+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

Қарқарада қайта түлеге рух

Қарқара… Бұл атауды естігенде көз алдыңа ең алдымен көк майса жайлау, еркін самғаған қыран, жусан аңқыған кең дала келеді. Бірақ Қарқара – табиғаттың ғана емес, тарихтың да мекені. Бұл жерде ұлттың тағдыры таразыланды, елдің ертеңі сөз болды, азаттықтың алғашқы үні естілді. Сол қасиетті мекенде өткен демалыста тағы бір тағылымды басқосу өтті. Қымыздың қасиетін ұлықтаған «Қымызмұрындық-2026» мерекесі мен Жетісудың көрнекті тұлғасы, абыз Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығына арналған тағылымды шара мыңдаған адамның басын қосып, ұлттық рухты асқақтатқан үлкен мерекеге айналды. Ауқымды шараға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері және Қазақстанның әр өңірінен, сондай-ақ шетелден келген қонақтар қатысты.

Тарихи өлкенің төсінде өткен биылғы мерекенің ауқымы да бұрынғы жылдардан өзгеше болды. Қарқараға Қазақстанның барлық өңірлерінен ғана емес, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Түрікменстан және Қарақалпақстаннан келген меймандарды қоса есептегенде 35 мыңға жуық адам жиналды. Бұл – қымызмұрындықтың бір ауданның емес, халықаралық деңгейдегі этномәдени фестивальге айналып келе жатқанын аңғартатын нақты көрсеткіш.

Жайлауға таң қылаң бере ағылған көліктер легі бірнеше шақырымға созылды. Қарқараның көкорай белі ертелетіп-ақ адам қарасына толды. Бұл көрініс халықтың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығының артқанын байқатты. Бір кездері ұмыт бола бастаған қымызмұрындық бүгін мыңдаған адамның басын қосатын үлкен рухани алаңға айналған. Биылғы шараның ерекшелігі – қымызмұрындықтың абыз баба Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығымен сабақтастырылуы болды. Бұл кездейсоқ таңдау емес. Әлмерек баба – Жетісу жұртын бірлікке үндеген, ел тағдырын ойлаған тарихи тұлға. Сондықтан қымыз тойын ұлт руханиятының үлкен мерекесімен ұштастырудың өзіндік символдық мәні бар. Өйткені қазақ үшін қымыз – жай ғана сусын емес, береке мен бірліктің белгісі болса, Әлмерек баба – сол бірліктің темірқазығы болған абыз.

Фестивальдің ашылуында ұйымдастырушылар қымызмұрындықтың ендігі жерде тек дәстүрді жаңғыртатын мереке ғана емес, Алматы облысының мәдени-туристік брендіне айналуы тиіс екенін атап өтті. Бұл жөнінде облыстық ішкі саясат басқармасы да мәлімдеп, фестивальдің бас-ты мақсаты ұлттық мұраны дәріптеумен қатар, Қарқара өңіріне этнотуризмді дамыту екенін жеткізді.

Жиында Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді. Оның айтуынша, Президент ұлттық мұраны сақтау мен дәстүрді дәріптеуге бағытталған осындай тағылымды шараларға ерекше мән береді.

– Қазақ даласындағы әрбір салт-дәстүрдің терең тәрбиелік мәні бар. Бабалардан жеткен осы аманатты сақтап, заман талабына сай жаңғырту – баршамызға ортақ міндет. Бүгінде қымыз өндірісінде жаңа технологиялар енгізіліп, ұлттық өнімді сақтау мен әлемдік нарыққа шығару мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Бұл – дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімінің айқын көрінісі, – деді Мәлік Отарбаев.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев «Қымызмұрындық» фестивалі биыл республикалық маңызы бар мәдени іс-шаралар күнтізбесіне енгізілгенін айтты.

– Бұл – Кеген ауданының ғана емес, тұтас Алматы облысының рухани-мәдени келбетін айшықтайтын әрі өңірдің туристік тартымдылығын арттыратын маңызды жоба. Қарқара – қазақ тарихындағы қасиетті мекендердің бірі. Сондықтан мұндай мерекенің дәл осы жерде дәстүрге айналуы заңды, – деді облыс әкімі. Марат Елеусізұлы Мемлекет басшысы ұлттық тарихты жаңаша зерделеуге ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, ұлттық құндылықтарды дәріптеу – елдік сананы нығайтудың маңызды тетігі.

Әкімнің мәліметінше, өткен жылы Алматы облысына 2,5 миллионнан астам турист келген. Бұл өңірдің табиғи әлеуеті мен тарихи-мәдени мұрасына деген қызығушылықтың жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетеді. Көлсай мен Қайыңды көлдері, Шарын шатқалы, Хантәңірі бөктері және Қарқара жайлауы бүгінде Қазақстанның ғана емес, халықаралық деңгейде танылған туристік бағыттарға айналған. Турис-тер санын көбейту ғана емес, олардың өңірдің табиғатын, тарихын және мәдениетін терең танып қайтуына жағдай жасау, экотуризмді дамытуға ерекше басымдық беру – басты мақсат екенін атап өтті облыс басшысы.

Бір қызығы, биылғы мереке тек концерттік бағдарламамен шектелген жоқ. Қарқараның кең жазығында қазақтың көшпелі өмірін сахна-лаған театрландырылған көріністер қойылып, көрерменді бірнеше ғасыр бұрынғы өмір салтына жетеледі. Көштің көшуі, бие байлау, саба пісу, ақсақалдардың бата беруі – мұның бәрі жай көрініс емес, ұлттың тарихи жадының тірі бейнесіне айналды. Көпшілік әсіресе қымызмұрындық рәсімінің сахналануын ерекше ықыласпен қабылдады. Өйткені бүгінгі жастардың көбі бұл дәстүрді кітаптан ғана оқығанымен, оның қалай өтетінін көзбен көре бермейді. Сонымен қатар қонақтарға қымыздың жиырмадан астам түрі ұсынылып, әр өңірдегі қымыз дайындау ерекшеліктері көрсетілді. Бұл тек дәм татқызу емес, ұлттық тағам мәдениетін ғылыми әрі мәдени тұрғыдан таныстырудың үлгісі болды.

Қарқара төріндегі думанның ең көп көрермен жинаған сәттерінің бірі – «Жолан жүйрігі» республикалық аламан бәйгесі болды. Еліміздің әр түпкірінен келген тұлпарлар бақ сынап, бәйге алаңы ұлттық рухтың нағыз көрінісіне айналды. Жылқыны жеті қазынаның бірі санаған халық үшін бұл жарыс жай спорт емес, ата дәстүрдің жалғасы екенін жұртшылық тағы бір мәрте сезінді.

Биылғы фестиваль «Таза Қазақстан» тұжырымдамасымен ұштасты-рылды. Мыңдаған адамның қатысуына қарамастан, табиғатқа жанашырлық таныту, жайлаудың тазалығын сақтау басты талаптардың бірі болды. Бұл – ұлттық мұраны дәріптеу туған жердің табиғатын қорғаумен қатар жүруі тиіс деген ұстанымның нақты көрінісі.

Қарқарадағы бұл мереке бір маңызды мәселені тағы бір мәрте дәлелдеді. Қазақтың салт-дәстүрі музейдің төрінде тұратын жәдігер емес. Ол өмір сүріп тұрған кезде ғана құнды. Егер қымызмұрындықты мыңдаған адам бірге тойласа, жастар бие байлау дәстүрін көзбен көрсе, алыс-тан келген қонақ қазақтың қонақжайлығына тәнті болса, онда дәстүр өзінің өміршеңдігін жоғалтпағаны.

Мереке аясында Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығына арналған құран бағышталып, ас берілді. Сонымен қатар ұлттық спорт түрлерінен республикалық жарыстар ұйымдастырылып, балуандар мен шабандоздар өзара мықтыны анықтады. Қонақтар этноауылды аралап, ұлттық қолөнер көрмесін тамашалап, қымыздан дәм татты.

Соңғы жылдары қымызмұрындықтың ауқымы кеңейіп келеді. Былтырғы      фестивальге бірнеше мың адам жиналса, биыл қатысушылар саны 35 мыңға жуықтады. Бұл көрсеткіштің өзі ұлттық құндылықтарға деген қоғамдық сұраныстың артқанын аңғартады. Бұрын тек ауыл арасындағы думан ретінде қабылданған мереке бүгінде елдік деңгейдегі мәдени оқиғаға айналып отыр. Қарқара төрінде өткен биылғы басқосудың басты жетістігі – оның өткенді еске алумен ғана шектелмегенінде. Бұл мереке ұлттық дәстүрді қазіргі заманның сұранысымен сабақтастыра білді. Туризмді дамыту, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру, жастардың тарихи санасын қалыптастыру, ұлттық мәдениетті халықаралық деңгейде таныту сияқты бірнеше мақсат бір алаңда тоғысты.

Қазақтың «Береке – бірлікте» деген сөзі бар. Қарқарадағы қымызмұрындық дәл осы сөздің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Әлмерек бабаның елді ынтымаққа үндеген аманаты мен ата-бабадан жеткен қымызмұрындық дәстүрі бір арнаға тоғысып, мыңдаған адамның жүрегінде ұлттық рухты қайта жаңғыртты. Осындай мерекелердің қадірі де осында. Олар өткенді сағындыру үшін емес, өткеннің өнегесін бүгінгі ұрпақтың бойына сіңіру үшін қажет.

С.НҰРАДИН.