
Киіз басу – қазақ тұрмысының өзегі
Күнделікті тұрмысы төрт түлік малмен етене байланысты ұлтымыз үшін, қой малының алар орны да ерекше. Етін жеуге, сүтін ішуге, терісін киім тігуге пайдаланса, жүнін көп жағдайда киіз басуға пайдаланған. Сондықтан да тарихи баспананың атауы да «Киіз үй» деп аталған. Несіпбек Айтұлы қазақшаға аударған, Қытай ақыны Бо-Цзюй-и:
Киізіне жүні кеткен мың қойдың,
Шаңырағы қайыңынан күнгейдің.
Әрі берік, әрі ыңғайлы, әрі әсем,
Дей алмаймын ағашына мін қойдым,- деп қазақтың киіз үйін тамсана жырлаған екен.
Біз бұл мақалада қазақ ұлтының киіз басу тәсілдері мен оны қолдану ерекшеліктері туралы баяндаймыз. Ғалым Жақып Мырзаханұлы қатарлы авторлардың жазуымен, 2006 жылы «Чыңжаң жастар-өрендер» баспасынан шыққан «Қазақ мәдениетінің айдыны» деген кітапта: «Малдың жүн-түбітін мәнерлеп пайдалану – қазақ әйелдерінің семьядағы негізгі кәсібі. Жүннен киіз басып, арқан еседі. Олар ең алдымен қой жүнін тазалап, содан соң жүнді сабайды да киіз, текемет басып, сырмақ тігеді. Киіздің ең жақсысы текемет…» деп жазады. Қазақ ұлты үй тігуге, тоқым-ішкілік жасауға пайдаланатын, ақ жүннен басылған киізді ақ кесек киіз, ал үйдің ішіне салып, адам отыруға пайдаланатын киізді текемет деп атайды. Негізінен екі киіз түрінің айырмашылығы реңінде ғана. Қойдың көктемгі жүнін жабағы жүн (өлі жүн деп те айтады), ал жазда қырқатын жүнін «күзем жүн» деп атап, киізді осы күзем жүнінен басады. Күзем жүннен басылған киіз қозы жүнінен басылған киізден шымыр және әдемі көрінеді. Жабағы жүнді де өзінің ерекшеліктеріне қарай пайдалана білген. Нақтылап айтқанда судан алтын сүзуге пайдаланған. Бұл туралы Таласбек Әсемқұлов «Көшпелі өркениеттің құпия миссиясы» мақаласында: «ХХ ғасырға дейін қазақтар сахараның алтын тамырлы өзендері жайында жақсы хабардар болған. Олар алтынды төмендегідей амалмен өндірген: жаздың басында өзеннің табанына кептірілген, жүні қалың қой терісін төсеп, ауыр тастармен бастырып кетеді. Біраз уақыт өтіп, судың беті көпірши бастағанда жидіген теріні судан алып қайыра кептіреді. Содан соң терінің жүнін қырқып алып отқа жағады. Осы операциялардың нәтижесінде бір теріден кейде баланың жұдырығындай, кейде бір тайтұяқ алтын түседі екен. Әрине, бұл қоспасы бар алтын, кейіннен ұстаға, зергерге беріледі, саф алтынға айналдырылады. XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақтар керек болғанда мұндай алтынды орыстың алтын приисктеріне өткізіп, орнына ақша алатын болған», деп жазады. Ал, күзем қырқу уақыты көп жағдайда тамыз айында басталады. Себебі, көктемгі жабағы жүні қырқылған қойдың жүні өсіп жетілгенше үш-төрт ай уақыт кетеді. Тамыз айында қырқылған қойдың жүні қыстың суығы басталғанша, тағы өсіп алады. Қой қырқу, киіз басу барысы жапалы болғанымен, оның да өзіндік жыр-думаны, қызықты сәттері болады. Ендігі кезекте осы киіз басу жолдарын рет-ретімен баяндайтын боламыз. Қазақта «асар» деген салт бар. Бүгінгі күні айтылып жүрген еріктілер деген ұғымның түп атауы. Қой қырқатын үй иесі арнаулы бір күнді белгілеп, қой қырқу үшін ауыл азаматтарын асарға шақырады. Ер жігіттердің қол қарымы мен ептілігі сыналатын ашық майдан. Қой қырқудан жарысқа түседі. Кім көп қырықса, оған үй иесі сый-сыйапат дайындап, құрмет білдіреді. Ауылға аты мәлім қырқымшы деген атағы бар жігіттер де болады. Олар күніне жүзден астам қой қырқып, көзге түскендер. Әдетте, қоралы қой тез қырқылып бітуі үшін қой қырқу асарына осындай жігіттерді арнайы шақырады. Қой қырқылып болған соң, енді жүн сабау кезеңі басталады. Жүн сабау деп, тал-тал болып жүрген күзем жүнді майдау, шаң-тозаң, шөп-шалаң, қиыршық ұсақ тас, топырақтан ажырату әдісі. Жүн сабау үшін, көп жағдайда саусақтың жуандығындай ырғай ағашын пайдаланады. Күні бұрын ырғай ағашының түзу, бұтағы азын талдап, қиып алып, қабығын аршып, көлеңкеде кептіреді. Кепкен ырғай ағашы әрі жеңіл әрі берік болады. Жүн сабау үшін тағы бір керекті зат – тулақ. Қазақта «Ер арыса аруақ, ат арыса тулақ болады» деген мақал бар. Тулаққа көп жағдайда сиырдың терісін пайдаланады. Илеп, қайыс ретінде пайдалануға жарамайтын ірі қара терісін, төрт пұшпағынан керіп, байлап кептіреді. Қатты болып кепкен тері жүн сабауға ерекше септігін тигізеді. Жүн сабау үшін ауылдың қыз-келіншектерін асарға шақырады. Жиналған жүн сабаушылар, тулақты айнала, дөңгеленіп отырады. Осы жерде «Тулақ шашу» салты істеледі. Қазақ әрбір іс-шараның басталар алдында шашу шашуды өте маңызды санаған. Жақсы тілек, жақсы ниеттен туған салт. «Тулақ шашу» салты да іске сәттілік тілеп, жүн сабаудың басталғанын білдіру болып табылады. Жүн сабалып, дайын болған соң, жүннің аз көптігіне және басатын киізінің көлеміне қарай ши өлшеніп, түзу, жазық жерге жайылады да, үстіне сабалған жүн салынады. Көп жағдайда киізді ақ шимен басады.
Алдымен шидің үстіне бір қабат жүн салынып, сабаумен ақырын-ақырын сабап, шидің бетімен бірдей етіп жайып шығады. Бұны «шабақтау» деп атайды. Ендігі кезекте шабақталып болған жүннің үстіне, басатын киізі текемет болса – шымқай қара жүн, ал ақ кесек киіз болса – аппақ жүнді қолмен тартып шығады. Жүн тартылып болған соң, тегістеу тәсілі қолданылып, шиді орап, ақырын-ақырын ырғап, киіздің тегіс формасын жасайды. Содан соң шидің орамын жайып, шет-шетін тегістейді. Ақ кесек киіз болса, бетіне жылы су сеуіп, шиді қайта орап, арқанмен белін мықтап буып, тебу (берік болу үшін шиді дөңгелету тәсілі) барысы басталады. Ал басатын киіз текемет болса, ол басқаша болады. Шымқай қара жүннің үстіне түр салады. Қазақ қара өлеңдеріндегі:
Текеметтің түріндей-ай,
Алма ағаштың бүріндей-ай.
Өтіп дәурен бара жатыр,
Сізбен-бізге білінбей-ай, – деп келетін жолдарындағы текемет түрі. Түрді «талдырма» деп атап, күн бұрын дайындайды. Ол үшін жүнді шиге орап, біраз уақыт ырғап-ырғап, жүнді бір-бірімен біріктіреді. Содан кейін қызыл, сары, көк, жасыл реңдерге бояп, оюшы шебер әйелдерге ойдырады. Түрдің қанық бояуы, әдемі ойылуы текеметті көрген жанның көз жауын алардай көрікті етіп көрсетеді. Текеметтің ортасына көп жағдайда сахара көрінісін, табиғат құбылыстарын, төрт түлік малдың нысанын білдіретін қошқар мүйіз, түйе табан, толқын іспетті өрнектер салынса, ал шетіне ара жүзі формасындағы өрнектер салады. Негізінен текеметтің түрінің оюы, киіз бетіне салуы шебердің ойлау жүйесімен ою ерекшелігіне қарай әртүрлі болады. Көп жағдайда бір-біріне ұқсатпауға тырысады және оюшы атағын шығару үшін әр шебер барынша көрші-қолаңның текеметінде жоқ оюлар салуға тырысады. Текеметтің бетіне түр салынып болғаннан кейін, ыстық суды сыпыртқы немесе басқа затпен сеуіп шығады. Су шашырап шашылмаса жүн мен түрдің реттілігі бұзылады. Су себіліп, ши оралып болған соң, шидің сыртын арқанмен мықтап таңады да, дөңгелетіп тебеді. Киіз басудағы ең қиын жұмыстың бірі осы – тебу. Киіз тебу үшін қарымды, мығым жігіттер керек. Киіз жақсы тебіліп, әбден иі қанып, жүндер бір-біріне кірігіп жабысса, киіз соншама жақсы болады. Жер жазық болса шиге оралған киізді ұзақ аралыққа тебеді. Киіз теуіп жүріп көрші үйге дейін алып барады. Киіз теуіп шаршап, шөлдегендер аз болса да демалу үшін, көрші үйге жақындағанда «қой басты, қой басты» деп айғайлайды. Көрші үй киіз тебушілерге сусын, кей жағдайда тамақ береді. Бұны қазақ халқы «Қой басты» дәстүрі деп атайды. Қазіргі күні кейбір адамдар «Шаң басар» салты мен «Қой басты» салтын шатастырып жатады. Ал екеуі мүлде екі бөлек салт. «Шаң басар» салты, құдалық кезінде істеледі. Қыз алатын жақ, қыз беретін жақтың үйінің маңайынан көшкен кезде я басқа уақытта қой айдап өткенде, батыл, адуынды әйел шығып: «Құдалар ауылды шаңдатты ғой», деп, қой арасынан бір қой ұстап алады. Осы салтты «Шаң басар» деп атайды. Киізді әбден теуіп болған соң, шиден шығарып, білектейді. Білектеу деп, киізді шиыршықтап орап, білекпен басып шығуды айтады. Қатар-қатар отырған киіз білектеушілер киізді жұлқа тартып, тізесінен жоғары шығарып барып, қайта тастап, киіз үстіне білектерін басып нықтайды. Бұл киіздің шымырлығын тіпті де арттырып, жиектерінің жемтірлігін жоғалтады. Олпы-солпы киіздің жинақталуына пайдасы көп. Білектеп болған соң «қарпу» тәсілі басталады. Киіз қарпығанда киізді ұзыннан қабаттап, екі ұшын түйістіріп, жіппен тігіп алып, дөңгеленіп отырған адамдар киіздің қырынан ұстап алып, өзінен кейінгі адамның алдына қарай серпіп лақтырып отырады. Қанша адам отырса, сонша адам бірдей бір уақта ұстап сілкіп отырады. Ішін ала ұстап, сыртына қарай айналдырып шығады. Киіздің кірікпеген қылшықтары абден түсіп, бейне, дөңгелек қазан формасына келеді. Киізді қарпу тәсілі әдетте көп айтылатын, қарпып ұстады, кезі келгенде қарпып қалды деп айтылатын сөздерден шыққан болуы бек мүмкін. Қарпу барысы аяқтаған соң, тіккен жіптерін сөгіп, киізді білектеген сияқты тағы білектейді. Бұны «ұзындау» деп атайды. Бірақ, білектеуден айырмашылығы белін арқанмен шандып байламайды және киізді бір жолда бірақ орамайды. Аздан-аздан орап, білектей отырып, басына шығады. Ұзындауға көп уақыт кетпейді. Ұзындау арқылы киіздің енінен ұзындығы едәуір артып, тік төртбұрыш формасына келеді. Ұзындау тәсілі аяқталған соң, киізді кірлейді. Киізді қос қабаттап бүктеп белін бір жерден буып алады, да, ағып жатқан таза судың қасына апарып, су құяды. Киізді қабаттаған кезде, тұйық және ашық жағы болады. Кірлеу барысында суды негізінен тұйық жағынан құяды. Жүннің шуашы, жабысқан қоқсық және басқа нәрселері сумен ағып, киіз тап-таза болады. Текемет көп кірлемейді, себебі түрінің бояғы ағып кетеді. Ал ақкесек киіз өте көп кірлейді. Қазақ халқының күзде және қыста тігетін киіздері кірлемейді. Тіпті олардың жылы болуы үшін, ыстап, қарайтады. Сондықтан да жазда тігетін үйлердің киізі ғана кірлейді. Кірленген киіз ағарып, ажарланып көрінеді. Кірлеп болған соң, күнге жайып кептіреді. Кепкен киізді үйдің ішіне салып, пайдалана береді. Текеметті 15-20 күн үйге салған соң, қайта бір пісіреді. Бұл кезде тек білектеу тәсілі ғана қолданылады. Ыстық суды құйып, білектеп, шымырлығын арттырады. Пісіріліп болған соң, киіз басудың барлық тәсілі аяқтайды.
Басылып болған ақкесек киізден киіз үйдің туырлығын, үзігін, түңлігін, сонымен бірге ат жабдығы – тоқым-ішкілік, пима деп аталатын жылы аяқ киім тіккен. Бұл ақкесек киіздің көп және ірі көлемде пайдаланылуы. Керекті ұсақ-түйек заттарға да ыңғайларына қарай, өлшеп тігіп отырған. Ал текеметті астыдан суық өтпеу үшін үйдің ішіне салған. Қазақ ұлты төрт түлік малдың жүні, терісінен тартып, бәрін шикізат ретінде пайдаланған. Алтын өңдеу тәсілінен, күнделікті тұрмысында пайдаланатын заттарына дейін, төрт түлікті танып, біліп, зерттеп, өз ыңғайына қарай істеткен. Демек қол жетімді нәрседен керексіз зат шығармаған. Ал киіз басудың өзі көптеген барыстардан өтетін, жапалы және қызықты жұмыс екені белгілі жайт. Бүгінгі күні заман талабына сай, қой жүнін мәнерлеп, пайдалана білсе, ауыл шаруашылығының дамуы мен мәдениетіміздің өркендеуіне үлкен септігін тигізері анық еді.
Қуанәлі АЛМАСБЕКҰЛЫ,
Шелек тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі.
