+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Өнер мен өнегені ұштастырған ардагерлер

Өткен аптада Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай, Алматы облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ерболат Тұрымбетовтың қолдауымен «Отты жылдар жырлары» атты әскери-патриоттық әндерден ардагерлер арасында  облыстық байқау ұйымдастырылды.

Аталған шараның басты мақсаты –  ардагерлердің белсенді  өмір салтын қолдау, саламатты өмір салтын насихаттау, патриоттық рухты дәріптеу және соғыс жылдарындағы ерлік пен елдік тарихын кейінгі ұрпаққа жеткізу.  Байқау барысында әскери-патриоттық әндерді орындаған ансамбльдер мен жеке әншілер көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар, шахмат сайысы ұйымдастырылып, қатысушылардың ой-өрісі мен зияткерлік қабілеттері де сынға түсті. Бұл байқау ардагерлердің тек өнерде ғана емес, қоғамдық өмірдің түрлі саласында белсенді екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Аталған ауқымды іс-шарада Еңбекшіқазақ ауданының намысын Қырбалтабай ауылындағы  «Асыл әже» ардагерлер ансамблі қорғады. Ансамбль мүшелері сахнада жоғары деңгейде өнер көрсетіп,  әскери  жылдардың  әндерін әсерлі орындады. Көрермендердің зор қошеметіне ие болған ұжым марапатталды.

Осындай игі шараға қатысуға мүмкіндік жасап, аудан ардагерлеріне жан-жақты қолдау көрсеткен Еңбекшіқазақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұман Мықыбаевқа қатысушылар ерекше ризашылықтарын білдірді. Айта кету керек, мұндай мәдени-рухани шаралар ардагерлердің қоғамдағы белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың өмірлік тәжірибесін, өнегелі жолын жас буынға насихаттауға үлкен мүмкіндік береді. Бүгінгі ардагерлер – ел бірлігі мен татулығының, еңбекқорлық пен отанүсйгіштіктің жарқын үлгісі. Сондықтан олардың қатысуымен өтеті байқаулардың тәрбиелік мәні зор. Бұл игі бастама  болашақта да жалғасын тауып, ардагерлердің өнері мен қоғамдық белсенділігіне жаңа серпін беретіні сөзсіз.

Жанерке САТЫБАЛДЫ.