
«Әділет» партиясы қауіпсіз әрі саламатты мектеп ортасын қалыптастыруды көздейді
Алматы облыстық сайлауалды штабының өкілдері Ақбастау ауылындағы Ақбастау орта мектебінің педагогикалық ұжымымен кездесті.
Кездесу барысында оқушылардың қауіпсіздігі, дұрыс тамақтануы, дене белсенділігін арттыру және мектепке барар жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
«Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында оқушылардың денсаулығын нығайтуға бағытталған «Саламатты мектеп» жобасын жүзеге асыру ұсынылған. Жоба аясында балалардың денсаулығын тұрақты бақылау, қозғалыс белсенділігін арттыру және дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру көзделеді.
Сондай-ақ мектеп асханалары мен аумағында ультраөңделген, денсаулыққа зиянды тағамдардың сатылуын шектеу, ұлттық спорт түрлері бойынша мектеп лигаларын кеңейту және оқушыларды спортпен тұрақты айналысуға тарту ұсынылады.
Балалардың қауіпсіздігіне қатысты мектепке барар жолдарды абаттандыру, қоғамдық орындарды жарықтандыру және құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын күшейту мәселелеріне де ерекше мән берілген.
Кездесу соңында педагогтер өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар мұғалімдер алдағы сайлау үдерісіне белсенді қатысуға ниетті екенін жеткізді.
