Органикалық өнімдерді әдеттегі өнімдерден қалай ажыратуға болады?
Соңғы жылдары халық арасында органикалық өнімдерге деген сұраныс артып келеді. Дегенмен сауда орындарында «эко», «био», «табиғи» деген жазулары бар өнімдердің барлығы бірдей органикалық өнім болып саналмайды. Осыған байланысты тұтынушылардың органикалық өнімді дұрыс таңдап, оның ерекшеліктерін ажырата білуі маңызды.
Органикалық өнім – арнайы талаптарға сәйкес өндіріліп, тәуелсіз сертификаттаудан өткен ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімі. Мұндай өнімді өндіру барысында синтетикалық пестицидтер, минералдық тыңайтқыштардың белгілі бір түрлері, өсу стимуляторлары, генетикалық түрлендірілген организмдер (ГМО) және басқа да химиялық заттарды қолдануға қатаң шектеулер қойылады.
Органикалық өнімді сатып алу кезінде ең алдымен қаптамасындағы таңбалауға назар аудару қажет. Нағыз органикалық өнімнің қаптамасында оның органикалық стандарттарға сәйкестігін растайтын арнайы сертификат немесе сәйкестік белгісі болуы тиіс. Ал тек «табиғи», «эко» немесе «био» деген жазулар өнімнің органикалық екенін автоматты түрде дәлелдемейді.
Сонымен қатар өнімнің құрамымен, өндірушісі туралы мәліметтермен, шығарылған күнімен, жарамдылық мерзімімен және сақтау шарттарымен мұқият танысқан жөн. Қаптамасы бүлінген, таңбалануы толық емес немесе жарамдылық мерзімі өткен өнімдерді сатып алудан бас тартқан дұрыс.
Тұтынушылар азық-түлік өнімдерін ресми сауда орындарынан сатып алып, олардың қауіпсіздігін растайтын құжаттардың болуына назар аударғаны жөн. Бұл сапасыз немесе қауіпсіздігіне кепілдік берілмейтін өнімдерді тұтыну қаупін төмендетеді.
Органикалық өнімдерді таңдау бойынша мынадай ұсыныстарды есте ұстаған жөн:
— азық-түлік өнімдерін тек заңды және сенімді сауда орындарынан сатып алыңыз;
— өнімнің қаптамасындағы таңбалау мен сертификаттау туралы ақпаратты мұқият оқыңыз;
— жарамдылық мерзімі мен сақтау шарттарын міндетті түрде тексеріңіз;
— шығу тегі белгісіз немесе таңбалануы талаптарға сәйкес келмейтін өнімдерді сатып алмаңыз;
— өнімнің сапасына күмән туындаған жағдайда оны тұтынудан бас тартыңыз.
Сапалы әрі қауіпсіз азық-түлік өнімдерін таңдау – әрбір азаматтың денсаулығын сақтаудың маңызды кепілі. Санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау және өнімді саналы түрде таңдау арқылы өзіңіздің және отбасыңыздың денсаулығын қорғауға үлес қоса аласыз.
Құрметті тұрғындар — азық-түлік өнімдерін сатып алу кезінде қырағылық танытуға және қауіпсіз өнімдерді таңдауға шақырамыз.
Еңбекшіқазақ аудандық СЭББ
басшысы М.Азербаев
