+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

«Әділет» партиясы қауіпсіз әрі жарық қоғамдық орта қалыптастыруды ұсынады

«Әділет» партиясының Еңбекшіқазақ аудандық сайлауалды штабы Түрген ауылында орналасқан Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлерімен кездесті.

Жүздесу барысында тұрғындардың қауіпсіздігі, құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтардың заңды құқықтарын қорғау және қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Партияның сайлауалды бағдарламасында профилактикаға, цифрлық технологияларға және қоғамның сеніміне негізделген құқықтық тәртіп моделін қалыптастыру ұсынылған.

Аулалар мен көшелерді жарықтандыру, қоғамдық орындарды абаттандыру, сондай-ақ тұрғын үйлерге жақын учаскелік полиция пункттерінің санын көбейту көзделген. Негізгі мақсат – әр азаматтың күндіз де, түнде де өзін қауіпсіз сезінуіне жағдай жасау.

Сонымен қатар, құқық қорғау органдарының Бірыңғай болжам-талдау орталығын құру ұсынылады. Бұл жүйе құқық бұзушылық қаупі жоғары аумақтарды алдын ала анықтап, профилактикалық шараларды уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында еңбек адамына жағдай жасау мәселесіне де назар аударылды. Қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ұжымға қамқорлық көрсету және әлеуметтік қолдау көрсету – жауапты бизнестің маңызды қағидаларының бірі болуы тиіс.

Кездесу соңында Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікке қатысты өз ұсыныстарын білдіріп, сайлауға белсенді қатысуға ниетті екенін жеткізді.