+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Денсаулық

Жіті ішек жұқпалары, алдын алу мен сақтық шаралары

Жіті ішек жұқпалары (инфекциялары) –дегеніміз бұл бактериялар, вирустар, қарапайымдылар тудыратын және балалар мен ересек адамдарда ішек қызметінің бұзылуымен (диарея) сипатталатын жіті жұқпалы ауру. Ішек жұқпасы әлемде ең көп таралған инфекциялардың қатарына жатады. Жіті ішек жұқпалары жыл бойында айналымда болады,  ал негізгі бас көтеретін мезгілі жаз, күз айлары болып есептеледі. 

      Инфекция қоздырғышы адам ағзасына ауыз арқылы еніп, ары қарай ішекте өсіп жетіледі де, микробтары нәжіспен ілесіп сыртқы ортаға тарайды. Инфекция жеке бас тазалығының сақталмауынан, жуылмаған көкөністерден, тиісті термикалық өңделмеген, сапасыз, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тағамдар пайдаланғаннан, сондай-ақ, сапасыз ауыз суды пайдалану нәтижесінде жұғады.

  Жіті ішек инфекциясына тән клиникалық белгілерге: аурудың жедел, кейде аяқ-астынан басталуы, дене қызуының көтерілуі, уыттану белгілері (интоксикация).  Әр түрлі деңгейде ас қорыту жолының зақымдалу белгілері (гастрит, энтерит, колит) мен ағзаның сусыздану белгілерімен өтеді.  

    Жіті ішек инфекциялық аурулардың алдын алу шаралары:

     — жеке бас гигиена ережелерін сақтау;   

     -көкөніс, жеміс-жидектерді пайдаланар алдында ағынды судың астында мұқият жуып, қайнаған сумен шайқау;

     — қоғамдық орындарда болғаннан қолды міндетті түрде сабындап жуу;

     — шикі сүтті міндетті түрде қайнатып ішу;

     — тез бұзылатын және дайын тамақтарды тоңазытқышта сақтап, егер сақтауға мүмкіндік болмаса сатып алған күні пайдалану;

     — шикі және дайын өнімдерді бір бірінен бөлек жеке ыдыста сақтау;

     — егер дайын тамақ келесі күнге қалатын болса, оны пайдаланар алдында қайнатып немесе қуырып, пайдалану;

     — шикі және дайын өнімдерді (ет, сүт, көкөніс және жеміс-жидектерді) пісіріп пайдалану;

     — қала сыртына демалуға шыққан кезде кездейсоқ су көздерінен су ішпеу және ыдыс жумау;

     — суға тек арнайы белгіленген орындарда ғана түсу.

    Есте сақтаған жөн — жай ғана ішектің қалыпты жұмысының бұзылуынан пайда болып басталған ауру, өте қауіпті асқынуларға (қатты қан кетуге, ағзаның сусыздануына, тіпті өлім-жітімге де) әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондықтан, өзін-өзі, әсіресе кішкентай баланы емдеуге мүлдем болмайды.    

     Аурудын алғашқы белгілері біліне бастағаннан-ақ, бірден медициналық көмекке жүгініңіздер!

Еңбекшіқазақ аудандық СЭББ

басшысы М.Азербаев