
Сала саңлағы
Су – тіршіліктің нәрі. Ал сол судың ел игілігіне тиімді әрі үздіксіз жетуін қамтамасыз ететін мамандардың еңбегі көп жағдайда көзге көріне бермейді. Осы тұста ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «ҚАЗСУШАР» мекемесі Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы филиалының инженер-гидрометрі Қайратхан Құтбанова туралы айта кетуді жөн көрдік.
Су шаруашылығы – Қайратхан Құтбанова үшін жай ғана мамандық емес, атадан жалғасқан кәсіп. Нағашы атасы Ниетжан Байжігітов, әжесі Қайша Байжігітова және нағашы ағасы да осы салада қызмет еткен. Бала кезінен үлкендерге еріп, су өлшеу жұмыстарына қатысып өскен Қайратхан табиғатпен етене байланысты осы мамандықты саналы түрде таңдаған. Бүгінде инженер-гидрометрдің еңбек өтілі – 41 жыл. Инженер-гидрометрдің негізгі міндеті – суару маусымында шаруашылықтарға судың уақытылы жетуін қамтамасыз ету, су деңгейін бақылап, оның есебін жүргізу. Бұл үлкен жауапкершілік пен тәртіпті талап ететін жұмыс екені анық. Қайратхан Құтбанованың айтуынша, әйел адам үшін отбасы мен жұмысты қатар алып жүру оңай болмаса да, табандылық пен еңбекқорлықтың арқасында барлық қиындықты еңсеруге болады.
Кейіпкеріміздің қызмет жолында есте қалған оқиғалар да аз емес. Соның бірі 1996 жылы болған. Сол уақытта Талды каналында су жоғалып, басшылық қысқа уақыт ішінде оның себебін анықтауды тапсырады. Қалың шөп басқан, қараусыз қалған гидропосттарды аралап, әріптестерімен бірге бірнеше сағат бойы іздеу жүргізген мамандар кеш батқанша жоғалған судың орнын анықтайды. Алғашында жұмыстың кеш аяқталғаны үшін ескерту алғанымен, нақты нәтиже көрсеткеннен кейін олардың еңбегі бағаланып, әділ шешім қабылданған.
Қайратхан Құтбанованың көп жылғы адал еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланған. Атап айтқанда, «Су шаруашылығының үздігі» төсбелгісімен, III дәрежелі «Еңбек даңқы» медалімен марапатталған және «Су шаруашылығының ардагері», «Құрмет» орденінің иегері. Қазіргі таңда бұл салада оң өзгерістер көп екенін айтқан маман, жас кадрларға да түрлі мүмкіндіктер мен ыңғайлы жағдайлар жасалғанын атап өтті.
