Ақпарат жабық болса, сенім қайдан қалыптасады?
Бүгінде құқық қорғау органдары мен халық арасындағы сенімді нығайтудың маңызды тетіктерінің бірі – бұқаралық ақпарат құралдары. БАҚ тек ақпарат таратушы ғана емес, қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы алтын көпір қызметін атқарады. Әсіресе полиция қызметінің жұмысы халыққа ашық әрі түсінікті болуы үшін журналистермен тұрақты байланыс орнатудың маңызы зор.
Соңғы жылдары құқық қорғау органдарының ашықтығын арттыру, қоғаммен тиімді диалог қалыптастыру мәселесіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Өйткені азаматтардың полицияға деген сенімі көбіне олардың қызметі туралы қандай ақпарат алып отырғанына байланысты қалыптасады. Ал бұл жерде журналистердің рөлі айрықша.
Өкінішке қарай, Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасының бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысы көңіл көншітпейді. Көп жағдайда журналистер қандай да бір мәлімет сұраған кезде аудандық полиция басқармасы тікелей ақпарат берудің орнына Алматы облыстық полиция департаментіне немесе ондағы баспасөз қызметіне жүгінуді ұсынады. Әрине, ресми ақпараттың бірыңғай ақпараттық саясат аясында берілуінің өзіндік себептері болуы мүмкін. Дегенмен жергілікті жерде атқарылып жатқан жұмыстар туралы толық әрі жедел ақпаратты сол жұмысты ұйымдастырып отырған аудандық басқарманың өзі бере алатыны анық. Оның үстіне аудан тұрғындарын дәл аудан аумағындағы құқықтық ахуал мен атқарылып жатқан шаралар көбірек қызықтырады.
Жасыратыны жоқ, бұрындары полиция басқармасының есігі журналистерге ашық болатын. Апта сайын ауданымызда болып жатқан оқыс оқиғалар мен қылмыстар туралы ақпараттар берілетін және өңделіп газет бетіне, ақпарат ресурстарында жарияланатын. Соңғы 6-7 жылдың көлемінде полиция есігі журналистерге тарс жабылып, байланыс үзілді. Айтатындары бір-ақ сөз: «Облыстық департаментке хатпен шығыңыз». Иә, хат арқылы ақпарат сұрату қиын емес, бірақ оның «жыры» қаншалықты ұзаққа созылатынын әсіресе журналистер қауымы жақсы біледі.
Құқық қорғау саласында ашықтық салтанат құрған «Әділетті Қазақстанда» бұндай бюрократияның кімге қажет екенін түсіне алмадық. Тіпті, тәртіп сақшыларының төл мерекесінде аудандағы крмининогендік жағдай бойынша сұхбат жасаудың сәті түспеді. Қызметін адал атқарып, елдің алғысына бөленіп жүрген полицейлерді газет бетіне шығаруға да мүмкіндік болмады. «…Офицерлердің арасында кәсіби білікті, антына адал азаматтар көп. Сондай қызметкерлер өзгелерге, әсіресе, жастарға үлгі-өнеге көрсетуде. Осындай үздік қызметкерлерді қолдау қажет. Ерлік көрсеткен офицер, сержанттар туралы жұрт білуге тиіс. Бұл – біздің тиісті министрліктің және жалпы бұқаралық ақпарат құралдарының міндеті. Өздеріңізге мәлім, мемлекет ішкі істер органдарының жұмысын әрдайым жоғары бағалайды», – деген еді Президент Қ.Тоқаев бір сөзінде. Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындау үшін де облыстық департаменттің рұқсаты қажеттігін біз білмеппіз.
Осы жолы да үмітімізді үзбей, аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне қоңырау шалып, өзімізді таныстырып, қабылдау бөлімінің нөмірін ала алмадық, құпия екен. Іргемізде орналасқан басқармаға бардық, кезекші полицей басшылыққа шықты, басшылық кадр бөліміне жіберді. Кадр басшысы басқарма бастығына қоңырау шалып, құлағымыз үйренген «Департаментке хабарласып, баспасөз хатшысынан рұқсат сұраңыз» деген сәлемдемесін жеткізді…
Неге екені белгісіз, тәртіп сақшылары журналистерді көргенде кірпідей жиырыла қалады. Ал біздің мақсатымыз – әлеуметтік желідегі оңды-солды таралған ақпаратпен сусындаған қоғамға дұрыс әрі нақты ақпарат ұсыну, яғни қоғамды адас-тырмау.
Бұл тұрғыда Шелек полиция бөлімінің тәжірибесін атап өткен жөн. Аталған бөлім басшылығы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнатып, өткізілетін іс-шараларға журналистерді шақырып, профилактикалық жұмыстарды кеңінен насихаттауға мүдделі. Мұндай ашықтық бір жағынан полиция жұмысының жариялығын қамтамасыз етсе, екінші жағынан тұрғындардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыруға ықпал етеді. Осы тұста шелектік тәртіп сақшыларының ұпайы түгел.
Шын мәнінде, полиция мен халықтың арасындағы көпірді нығайту үшін қосымша механизм ойлап табудың қажеті жоқ. Ол көпір әлдеқашан бар. Ол – бұқаралық ақпарат құралдары. Ең бастысы, сол көпірді шелектік полицейлер секілді тиімді пайдаланып, қоғаммен ашық әрі тұрақты байланыс орната білу керек. Өйткені ашықтық бар жерде сенім болады, ал сенім – құқық қорғау жүйесінің ең басты капиталы.
Сардарбек НҰРАДИН.
