+77277540900  +77002724204   enkaz.kz@gmail.com   040400, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы, Алматы көшесі, № 112.

Жаңалықтар

«Әділет» партиясы ауыл тұрғындарына баспана бағдарламаларын қолжетімді етуді ұсынады

«Әділет» партиясының сайлауалды штабы Есік қаласында аудан активімен және жергілікті тұрғындармен кездесті.

Жүздесуге Алматы облыстық сайлауалды штабының мүшесі Байғоджаев Қуат Сұлтанұлы қатысып, тұрғындармен ауылдағы баспана мәселелері мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағыттарын талқылады.

Кездесуде ауылдық жерлердегі тұрғын үй тапшылығы, жас отбасылар мен қажетті мамандарды баспанамен қамтамасыз ету, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселелері сөз болды.

Партияның сайлауалды бағдарламасында ауыл тұрғындарына қаламен бірдей тұрғын үй бағдарламаларына қатысу мүмкіндігін беру көзделген. Мемлекеттік қолдау ауылдық жерлерде жаңа үйлер салуға және тұрғын үй инфрақұрылымын дамытуға бағытталуға тиіс.

Бағдарламада ауылға қажетті мұғалімдер, дәрігерлер және басқа да мамандардың ауылда тұрақтап қалуына жағдай жасау ұсынылған. Бұл ретте баспанамен қатар мектеп, медицина, мәдениет және басқа да әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін арттыруға басымдық беріледі.

Сондай-ақ ипотеканы рәсімдеу шығындарын азайтып, құжаттарды цифрландыру арқылы баспана алу тәртібін жеңілдету ұсынылған. Мемлекеттік тұрғын үй көмегі ең алдымен баспанаға шын мұқтаж отбасыларға берілуі тиіс.

Кездесу барысында тұрғындар баспана, әлеуметтік инфрақұрылым және ауылдың тұрмыс сапасына қатысты өз ұсыныстарын білдірді.

Жиын соңында азаматтар алдағы сайлауға белсенді қатысып, өз таңдауларын жасауға дайын екендерін жеткізді.