
Адал еңбек арнасы
Су шаруашылығы – ел дамуы үшін аса маңызды, жауапкершілігі мол сала. Осы бағытта қырық жылдан астам уақыт бойы табанды еңбек етіп, кәсібіне адалдығымен танылған Рахымберді Төлепбергеновтің өмір жолы – көпке үлгі.
Рахымберді Төлепбергеновтің еңбек жолы 1977 жылы мектеп бітіргеннен кейін Алматы гидромелиорация техникумына оқуға түсуден басталған. 1984 жылдан бастап Үлкен Алматы каналы пайдалану басқармасында және Бартоғай су қоймасында су реттеуші болып қызмет атқарды. Еңбекпен қатар білімін де жетілдіріп, 1985 жылы Жамбыл гидромелиорация институында жоғары білім алады. Көп жылғы еңбек жолында техник-гидротехник, инженер-гидротехник, бөлім басшысы секілді жауапты қызметтерді атқарған. Ол Қазақстанның көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың бастамасымен жүзеге асқан Үлкен Алматы каналы сияқты стратегиялық маңызы бар жобаның бір бөлшегі болғанын үлкен мақтанышпен еске алады.
– Біздің буын еңбекақының көптігіне емес, мамандыққа деген сүйіспеншілікке арқа сүйеп, еңбек етті. Ата-анамыз адал еңбек етуге тәрбиеледі. Сондықтан қандай қиындық болса да мойыған жоқпыз, – дейді сала ардагері.
Ардагердің айтуынша, соңғы жылдары су шаруашылығы саласында оң өзгерістер көп. Мамандардың еңбек жағдайы жақсарып, арнайы жұмыс киімдері мен жаңа техникалар берілуде. Сонымен қатар сала қызметкерлерінің жалақысы бірнеше мәрте өсіп, еңбек адамына деген қолдау күшейген. Айта кету керек, еңбек ардагері 2023 жылдың қазан айында мемлекеттік «Құрмет» орденімен марапатталған.
Жанерке САТЫБАЛДЫ.
