
«Әділет» партиясының сайлауалды штабы Еңбекшіқазақ ауданында дәрігерлердің ұсыныстарын тыңдады
«Әділет» партиясының сайлауалды штабы Еңбекшіқазақ аудандық көпбейінді орталық ауруханасының еңбек ұжымымен кездесті.
Кездесуге Алматы облыстық сайлауалды штабының мүшесі Байғоджаев Қуат Сұлтанұлы қатысып, медицина саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.
Жүздесудің негізгі тақырыбы – медициналық ақпараттық жүйелерді біріктіру, пациенттердің кезегін азайту және дәрігерлердің жұмысын жеңілдету.
Партияның сайлауалды бағдарламасында медицина ұйымдары, дәріханалар, жедел жәрдем және МӘМС деректерін біріктіретін Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін енгізу ұсынылған.
Сонымен қатар, 2029 жылға қарай халықтың кемінде 90 пайызына электрондық денсаулық паспортының қолжетімді болуы көзделген. Азаматтар өз денсаулығына қатысты негізгі ақпаратты мобильді қосымша арқылы бақылау мүмкіндігіне ие болады.
Пациенттің емханаға алғаш жүгінген сәтінен бастап маман қабылдауына, диагностикадан өтуіне және тегін дәрі-дәрмек алуына дейінгі жолын цифрлық жүйе арқылы бақылау ұсынылады.
Кездесу барысында медицина мамандары цифрландыру, медициналық қызмет көрсету сапасы және дәрігерлердің жұмысын оңтайландыруға қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды.
Жүздесу соңында медицина қызметкерлері алдағы сайлауға белсенді қатысып, азаматтық ұстаным танытатындарын жеткізді.
