналдың кәсіби дайындығын арттыру, ауыр жағдайларды уақтылы маршрутизациялау жұмыстары жүргізіледі.

Біздің басты міндет – қауіптің алдын алу, әрбір ана мен баланың өмірін сақтау.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет. Төл мерекеңіз құтты болсын. 

Тілдескен Жанерке САТЫБАЛДЫ.